Жамбыл облысында шығарылатын сүт өнімдері республиканың барлық аймағында сұранысқа ие
Жамбыл облысында шығарылатын сүт өнімдері республиканың барлық аймағында сұранысқа ие
Жамбыл облысы Жуалы ауданында республиканың әр тарапына таралатын сүт өнімдері, өсімдік майы және алькоголсіз сусындар өндіріледі. Жоғарыда аталған өнімдерді шығаратын «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы құрылған. Он екі жылдың ішінде бұл серіктестік сүт өнімдерінің сапалы әрі дәмді түрін дайындаудың қыр-сырын меңгеріп, тұтынушыларын қуантып келеді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметінен. «Ауданымыздың экологиясының тазалығын ескеріп, біздің өнімдердің де сондай таза екенін көруге болады. Біз тапсырысқа сай өнімдерді кезегімен дайындап отырамыз. Мәселен, бүгін ірімшік дайындасақ, ертең сүзбе ірімшігін, ал арғы күні сары май дайындаймыз. Барлық тауарларымыз мемлекеттік стандартқа сай сертификатталған. Әр квартал сайын санитарлық нормалардан да өтеміз. «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің шығаратын өнімдері тек қана ауданымызда емес, облыс пен республиканың басқа аймақтарында да кең таралған өнім деп айтуға болады. Табиғи және сапалы өнімдер», - деп атап өтті серіктестіктің басшысы Лечи Оздамиров. Жергілікті халықтан таза сүтті қабылдап, одан сары май, ірімшіктің бірнеше түрін өндіретін, және алкоголсіз «Дюшес», «Буратино», «Квас» сынды сусындарды шығаратын бұл мекемеде 15 жұмысшы қызмет етеді. Олардың орташа айлық жалақысы 35 мың теңгені құрайды.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат.