Экономика

Жаңа тарифтік саясат тың тиімділігі мол

Жаңа тарифтік саясат тың тиімділігі мол

Табиғи монополиялар саласындағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілуіне байланысты былтырдан бастап жаңа тарифтік саясат жүзеге асырылу үстінде. Тарата айтқанда, коммуналдық қызметтерге жалпы төлемнің түбіртегі тұтынушы үшін түсінікті әрі қолжетімді болуға тиіс. Ұзақ мерзімді тарифке көшу де тұтынушы жағдайының тұрақты болуына өз септігін тигізбек.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы Мүсілім Қасымов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ұзақ мерзімді тарифтердің моделі бойынша бес жылға алдын ала болжам жасалуы халықтың әлсіз топтарын қолдаудың қажетті көлемін жоспарлауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік тіркелімнің облыс бойынша жергілікті бөліміне енгізілген 45 табиғи монополия нысанының 16-сына ұзақ мерзімді шекті деңгейлі тариф бекітілген. – Жаңа саясаттың басты мақсаты – тарифтерді өзгерту, көтеру, сондай-ақ бір қалыпта ұстап тұру, осыған байланысты салаға инвестициялар тарту, – деген департамент басшысы субъектінің инвестициялық бағдарлама іс-шаралары мен тарифтік сметаларды жүзеге асыру барысына жыл сайын мониторинг жүргізіліп отыратынын атап өтті. Нысан тарифті бекіту кезінде өзіне алған қандай да бір міндеттемені, мысалы қайта жаңғырту мен дамыту жұмыстарын орындамаған болса, өтемдік тарифті қолдану арқылы дамытуға жұмсалмаған қаражат тұтынушыларға қайтаруға жатады. Сондай-ақ, жылуға артық төленген төлемақы да тұтынушыларға жыл сайын қайтарылады. Былтырғы жылыту маусымының қорытындысы бойынша тұтынушыларға 49 миллион 706 мың теңге қайтарылған. Энергияны үнемдеу мақсатында есептеу құралдарын орнату табиғи монополияларды реттеу саласындағы басты мәселенің бірі екені анық. Осы бағытта облыс бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған. Бүгінгі таңда орнатылған барлық есептеу құралдары ыстық суда – 95,8, суық суда – 89, жылу энергиясын есептеуде 67,5 пайызды құрап отыр. Ал тұрмыстық деңгейдегі автоматтандырылған электр қуатын коммерциялық есепке алу жүйесін енгізу бойынша облыста есептеу аспаптарының қажеттілігі 239 616 тұтынушыны құрайды. Оның ішінде 68 406-сына есептеу аспаптары орнатылған, жабдықталуы 28,5 пайыз деңгейінде. «Есептегіш құралдары толықтай орнатылған жағдайда түрлі тұрмыстық кикілжіңдер де мейлінше азая түспек», – деді департамент басшысы бұл тұрғыда. Мүсілім Жеңісұлы бәсекелестікті қорғау саласы бойынша атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Биылғы жылдың 6 айы ішінде департамент тарапынан 12 тауар нарығына талдау жүргізілген. Әсіресе, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек заттарының, жанар-жағармай материалдары бағаларының негізсіз көтерілуіне жол бермеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылыпты. Департаменттің араласуымен үш тергеу нәтижелері бойынша нарық субъектілеріне қатысты 7 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, оларды қарау нәтижесінде 2 миллион 121 мың 464 теңге әкімшілік айыппұл салынып, бүгінгі күнге дейін бюджетке 941 мың 119 теңге айыппұл төленген. Атқарушы органдарға қатысты 5 тергеу жүргізілген. Журналистер тарапынан қойылған сауалдарға департамент басшысының орынбасары Е. Дүйсембиев пен тергеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Р. Берік нақты жауаптар қайтарды.

Баймаханбет АХМЕТ,  «Ақ жол».