Әлеумет

Жол сақшысының жұмысы қорқыту ма?

Жол сақшысының жұмысы қорқыту ма?

Ал, еститініміз «Бастық жиналыста», «Бастық бос емес», «Телефон нөмірін қалдырыңыз, өзі хабарласады» деген жаттанды жауаптар

14Жол сақшыларына барлық жағдай жасалуда. Өткен жылдың өзінде қала көшелеріне жүзге жуық бейнебақылау камералары орнатылды. Абай-Төле би, Жамбыл-Төле би даңғылдарының, Сейфуллин- Лермонтов көшелерінің қиылыстарына «Интеллектуалдық қиылыс» қондырғысы қойылды.

Қаржылай қолдаудың қайтарымы қайда?

«Автоураган» ақпараттық- бағдарламалық кешенінің де саны артты. Радар, бейнетіркеуші сынды қажетті құралдар да жеткілікті. Әмбебап полицейлерге отыздан астам су жаңа қызметтік автокөлік берілді. Бірақ, осы қамқорлықтың қайтарымы бар ма? Былтыр облыс аумағында 1615 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 312 адам (!) көз жұмды. Халық санын қашан жиырма бес миллион адамға жеткіземіз деп жатқан заманда азаматтарымыздан қарадай айырылып қалудамыз. Әртүрлі дене жарақатын алғандардың саны 2569 адам! Мемлекет басшысы өткен жылы облысқа жасаған жұмыс сапары кезінде осы мәселені өткір сынға алып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар да берді. Міне, биыл жыл ортасына жетпей, жол апаттарының саны тағы да артуда. Бірінші тоқсанда 61 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 25 адам қаза тапты. Мамыр айы аяқталмай жатып, апаттардың саны 389-ға жетіп отыр. Үстіміздегі жылғы сәуір айының соңында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте де жол сақшыларының жұмысы сын тезіне алынды. Осындайда көкейіңе «МАИ» қызметкерлері не бітіріп жүр, осы?» деген сұрақ оралады.

Ұлық болсаң, кішік бол

Редакциямызға бір жүргізуші жыларман болып келді. Биылғы 16 сәуір күні Байзақ ауданы, Талас ауылынан Жамбыл ауданына бағыт алып келе жатқан оны А. Асқаров көшесіндегі орталық базар алдында жол сақшылары тоқтатқан. Себебін сұрағанда, «сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүретін жолда, 41-мен жүрдіңіз» депті. Артынша көліктеріне кіргізіп, барлық құжаттарын алып қояды. Тіпті, жеке куәлігін де сұрап, кері қайтармапты. – Жылдамдық есептегішті бір рет көрсеткен болды да, басқа көліктерді түсіре берді. Мен қайта талап етіп едім, «Көрдіңіз ғой жаңа» деп құлағына да қыстырмады. Сосын «Мына хаттамаға қол қойыңыз да, кете беріңіз» деп бұйырды. Мен оның бұрышына «Келіспеймін» деп қол қойып бердім. Өйткені ол «КамАЗ»-ды құйғытып та айдайтын жер емес. Оның үстіне бағдаршамға тоқтап, қозғалғаныма көп те өтпеген болатын, – дейді Бейсенбек Әуезов. Амалсыздан, көлігіне қайта отырып, базар маңындағы жанармай бекетіне май құюға тоқтағанда, тағы сол әмбебап полицейлер жолын кескен. – Келді де, құжаттарымды көрсетуімді талап етті. Мен «Балалар, менің есім ауыспаған шығар? Сендерде ғой құжатым. Маған не қыл дейсіңдер» десем, «Жоқ, біз сізді танымаймыз, ешқандай құжат та алған жоқпыз. Болыңыз, құжатыңызды көрсетіңіз. Жоқ болса, көлікті айып тұрағына айдаңыз» деп, бой бермеді. Лаж жоқ, отбасымды асырап отырған «КамАЗ»- ымды сонда апарым қойдым. Бір жарым айдан бері жаяу жүрмін. Не көлік жоқ, не бір құжатым жоқ. Жап- жас жігіттердің әлгіндей әрекетіне ішім удай ашиды, – дейді Б. Әуезов. Көлік жүргізушісі жол сақшыларының үстінен облыстық ішкі істер департаментіне шағым да түсіріпті. Қызметтік тексеру жүргізген жауапты тұлғалар сол күнгі кезекшіліктегі жол патрульдік полиция батальонының полицейлері А. Жақсымбет, М. Мырқалиев, Е. Әбішев, А. Махатовтың әрекеттерінде қылмыстық құрам жоқ деп жауап беріпті. Б. Әуезов өзінің кінәсіздігін дәлелдемек мақсатта облыстық прокуратураға арыз түсірген.Қолында полицейлердің әрекеттерін айғақтайтын дәйектер де бар.

«Адасқан» айыппұлдар

Облыс әкімі К. Көкірекбаевтың төрағалығымен сәуір айында жол қауіпсіздігіне байланысты жиында баяндама жасаған облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қ. Досанов биылғы алғашқы тоқсанның өзінде 14 мыңнан астам жүргізушіге 119 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғанын айтып қалды. Оның 60 миллион 110 мың теңгесі өндіріліпті. Бюджеттің бүйірі томпая бастаса қуанамыз. Алайда, ел айыппұлды толық төлемей, жарты бағасына да келісуге болатынын айтады. Біз бұған сенген жоқпыз. Бірақ, Төле би көшесінде орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барып, сол жердегі топырлаған адамдармен әңгімелескенімізде бұл әрекетті тек «делдалдар» арқылы жүзеге асыруға болатынын айтты. Байқауымызша, көбісі сол жерде сауда-саттық жасайтын, сақтандыру компанияларында жұмыс істейтін қыз-келіншектер екен. Хош, сонымен диктафонды қосып, кәдуілгі жүргізуші кейпінде қалың топтың арасына кірдім. Өзін Нұршат деп таныстырған қыз баласы менің «мәселемді» қазір-ақ шешіп бере алатынын тілге тиек етті. Арадағы әңгіме былай өрбіді. – Қарындас, менде мынандай шаруа. Көлігімнің иесі Шымкенттікі еді. Мен сенімхатпен жүргізіп жүрмін. Осы қаладағы бейнекамералар арқылы 72 мың теңге айыппұл жазылып, көлік иесінің мекен-жайына барыпты. Соны маған бірдеңе қылып шешу керек болып тұр. – Аға, оның қандай айыппұлдар екенін қарау керек. Шешілетіні, шешілмейтіні бар. «Техпаспорт» өзіңізде ме? – Жоқ, көлікте қалдырып кетіп едім. – Бірінші соны алып келіңіз. Көшірмесін түсіруіміз керек. Қандай айыппұл екенін сосын сізге айтам. Егер шешілетін болып жатса, қолыңызға «айыппұлы жоқ» деген қағаз шығарып береміз. – Сонда базадан түгел сыпырып тастайсыздар ма? – Иә, тек біз берген қағазды жоғалтпасаңыз болды. Жүре бересіз. Біз «МАИ-мен» байланыстамыз ғой. Бәрін солар арқылы шешеміз. Осылай қаншама адамдікін істеп беріп жатырмыз. Іштегілер тек «посредниктер» арқылы ғана жасайды. Өйткені, олар қорқады. Қайдан білесіз, мүмкін сіз оларды ұстап берейін деп жатқан шығарсыз. – Қарындас, сенімді түрде жасатып бере аласың ба? Алдамайсың ғой. – Ой, аға, олар сізбен сөйлеспейді де. Іште өзімнің таныс ағам бар. Үнемі алып барамыз ғой. Өзіңіз біліңіз, сенсеңіз де, сенбесеңіз де. Біз бірақ солай шешіп жатырмыз. Айтпақшы сіз машинаны өз атыңызға аударып алмайсыз ба? – Аударып алар едім, тек нөмірі «крутой». – Қанша сонда? – 313 – Егер алам десеңіз бізде бес мың теңгеге «зеркальный» нөмірлер бар. 313 деген сияқты. Ал, 688 деген нөмірлер сәл қымбаттау. Өйткені, біздің облыстың сериясы 08 ғой... Мен «айыппұлымды» 25 мың теңгеге жабатын болып келістім. «Техпаспортымызды» алып келуге кеттік те, содан қайта оралмадық. «Естіген құлақта жазық жоқ». Әңгіме барысынан сыбайластықтың сызы аңғарылды. Егер жағдай шын мәнінде осындай болса, онда қыруар қаржының қазынаға емес, қалтаға құйылып жатқаны да.

Бас жол полицейі Жүнісбековтің журналисті жолатпайтыны несі?

Жалпы, облыстың жол сақшылары жұмыс істемей жатыр деуден аулақпыз. Жұмыс жүріп жатыр. Бірақ, нәтиже қандай? Неге жол апаттары азаймайды? Оның алдын алуға тиіс кейбір жол сақшылары мәдениетке неге мән бермейді? Олар туралы қоғамда неге келеңсіз әңгімелер көп? Қаңқу сөздер шындыққа қаншалықты жанасымды? Осы және өзге де сұрақтар бойынша облыстық ішкі істер департаментіне қарасты әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Жүнісбековпен жүздескіміз келген. Өкінішке қарай, мекеме басшысынан мәселенің мәнісін білудің өзі де оңайға соқпай тұр. Мекемеге күн сайын қоңырау шалып, хатшы қыздан еститініміз «Бастық жиналыста», «Бастық бос емес», «Телефон нөмірін қалдырыңыз, өзі хабарласады» деген жаттанды жауаптар. Уақыт бір орында тұрмайды. Дәлірек айтқанда 17 сәуірде Мемлекет басшысы жол жүрісі саласындағы құқықтық нормаларды шоғырландыратын «Жол жүрісі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Заң талаптарына сәйкес, жол ережелерін және басқа да құқықбұзушылықтар құрамы бойынша айыппұлдар санкциясы көбейтілген. Ол туралы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылған жоқ. Облыстық әкімшілік полициясы басқармасы тарапынан мақала да берілмеді. Сондықтан көкейде сұрақ көп, ал басшыдан жауап жоқ. Болмаған соң бұрынғы жол полициясы, қазіргі әкімшілік полиция басқармасына бардық. Басқарманың инспекторы Татьяна Герантиди С. Жүнісбековтің аудандарды аралап кеткенін, әл-әзір келмейтінін айтты. Ал, сұхбат беруге басшының үш бірдей орынбасары дайын тұрғанын жеткізді. Біз пікірлескен басқарма басшысының орынбасары Қанатбек Әлімжанов С. Жүнісбековтің оқыс оқиға бойынша Меркі ауданына шығып кеткенін, жұмыс орнына кешкісін келіп қалуы мүмкін екендігін тілге тиек етті. Бірақ, біз қайткен күнде де бірінші басшымен сұхбаттасуымыз керек екенін тағы бір рет ескертіп, байланыс телефондарымызды жазып қалдырдық. Бірақ, басшының өзінен «сұхбат беруге әзірмін» деген жауапты тағы да ести алмай отырмыз.

7Тұрсынбек Сұлтанбеков, «Ақ жол».