Әртараптандыру – саланы дамытудың басты жолы
Әртараптандыру – саланы дамытудың басты жолы
Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында негізгі күшті аграрлық саладағы еңбек өнімділігінің өсуіне жұмылдыру қажеттігін атап көрсетіп, бұл істі 2020 жылға дейін екі есеге өсіруді міндеттегені белгілі. Осы тұрғыда өңірімізде саланы техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыруға, қазіргі заманғы технологиялар негізінде жұмыс істейтін жаңа ірі өндіріс орындарын салуға байланысты инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, биыл агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 10 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Жыл басынан бері саладағы жалпы өнім көлемі 34,6 миллиард (оның ішінде егін шаруашылығы өнімінің көлемі – 391,7 миллион, мал шаруашылығы өнімінің көлемі – 34,2 миллиард) теңгені құрады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 593,4 мың гектарға жетіп, өткен жылдағыдан 5,5 мың гектарға артып отыр. Яғни биыл 163,6 мың гектар жер айдалып, 362,7 мың гектар жер өңделді. Жаздық масақты дәнді дақыл оның 147,6 мың, көп жылдық шөп 25,8 мың, көкөніс 26,3 мың, майлы дақылдар 75,9 мың, бақша дақылдары 10,5 мың, картоп 8,8 мың, қант қызылшасы 5,6 мың, дәндік жүгері және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары 14,3 мың гектарына орналастырылды. Сонымен бірге, үстіміздегі жылы 5637 гектар алқапқа қант қызылшасы егілді. Аталған дақылды өсіруге биылғы жылы облыстық бюджеттен 420,0 миллион теңге қаржы бөлініп, тұқым мен қажетті ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 11,0 мың гектарға енгізу жоспарланса, бүгінгі күні оның аумағы 12,0 мың гектарға жетіп отыр. Жуалы ауданындағы «Гамбург» ЖШС жемшөп қорын нығайту мақсатында 1250 гектар алқапқа сүрлемдік жүгері және көп жылдық шөп егістіктеріне жаңбырлатып суару технологиясын енгізді. Бұдан бөлек, облысымызда ресурс үнемдеу технологиясын қолдана отырып ирригациялық жүйе және суармалы егістік жерлерді қалпына келтіру үшін 2014-2020 және 2030 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасының жобасы әзірленіп, республикалық бағдарламалар жобасына енгізілген болатын. Бұл бағдарлама жүзеге асқанда су үнемдеу технологиясы 2020 жылға дейін 34,5 мың гектарға енгізіліп, суармалы жерлер 214 мың гектарға, ал 2030 жылға дейін 244 мың гектарға жетеді деп жоспарлануда. Облысымызда бүгінгі күні жалпы аумағы 24,2 гектарды құрайтын 28 (оның ішінде 24-і – фермерлік, 4-еуі – өнеркәсіптік) жылыжай қалыпты өнім беруде. Осы алқаптарда өндірілген өнім облыс тұрғындарының қажеттілігін толық өтеп, еліміздің басқа да аймақтарына жіберілуде. Сондай-ақ, еліміздің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін аймақтарды дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға дейін интенсивті алма бақтардың көлемін 1600 гектарға жеткізу жоспарланған. Шетелдік технологиялар қолданылуымен өсірілетін осындай алма бақтарының өнімділігі жоғары болғандықтан, облыста осынау істі қолға алған шаруашылықтар қатары көбеюде. Мұндай бақтар былтыр Байзақ, Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында барлығы 123 гектар алқапқа орналастырылған-ды. Биыл бұл көрсеткіш екі есеге дейін өсіп, жалпы көлемі 240 гектарға жетіп отыр. Сондай-ақ, түркиялық «Маймақ» фирмасы мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өзара келісімге отырып, Жамбыл ауданы аумағынан 50 гектар жерге 10 отбасыға арналған пилоттық режімде интенсивті бақ отырғызуды қолға алуда. Бүгінгі күні Сербия және Польша елдерінің білікті мамандары өздеріндегі элиталы тұқым шаруашылықтарының жоғары сапалы жеміс-жидек көшеттерін алып келіп, егіп, күтіп-баптау жұмыстарын да өз мойындарына алып отыр. Бұл жоба толықтай жүзеге асқан кезде 50 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Елбасы өзінің халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық жолға түсіру, тәжірибелік аграрлық-инновациялық кластер құру бойынша алдымызға жаңа міндеттер қойғаны белгілі. Бұл бағытта былтыр Шу ауданында көкөніс кластерін құру жобасына сәйкес «Тасөткел» магистральды каналының оң жақ жағалауындағы 2300 гектар тәлімі егіс алқабының 1205 гектарына көкөніс, 990 гектарына бақша, 105 гектарына жоңышқа дақылдары орналастырылды. Аталған егістіктің 1095 гектарында тамшылатып суару технологиясын қолдану жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге дейін барлығы 740 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізіліп, суарылу үстінде. Сондай-ақ, 260 миллион теңгеге 2 көкөніс қоймасын қайта жаңғырту және қажетті құрал-жабдықтар орнату жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, көкөніс дақылдарын қайта өңдеу кәсіпорнын салуға инвесторлар тартылуда. Ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде мал шаруашылығында еңбек өнімділігін арттырудың бірден-бір жолы оны толықтай интенсивті технологияға көшіру екені белгілі. Қолда бар малдың өнімділік көрсеткіштерін жақсартудың маңызы да ерекше. Мысалы, сүт бағытында бір сауын сиырынан сауылатын сүт көлемін көбейту, ет бағытында етке сойылған бір бас малдың орташа салмағын арттыру, бордақылау кезеңін қысқарту сияқты көрсеткіштер сала ісін ілгері бастыруға үлкен септігін тигізбек. Мысалы, 2012 жылмен салыстырғанда, облыста ет өндіру көлемі 19,2 пайызға, сүт өндірісі 8 пайызға ұлғайған. Қойдың салмағы 32-ден 37 килоға өсті. Ал бір сиырдан сауылған сүттің көлемі 2,5 пайызға артса, бүгінгі күні әр сиырдан сауылар сүт көлемін жылына 3500-4500 килограмға жеткізген шаруашылықтар бар. Жалпы, малдың сапалық көрсеткіштерін жақсарту үшін «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 2011-2016 жылдар аралығында мүйізді ірі қара малының 22,4 мың аналық басы және 800-ден астам асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Бағдарламаға облыстағы 420-дан астам шаруа және фермер қожалықтары қатысты. Олардың көпшілігі – жаңадан ұйымдасқан шаруашылықтар. Ал 2014 жылы республика Үкіметі тарапынан мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары қабылданды. Бұл бағдарламалар арқылы облыстағы шаруа қожалықтары тарапынан 58,5 мыңнан астам қой және 4,0 мың бастан астам жылқы сатып алынды. Облыста өндірілетін ет пен сүттің көлемін ұлғайту үшін ет, сүт кластерлерін қалыптастыру қолға алынуда. Соңғы бес жылда «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» бағдарламасы аясында облыста 20 мың басқа арналған 23 бордақылау алаңы құрылды. Оның 4-еуі – ет экспорттауға бағытталған бірегей бордақылау алаңы. Әрқайсысы бір мезгілде 3 мың бас мал бордақылауға мүмкіндік беретін жетілдірілген технология негізінде жұмыс істейді. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы да кешенді жоспарға сәйкес экспортқа бейімделіп, жаңадан құрылған бордақылау алаңдарының контингенті қалыптастырылуда. Жыл басынан бері Меркі ауданындағы «Олжа» және Қордай ауданындағы «Медет», «Бай-Нұр» шаруа қожалықтарының бордақылау алаңдарына шаруашылықтар тарапынан бір жасқа дейінгі 2500 бас бұқашық бордақылауға өткеріліп, 369,5 тонна ет экспортқа шығарылды. Жамбыл ауданында «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС-мен Біріккен Араб Әмірліктерінің «ADEAS Development» компаниясы қатысуымен «Халал» стандарты бойынша жылына 1757 тонна ет өнімдерін өндіруге бағытталған кешен құрылысын салу жобасы жүзеге асырылуда. Оның жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Осы кешенді іске қосу арқылы облыста толық айналымды ет кластері қалыптастырылып, ет өнімдерін экспорттау бірнеше есеге артады деп күтілуде. Сондай-ақ, мал шаруашылығы саласына шетел инвестициясын тарту, өндіріске жаңа технологиялар мен озық тәжірибені енгізу мақсатында шетелдік бизнес өкілдерімен әріптестік қатынастар жолға қойылуда. Мысалы, Меркі ауданында малайзиялық инвестордың қатысуымен 3 мың бас мүйізді ірі қара малына арналған «Agrostanferms» ЖШС бордақылау кешенінің құрылыс жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Ол биылғы жылдың соңына қарай іске қосылмақ. Ал Мойынқұм ауданында «Агро фирма Түрікпен» ЖШС 3 мың бас мүйізді ірі қара малына арналған бордақылау кешені салынуда. Бүгінгі күні Ресейден 1603 бас ет бағытындағы ірі қара малы сатып алынды. Өткен жылғы Елбасының мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын айқындап берген, қазіргі заманғы мемлекет құрудың 5 институционалды бағытын айқындайтын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары ел өміріндегі ерекше саяси оқиға болды. Ұлт жоспарының 60-қадамында сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту үшін стратегиялық инвесторлар тарту бойынша алдағы үш жылда атқарылатын міндеттер алға қойылды. Оны орындау мақсатында 2015 жылы Шу ауданындағы «Айшот» шаруа қожалығы күніне 2,5 тонна, Байзақ ауданындағы «Агали» шаруа қожалығы күніне 3 тонна сүт өңдейтін шағын цехтарды іске қосты. Соның нәтижесінде ондаған адам жұмыспен қамтылды. Биыл Жуалы ауданындағы «ЖК Мешелов» күндігіне – 25 тонна, Т.Рысқұлов ауданындағы «Астана» шаруа қожалықтары – 5 тонна, Меркі ауданындағы «Севил Мерке» 15 тонна сүт өңдейтін шағын цехтарды іске қосу және аталған кәсіпорындарда 15 жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен сүт кластерін дамыту бойынша Меркі ауданында ірі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жаңазеландиялық «Фонтерра» және даниялық «Арла» бағдарламалары негізінде құрамына 42 шаруашылықты біріктіру жолымен «Меркі өнімдері» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Осы өндірістік кооператив төңірегінде алдағы уақытта 70-200 басқа дейін асыл тұқымды сауын сиыры бар тауарлы сүт фермалары құрылады және кооператив сүт өндірушілерді, мал азығын дайындаушыларды ұйымдастыра отырып, дайын өнімді өткеру жұмыстарын да жолға қоятын болады. 2014 жылы облыста орналасқан сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 18 салқындатқыш танкер алынған болатын. Олар арқылы өткен жылы сүт өнімдерін тереңдете өңдеуші кәсіпорындар сапалы сүт жинауға қол жеткізіп, 2014 жылмен салыстырғанда сүт көлемі 1500-2000 тоннаға, шаруашылықтардан жиналатын тауарлы сүт 12 пайызға артты. Соның нәтижесінде былтыр 227,5 мың тонна тауарлы сүт өндіріліп, оның 96,5 мың тоннасы өңделіп, облыста өндірілетін сүтті қайта өңдеудің үлесі 40 пайыздан 53 пайызға ұлғайды. Жалпы, ауыл шаруашылығы – еліміздегі ең маңызды саланың бірі. Сондықтан, аграрлық секторға қатысты мәселелерді Елбасымыз өзінің жіті бақылауына алып отыр. Өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өндірілген өнім көлемін арттыру мақсатында қарқынды жұмыстар әсте бәсеңсіген емес. Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы аясында серпінді жобалар іске асырылуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта өз жемісін беріп, бүгінгіден де жоғары жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз.
Нұржан НҰРЖІГІТОВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы-ның басшысы.