Әлеумет

Әбден құптарлық іс

Әбден құптарлық іс

«Ойсылқара төрт түліктің төресі емес пе?» («Ақ жол», 19 сәуір) атты Мақалада түйе шаруашылығын өркендету ісіне қозғау салып, серпін беру ниеті байқалады. Бұл шынында да әбден құптарлық іс. Біздің ата кәсібіміздің бірі де, бірегейі де осы кәсіп қой. Әрі түйе – түлік төресі. «Маң-маң басқан, маң басқан, төрт аяғын тең басқан» ойсылқара тұқымы даламыздың да көркі емес пе?!

Өз басым шағын шаруашылығымда төрт түліктің бар түрін өсіремін. Қазір қолымызда қазақтың айыр өркешті отыз түйесі бар. Олардың биыл он екісі боталады. Бие де, түйе де сауамыз. Өнімдерімізді арнайы сату орнына шығарып, елге өткерудеміз. Ұлттық сусындарымызға сұраныс мол-ақ. Осыған байланысты шаруашылығымның ауқымын ұлғайтуды ойластырудамын. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаржы алу үшін тиісті құжаттарымды тапсырып та қойдым. Бұл қаражатқа ең алдымен жылқы, түйелерге арналған, азықтандырылуы, сауылуы, тазалануы – бәрі-бәрі механикаландырылған заманауи қоражайы, өндірістік цехтары бар ірі кешен салсам деймін. Мұнда бие, түйе сауу, қымыз, шұбат өндіру технологиясы тұтастай автоматты жүйеде жұмыс істейтін болады. Өнімдерді цехтарда арнайы пакеттерге құйып, дайындап, тіпті жыл он екі ай бойы пайдалануға болатын құрғақ ұнтақ түрінде де көптеп шығаруды қолға алмақпыз. Мақсатым – шұбат пен қымыз кластерін қалыптастырып, дамуына үлесімді қосу. Бұл жоба толықтай жүзеге асырылған жағдайда, өңір тұрғындарының ұлттық сусындарымызға деген сұранысы ғана емес, құрметі де өсе түспек. Тағы бір айта кетерлік жай, алдағы уақытта ауданда өңір басшысының тапсырмасына орай оннан астам сүт қабылдау пункті ашылмақ. Міне, осындай пункттерде бие мен түйе сүтін де қоса сату ісі ұйымдастырылса, құба-құп болар еді. Жалпы, әр аудан аумағынан қымыз бен шұбат өндіретін ірі кешендер салынып, іске қосылса, бұл жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орны болар еді. Ата кәсібімізді жаңаша жаңғырту арқылы біз елді де бақуатты, тұрмысты ете аламыз.

Амангелді ҚАБЫЛХАНОВ, «Айдар» шаруа қожалығының төрағасы.

Қарақыстақ ауылдық округі, Т. Рысқұлов ауданы.