Өндіргенов 10 жылға сотталуы мүмкін
Өндіргенов 10 жылға сотталуы мүмкін
ал оның 8 қорғаушысы ештеңе істей алмады
Экс-депутат Мейіржан Өндіргеновтің ісі Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралуда. Екі айдан астам уақытқа созылған сот процесінде 100-ден астам куәгерден жауап алынған. 12 шілде күні аты шулы іс бойынша жарыссөздер басталды. Жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Амангүл Жұмағалиева бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсаған кәсіпкерді 10 жылға бас бостандығынан айыруды, ал оның сыбайласы Ербол Әділовке мемлекеттік айыптаушы 8 жыл беруді сұрады. Мейіржан Өндіргеновке ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарды, бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін жымқырды, аса ірі көлемде ақша бопсалады, ірі көлемдегі алаяқтық жасады, пайдакүнемдік мақсатта біреуді заңсыз бас бостандығынан айырды және қылмыстық жолмен алынған үлкен көлемдегі қаражаттың ізін жасырды деген айып тағылып отыр. Екінші айыпталушы «Автопарк» мекемесінің бұрынғы директоры Ербол Әділов қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасағаны және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін айыпталып отыр, – дейді мемлекеттік айыптаушы. Қазына қаржысын жымқырған ақтөбелік экс-депутат Мейіржан Өндіргенов сотта бас сауғасы үшін 8 қорғаушы жалдағаны мәлім. Оның қамауда отырғанына 1 жыл 2 айдан асты. Ал кәсіпкердің сыбайласы Ербол Әділов өткен жылдың желтоқсанында ұсталған болатын. Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушы М.Өндіргеновке Қылмыстық кодекстің «Бас бостандығынан заңсыз айыру», «Қорқытып алушылық», «Алаяқтық», «Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)», «Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу» баптары бойынша айып тағылған. Мейіржан Өндіргеновтің денсаулығы нашарлап, Қарғалы қалалық ауруханасында ем қабылдауына байланысты бастапқыда сот отырысы 10 күн кейінге шегеріліп, алдын ала тыңдау 25 сәуірде өткен еді. Қорғаушылар осы жағдайды пайдаланып, «айыпталушыға медициналық күтім қажет» деген сылтаумен оны үйқамаққа шығаруды сұраған болатын. Алайда, облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев бұл өтінішті қанағаттандырмаған. Экс-депутаттың сыбайласының да тартар жазасы ауыр болғалы тұр. «Ербол Әділов осы қылмыстық топтың мүшесі бола тұра, алаяқтық, яғни қылмыстық топ болып, аса үлкен мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену қылмысын жасады деп айыпталып отыр. Айыптау актісіне сай, «Автопарк» ЖШС-ның құрылтайшысы М. Өндіргенов өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, жергілікті басқару органдарына және мемлекеттік өзін-өзі басқару органдарына деген сенімді теріс пайдаланды. Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiлік берілген адам бола тұра, қылмыстық топ құрып, оны басқара отырып, қасақана меншікке қарсы қылмыстар жасады»,– деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.