Ел экономикасында ілгерілеу басталды
Ел экономикасында ілгерілеу басталды
Үстіміздегі жылдың 6 айында еліміздің жалпы ішкі өнімінің өсімі 1 пайызды құраған. мұндай өсімдерге «Нұрлы Жол» және индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асырудың арқасында қол жеткізіліп отыр
Алдыңғы күні өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында биылғы алғашқы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған индустрияландыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Жиын барысында Үкімет басшысына Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев еліміздің аталған мерзім ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындысы туралы баяндады. «Уақтылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар жартыжылдық қорытындылары бойынша экономикалық оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі осы аралықта 8,5 пайызға ұлғайды» деп атап көрсетті министр. Сондай-ақ, құрылыс қарқыны – 6,6, көлік қызметтері – 4,3, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,7 пайызға ұлғайып, соның нәтижесінде ІЖӨ 0,1 пайызды құраған. Министрдің айтуынша, мұндай өсімдерге «Нұрлы жол» және Индустриялық-инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асырудың арқасында қол жеткізіліп отыр. «Мұнай мен металдардың әлемдік бағасының төмендеуі нәтижесінде 2016 жылғы қаңтар – мамырда экспорт көлемі 31 пайызға, 13,7 миллиард АҚШ долларына дейін қысқарды. Импорттың 27,0 пайызға, 9,2 миллиард АҚШ долларына дейін төмендегені белгілі болып отыр. Нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 29,9 пайызға, 23,0 миллиард АҚШ долларына дейін төмендеді. Дегенмен, сыртқы сауда сальдосы 4,5 миллиард АҚШ доллары деңгейінде оң болып қалуда. Елімізде соңғы алты ай ішінде орташа айлық еңбекақы көлемі 9,9 пайызға артып, 133,5 мың теңгені құрады», – деді Қ.Бишімбаев.
Оның айтуынша, аймақтардағы экономикалық өсім бойынша көш басында Ақмола облысы тұр. Одан кейінгі орындарға Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары жайғасқан. Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы елімізде республикалық маңызы бар бірқатар нысандардың, Қарағанды облысындағы «Жезқазған–Бейнеу» және «Арқалық–Шұбаркөл», «Жезқазған–Сексеуіл» темір жол желілерінің, Қызылорда облысындағы «Бейнеу–Бозой–Шымкент» газ құбырының, Алматы облысындағы «Алматы–Өскемен» және «Алматы–Қорғас» автожолдарының құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған.
Бұдан басқа экономиканың алты негізгі салаларын қамтитын (өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, көлік, байланыс) қысқа мерзімді экономикалық индикатордың (ҚЭИ) өсу қарқынының оң серпіні байқалады. «Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ҚЭИ ағымдағы жылғы қаңтар–мамырдағы 99,0 пайызға қарағанда 99,3 пайызды құрады. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында экономиканың жоспарланған өсуін 0,5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету үшін орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға бөлінген, оның ішінде ағымдағы жылғы 21 маусымда Үкімет мақұлдаған екінші экономикалық өсу мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуді ынталандыру жөніндегі шаралар топтамасы шеңберінде бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету қажет», – деп қорытындылады сөзін Қ. Бишімбаев. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазіргі таңда халықты өнімді еңбекпен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылданғанын жеткізді. Осылайша, мықты өңдеуші сектордың айналасына өнімді қызмет түрлері топтастырылады, ал тауар экспортын арттыру экономиканы одан әрі орнықтырып, шикізатқа деген тәуелділіктен арылуға мүмкіндік береді. Елбасы алға қойған міндеттемелерді орындау мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі бұған дейін экспортқа бағытталған 8 секторды анықтап алғаны туралы айтылған болатын. Олар: қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-химия және агрохимия, автокөлік құрастыру және электротехникалық машина құрастыру, сондай-ақ азық-түлік өнімдері. Баяндамада айтылғандай, 2019 жылға қарай еліміздің өңдеуші саладағы экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға артады деп жоспарланған. Мақсат – экспортты арттыра отырып, еңбек өнімділігін 22 пайызға ұлғайтып, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 2015-2019 жылдар аралығында 4,5 триллион теңгеге жеткізу. Премьер-Министрдің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіп кешеніне қатысты алты айдың ішінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктер туралы баяндады. Оның айтуынша, аграрлық секторда тұрақты даму ырғағы сақталып отыр. «Бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығының жалпы өнімі өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті. Ал қайта өңдеу саласындағы өсім 2,8 пайызды құрап отыр», – деді ол. Министрдің айтуынша, елімізде төрт түлік малдың үлесі жыл санап көбейіп келеді. Егіс алқаптарының көлемі де биыл 21,6 миллион гектарға жетіп, былтырғымен салыстырғанда 448 мың гектарға ұлғайып отыр. Асқар Мырзахметов атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар тиісті нәтиже беріп, соның арқасында жарма – 72, ұн өндіру – 20, қойылтылған сүт пен кілегей шығару 59 пайызға артқан. Жиын соңында Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылданған барлық бағдарламалар мен шешімдер әр бағдарлама әкімшісінің, әрбір әкімнің бақылауында болуы керектігін ескертті.