Спорт және туризм

Отызында орда бұзған оғлан

Отызында орда бұзған оғлан

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков

9100dfab9++7e6d+df34bda0bee855456e4 16715++5 Medali_stСидней Олимпиадасында күміс жүлде иеленген еркін күрес шебері Ислам Байрамуковты Құлан ауылынан көріп жүрдік. Ойын баласымыз. Бірде балалар «Ислам кешке жаттығып, доп теуіп жүр екен» десті. Бұл хабарды ести сала біз Құланның теріскей беткейіндегі футбол алаңына бардық. Ондағы ойымыз – Ислам Байрамуковпен бірге футбол ойнау. Оны қойыңызшы, мен «Исламның командасында ойнаймын» деп таласып та қаламыз. 

Біз сарыла күткен Ислам Байрамуков құйрық жалы таралған сәйгүлікпен келді. Ол дене қыздыру жаттығуын жасап алған соң: «Ал, балалар, футбол ойнаймыз ба?» – деді. Мен Исламның қасына жетіп келдім. Өз командасына алып қала ма деген үміт бар. Арманым – оның командасында ойнау. Сәл ғана үнсіздіктен соң Байрамуков «Ал екіге бөлінейік» деді де, қасында тұрған маған: «Сен маған ойнайсың», – деп бірнеше баланы таңдап алды. Содан ойын басталып кетті. Балалардың бәрі ел мақтанышына айналған Ислам гол соқсын деп допты Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегеріне асырады. Екі-үш адамды шалт қимылымен алдап өткен ол өзі қақпаға соққы бағыттамай, қайтадан бізге доп береді. Біздің гол соққанымызға қуанады. Ойын біткен соң спортпен білімді қатар алып жүру керектігін есімізге салды. Төрт күн бойы Ислам Байрамуковпен бірге футбол ойнау үшін үйімізден қашық жердегі футбол алаңына құстай ұшып жүрдік. Кейін журналистика саласына келген соң Құланның құлжасымен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түскен-ді... – Олимпиада ойындарына қатысуды әрқашан үлкен арманыма баладым. Құдайға шүкір, Жаратқанның жазуымен үш бірдей Олимпиада ойындарында ел намысын қорғау бақыты маңдайыма жазылыпты. Атлантада дайындығым ойдағыдай болған жоқ. Одан кейінгі Сидней Олимпиадасы алдында біздің буынның көптеген жарыстарға қатысуға мүмкіндігі болмады. Тек өз ішімізде терімізге сыймай, күресіп жүрдік. Сиднейге жолдама алу өте қиынға соқты. Бес бірдей халықаралық доданың қорытындысы нәтижесінде алғашқы жетілікке енуің керек. Алайда спортта жарақат қатар жүреді емес пе? Менде де солай болды. Екі бірдей ота жасалды. Тағы да жарақат әуреге сала ма деп жүрексіне де бастадым. Соның салдарынан үздік жетіліктің қатарына ене алмадым. Сидней Олимпиадасына барудың менде бір ғана мүмкіндігі қалды. Ол – Азия чемпионатында қарсыластарымды бет қаратпай жеңіп, алтыннан алқа тағу. Байрақты бәсекеде мен басты қарсыластарымның бірі, әлем кубогінің иегері, Ресей құрамасында өнер көрсеткен, сол кезде Өзбекстанның атынан сынға түскен Сослан Фраевты бірінші және финалдық жекпе-жекте екі мәрте жеңдім. Осы жерде мені болашақ Олимпиада жүлдегері ретінде танып, қамқорлығын аямаған бапкерім Шоқан Нәдірбековті ерекше айтып өткім келеді. Ол елімізде еркін күрестің дамуына үлкен үлес қосты. Бізді бәсі жоғары белдесулерге үйретіп, шынықтырған сол ағамыз болатын. Бірақ мінәйі бір себептермен тым ерте қайтыс болып кетті. Жатқан жері жайлы болсын ағамыздың, – дейді Ислам Сидней Олимпиадасының жолдамасы оңай келмегенін еске салып. Тумысынан жаны спортқа жақын Ислам бокс, футбол, еркін күрестің бірін меңгергісі келеді. Алайда ауылда бокспен шұғылданатын мүмкіндік болмаған соң еркін күреске мықтап ден қояды. Шынашақтай кезінен футболға да әуестенеді. Бірақ алтыншы сыныптан бастап спортпен тұрақты шұғылдана бастайды. Ә дегенде аудан, облыс біріншілігінде өзінің теңдессіз екеніне көзі жеткен соң үлкен спортқа шындап бет бұрады. Содан бастап «Мен елімнің намысын байрақты бәсекелерде қорғайтын мықты балуан боламын» деген алдына асқаралы мақсат қояды. – Мен ауылдың топырағына аунап-қунап өстім, күнге жүзін күйдіріп жетілген ауылдың қара сирақтары қаладағы бүлдіршіндерге қарағанда спортқа бейімдеу келеді. Өйткені ауылдың құмына табанын тілдіріп өскен балалар ауыр жұмыстан басын ала қашпайды. Ата-аналарының шаруашылығын дамытуға күш салып, мал бағады тағысын тағы... Алғашқы белдесулерім мал бағып жүрген жайылымдарда өтті. Сонда жүріп футбол ойнадық, бокстастық, күрестік, тіпті кейде қызыл шеке болып төбелесіп те қалатынбыз. Өзімді жолы жеңіл жандардың қатарынан санаймын. Нақтырақ айтсам, біздің көшеде жаттықтырушы Серік Нұрманбетов тұратын. Ол кісінің отбасы түгелімен спортқа аңсары ауған. Олар түрлі эстафеталар, бокс, күрес, футбол ойындарын ұйымдастырып тұратын. Өзімнен үш-төрт жасар балалармен додаға салып жатса да көбінесе мен жеңімпаз болып жүрдім. Шыны керек, кейде «таяқ та жеп» қаласың.

«Олимпиадаға шын мықты баруы керек»

Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегеріне қоңырау шалғанда, спорттағы әділетсіздікпен күресіп жүргенін білдік... – Ислам Байрамуков десе, бес уақыт намазын оқып жүрген иманды азамат, шәкірт тәрбиелеп жүрген білікті бапкер есімізге түседі. Олимпиадаға өз шәкіртіңіз баратын түрі бар ма, әлде алтыншы шақырылған Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған соң, бапкерлікке уақыт қалмай жүр ме? – Уақыт бәріне де табылады, інім. Өзің білетін құландық балуан ініміз Әділет Дауланбаевтан көп үміт күтемін. Осы Олимпиада ойындарына Әділет барады деген үміт бар еді. Алайда 86 келі салмақ дәрежесінде Аслан Кахидзе деген жігітті Риоға апаруға ниетті біздің ұлттық құрамадағылар. Сол Асланды Әділет Президент кубогінің додасында 10:0 есебімен жеңген болатын. Әділет Кахидзені үш рет жеңді. Бір жылда (16:4, 10:0, 6:2). Ұлттық құраманың бапкері Сергей Белоглазов екеуінің қай жеңгені Риоға барады деген. Алайда Кахидзе таңдалып отыр. Мен спортта шенеуніктердің бұл салаға араласқанын қаламаймын. Мықты өзін боз кілемде дәлелдесін. Дегенмен, әлі де үміт бар. Егер ұлттық құрамадағы басты қарсыласына Кахидзе 10:0, 16:4 есебімен жол берсе, ол әлемдік додаларда қара үзіп жүрген мықтылармен қалай күреседі? – Өзіңіз 97 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада күмісін еншіледіңіз. Азия чемпионатының қоласын да, күмісін де, алтынын да алдыңыз. Кімдер басты қарсыласыңыз болды? – Ирандық Расул Хадем, ресейлік, кейін өзбекстандық болған Сослан Фраев және жапондық, моңғолиялық жігіттер мықты қарсыластардың санатында. Солармен белдесу киынға соққанын жасыра алмаймын. – Жылқы малына әуестігіңізді білеміз, қазір де ат спортына аңсарыңыз ауатын шығар... – Иә, бірнеше сәйгүлігім бар. Солардың бабын келтіруге де уақыт табамын. Түрлі жарыстарда жүлде алып келеді сол тұлпарларым. Одан бөлек, футболды жақсы көретінімді өзің білесің ғой. – Ұлыңыз Рамазан да спортқа жақын деп естідім. Үнемі қасыңызда жүреді. Жаттығуда әкесіне еркелемей ме? – Жоқ, Рамазан маған басқа кезде еркелесе де, жаттығуда еркелемейді. Оны әзірге қатты қинай алмаймыз. Кішкентай ғой. Өсе келе толыса жатар... Түсінде қолына ұстатқан күмісі Олимпиадада өңіне айналды

2007-2009 жылдары еркін күрестен ұлттық құрамада аға бапкер, бас жаттықтырушы қызметтерін атқарған Ислам Байрамуков – бүгінде Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Ислам қолы бос кезде тауға шығып, таза ауамен тынығудан бөлек, әр салаға қатысты кітаптарды оқығанды да жақсы көреді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерімен қатар, әлем әдебиетінің классиктерін де оқығанды ұнатады. «Талай кітапты оқыдық. Ілияс Есенберлиннің шығармалары да жаныма жақын. Қазір ел Пауло Коэльоны мақтап жатыр ғой. Енді сол жазушыны уақыт тауып оқуым керек. Жалпы, адам баласы жан-жақты болғаны жөн», – дейді кейіпкеріміз. Ол Азия чемпионатын ұтып келген кезде 36 мың теңге сыйақы алыпты. Спортшы ретінде 200 АҚШ доллары көлеміндегі жалақыны қанағат тұтқан. «Қазір жастарға жақсы жағдай жасалып жатыр ғой. Тәуелсіздіктің елең-алаңында біз жалақымызды уақтылы ала алмай жүруші едік. Бүгінгі қыз-жігіттер бақытты. Жаттығу жасауға бірлық мүмкіндіктері бар. Одан бөлек қатарынан оза шауып бәйге алса, қомақты қаржылай сыйлық та иеленеді. Жұлдыздары жоғары болсын деймін іні-қарындастардың», – дейді ол. Ислам Байрамуков Сидней Олимпиадасына барардың алдында түс көреді. Түсінде бір қария қолында алтын, күміс медаль ұстап алған. Ислам алтынды алайын десе, әлгі қария: «Балам, мынаны ал, алтынды кейін аласың», – деп, күміс медальды ұстатыпты. Оны батыр ұл анасына сыр ғып айтқан екен. Шынында да, Ислам Сидней Олимпиадасының ақтық сынында ресейлік Сагид Муртазалиевке жол беріп, күміс жүлдені еншілеп қайтты. Афины Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алса да, жарақаты мақсатына жетуге мұрсат бермеді...

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».