Экономика

Жемшөп қоры мол болады

Жемшөп қоры мол болады

Шу өзенінің арнасынан асып, шабындықтарға су жайылуының салдарынан шөп шабу науқаны ауданда жылдағыға қарағанда біршама кешеуілдеп басталды. Соған қарамастан, шаруалар уақытты ұтымды пайдалануға күш салуда. Биыл шөптің ерекше бітік шығуы аудандағы 34 шаруа қожалығы басшыларын ерекше қуантып отыр. Әсіресе, Мойынқұм ауылындағы «Үркер», «Жарылқасын», «Айқын», «Тәуекел», «Нұрсұлтан», «Аяулым» шаруа қожалық­тарының пішен­шілері өнімді еңбек етуде. 

– «Аяулым» шаруа қожалығының иелігінде 1100 гектар шабындық жер бар. Шаруашылық үшін осыншама алқаптың шөбін орып, жинап алу жеңілге түспесі анық. Дегенмен, науқанға техника мен адам күші мейлінше мол жұмылдырылуда. Осындағы екі шөп тайлағыш және шөп тасуға жегілген доңғалақты 3 тракторда тыным жоқ. Былтыр 10 мың ораманы құрайтын 3 мың тонна пішен дайындап алған болатынбыз. Биыл да былтырғы межеден көрінеріміз анық, – дейді шаруашылық жетекшісі Ақмарал Оразбаева. Оның айтуынша, науқанға байланысты ауылдың 10 жұмыссыз азаматы маусымдық жұмыспен қамтылып отыр екен. Оларға 80 мың теңге көлемінде айлық жалақы төленуде. Шөпшілердің дала қосында демалуына да қолайлы жағдайлар жасалған. Ыстық күнде шөл басар салқындатылған сусындары да әр кезде дайын. Олар үшін үш мезгіл ыстық ас та ұйымдастырылады. Әзірге мұнда 1 гектар алқаптан – 30, күніне 200 түк орама жиналып алынуда. Шөп бірден мал қыстауларына жеткізілуде. Ауыл тұрғындарына да шөп былтырғыға қарағанда 200 теңгеге арзандатылған бағамен босатылып отыр. Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Жақсымбетов те қазірдің өзінде аудан бойынша 55 мың тонна шөп дайындалғанын, науқан кеш басталғанмен, шөптің бағасы қымбаттамайтынын әрі былтырғы деңгейі сақталатынын айтады. Қысқасы, жергілікті тұрғындарды жемшөппен жеткілікті қамтамасыз етуге ауданның әлеуеті де, мүмкіндігі де бар. Мойынқұмдықтар 75 406 гектар шабындықтан биыл да мол өнім жинап алатынына нық сенімді.

Уалихан Жайлау,  «Ақ жол».

Мойынқұм ауданы.