Құқық

Түзеу мекемесіндегілерді «түзеудің» жолы

Түзеу мекемесіндегілерді «түзеудің» жолы

немесе сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне көмектесудің бір тәсілі – жұмыспен қамту

Қоғамда туындайтын кез-келген әлеуметтік мәселені шешудің жолы – жұмыспен қамту. Жасаған қылмысының жазасын алғандарға берілер негізгі көмек осы. Түзеу мекемелеріндегілерді ақылы жұмыспен қамтуға жергілікті атқарушы органдар да мүдделі болуы тиіс. Бұл туралы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды ақылы жұмыспен қамту, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссиясының отырысында талай мәрте айтылған-ды. Дегенмен, жиында қаралған кейбір мәселелер көп жағдайда қағаз жүзінде қалып келеді екен. Бұған облыс әкімінің атына келіп түскен ұсыныс хат дәлел. Ұсыныс хат облыс прокуратурасының әкімдік жанынан құрылған консультациялық-кеңесші органның қызметіне жүргізген жоспарлы тексерісінің қорытындысы негізінде жазылған.

Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің төрағалығымен өткен қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды ақылы жұмыспен қамту, сондай-ақ қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі комиссияның отырысында осы мәселелер сөз болды. Жиында облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Бағлан Жапашева түзеу мекемелеріндегілерді ақылы жұмыспен қамту жайына тоқталды. Бағлан Тұранқызы қазір түзеу мекемелерінде 2392 адам жазасын өтеп жатқанын айтады. Оның 1152-сі еңбекке жарамды екен. 797-сі қызмет көрсету саласы бойынша ақылы жұмыспен қамтылған. Нақтырақ айтқанда, сотталғандардың 69,2 пайызы жұмысқа тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,2 пайызға артық. Негізінен ауыл шаруашылығы, шағын бизнес және қызмет көрсету салалары жұмысшы күшін көбірек қажет ететіні белгілі. Сондықтан, қылмыстық жазасын өтеп жүргендерді жұмыспен қамтудың бір жолы – жеке кәсіпкерлермен келіссөз жүргізуге келіп тірелуде. Шағын және орта бизнес өкілдеріне түзеу мекемелерінің аумағынан шағын өндіріс орнын ашуға ұсыныс жасау керек. Осы мақсатта аталған департамент өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жұмыс жүргізіп, нәтижесінде бірнеше кәсіпкермен келісімшарт жасасқан. – Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ЖД 158/7 түзеу мекемесі «Ақ ырыс» жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасасып, ағаш өңдеу және аяқкиім тігу цехтарына 71 сотталған азамат жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік нысандары «Бекетайда» – 56, «Қадыралиевте» – 20, «Кубеновта» 18 адам жұмыс істеуде. ЖД 158/4 мекемесі «Құрбанов», «Руаз», «Мырзатаев» «Хаймулдина», «Ибрагимов», «Клюнт» кәсіпкерліктерімен шарт жасасты, қазір әрқайсысы 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Аталған түзеу мекемесі «Жолтаев» өндіріс орнына 15 азаматты жұмысқа орналастырды. Ал ЖД 158/2 мекесінде жазасын өтеушілер әзірге «Еңбек Тараз» РМК және «Дәулетбаев» жеке кәсіпкерлігінде еңбек етуде, – дейді Бағлан Жапашева. Сотталғандардың еңбекпен қамтылуына олардың қылмыстық атқару департаменті жүйесіне қарасты мекемелерде жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіптік білім алулары себеп болуда. «ЖД 158/2, ЖД 158/4, ЖД 158/7 түзеу мекемелерінде орналасқан №15 кәсіптік колледжінің оқу бөлмелері мен шеберханалары сотталғандардың бір кәсіпке мамандануына мүмкіндік беріп отыр», – дейді аталған колледж директоры Ералы Байназаров. Директордың айтуынша, колледжде негізінен газэлектр дәнекерлеуші, кран жүргізушісі, электромонтаждаушы, токарь, тас қалаушы, кең профильді құрылыс шебері мамандықтары бойынша оқытылады екен. Қосымша слесарь-сантехник, жиһаз жасаушы тағы да басқа мамандарды даярлауға да рұқсат беретін мемлекеттік лицензиясы бар көрінеді. 2013-2014 оқу жылында 500 жазасын өтеуші білім алған. Ал 2016-2017 оқу жылында түзеу мекемелерінен 315 адам 13 топта оқытылмақ. Облыстық прокуратураның 7-басқармасының басшысы Секер Бүркітбаев жазасын өтеушілерді әлеуметтік бейімдеу үшін оқытылатын мамандықтар бойынша талдау жасау қажеттігін айтты. Ол үшін түзеу мекемелерінде жүріп кәсіби білім алғандардың қаншасы жұмыспен қамтылғанын, жазасын өтеп біткендердің қаншауы тұрақты жұмысқа орналасқанын саралауды ұсынды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу үшін жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Консультациялық-кеңесші органның комиссия отырыстарында қаралған мәселелер қағаз жүзінде қалмауы үшін аудан әкімдерінің орынбасарлары нақты жұмыстарды қолға алу қажеттігін баса айтты. – Ұсыныс хатта көрсетілген кемшіліктерді ескере отырып, қылмыстық жазасын өтеген адамдарға әлеуметтік көмек көрсету үшін комиссия мүшелеріне, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармаларына, аудан әкімдерінің орынбасарларына жиында қаралған мәселелерді уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырамын, – деді Тимур Амантайұлы.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».