Жамбылдық «жасұландықтар» жарады
Жамбылдық «жасұландықтар» жарады
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының 5 жылдығы аясында Алматы қаласында «Елбасымен бірге ел үшін» республикалық көшбасшылар слеті өткізілді.
Шараның алғашқы күнінде «жасұландықтар» Алматы қаласының көрнекті жерлеріне саяхат жасаса, келесі күні «Жас Ұлан» ұйымы тұтастығын дамыту және қызметінің белсенділік үлгісін талқылау» пленарлық отырысы өткізілді. Отырыс соңы Ресей Федерациясындағы балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының жұмыс істеу тәжірибесі шеберлік сағатына жалғасты. Слеттің үшінші күнінде Алматы қалалық оқушылар сарайының жанындағы «Өрнек» жазғы демалыс лагерінде «Менің өңірімнің білімі, біліктілігі және тәжірибесі – менің достарыма» шеберлік сағаты өткізілді. Мұнан соң, «Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуы» тақырыбында Орталық мемлекеттік музейге саяхаттады. Жамбылдық «жасұландықтар» бұл шарадан мерейі тасып, қуанышпен оралды. Атап айтар болсақ, слет қорытындысы бойынша белсенділік танытқаны үшін 14 өңірдің атқарушы хатшылары, тәлімгерлері, өңірлік ұланбасылары Алғыс хатпен марапатталды. Ал жамбылдық «жасұландықтар» ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыста жалпы командалық есепте 3-орынға табан тіреп, арнайы кубокті иеленді. Бұл марапатты жерлесіміз, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков салтанатты түрде табыстады. Сондай-ақ облыстық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Сания Еркебаева «ДАРТС» жарысы бойынша атқарушы хатшылар арасында жеңімпаз атанып, олжалы оралды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».