Білім

Өнертапқыш Қойбақов қырықтан астам инновациялық жаңалықтың авторы

Өнертапқыш Қойбақов қырықтан астам инновациялық жаңалықтың авторы

22Мемлекетімізде инновациялық индустрияландыру трендін күшейтуге, ғылымды дамытуға баса көңіл бөлінуде. Ғалымдарды, өнертапқыштарды ынталандыру мақсатында ғылыми жаңалықтары өндіріске енгізілген үздіктерге «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағының беріле бастауы – соның айқын дәлелі. Екі жылдың ішінде бірнеше ғалым осындай мәртебелі атақтың иесі атанды. Солардың бірі – тараздық өнертапқыш Сейітхан Қойбақов.

Астанадан үлкен табыспен оралған М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, экология және өміртіршілік қауіпсіздігі халықаралық ғылым академиясының академигі Сейітхан Мелдебекұлын университет ұжымы және туыстары темір жол вокзалынан күтіп алды. Елбасымыз экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру үшін Үкіметке ғылымды қаржыландыру деңгейін арттыруды тапсырғаны белгілі. Мемлекетімізде білім мен ғылымды әрі қарай жаңғыртудың қаншалықты маңызды екендігін осыдан-ақ байқауға болады. Өйткені, бұл құндылықтар – толайым табыстардың қайнар көзі. Ғалымның айтуынша, өнертапқыштардың арасында өткізілетін «Шапағат» конкурсының да көздеген мақсаты осы екен. «Бұл конкурс биыл он бірінші рет өткізілді. Ұсынылған еңбектер бірнеше аталымдар бойынша бағаланады. Солардың арасында бірнеше жыл бойы өндіріске енгізген жаңалықтары бар өнертапқыштарға осындай үлкен мәртебе беріледі. Биыл республика бойынша жеті адам Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы атағын алып отыр. Мұндай марапат отандық өнертапқыштарды ынталандырып, ғылымға серпін береді», – дейді ол. Профессор Сейітхан Қойбақовтың қырықтан астам патенті бар. Ал, «Қойбақовтың ашқан жаңалығы» деген арнайы атауға ие болғаны бесеу. Көпшілігі – су шаруашылығына байланысты, жартысына жуығы өндіріске енгізілген. Конкурсқа осы еңбектерінің топтамасымен қатар, соңғы үш жылда ашқан еңбектерін де ұсыныпты. Солардың бірі – «Жолдағы және су каналдарындағы қар көшкініне қарсы күрес» деген жаңалығы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық дәлізінде қолданысқа енгізілген көрінеді.

Ардақ Үсейінова, 

"Ақ жол".

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.