Экономика

Қордайдың ырғын астығы

Қордайдың ырғын астығы

Қордайлықтар егін орағына жаппай кірісті. Басты науқанның әдеттегіден екі аптаға кешігіп басталуына биыл шілдеге дейін толастамаған жаңбыр себеп болды. Жауынның биыл мол түсуі­нен астық та, шөп те ырғын. Жалпы, 45000 гектар алқапта өсірілген арпа мен бидайдың түсімі жақсы. Тек ұйытқыған қатты жел мен толассыз нөсер кей жерлерде бітік егінді аяусыз жайпап өткені болмаса. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, 17 мың гектар бидай мен 28 мың гектар арпаны орып алуға 214 астық комбайны, 368 автокөлік пен 582 трактор тіркемесі дайындалған. Астық қабылдауға 21 механикаландырылған қырман, 29 автотаразы, 15 тұқым тазалағыш дайындық сапына қойы­лыпты. Биыл 77,2 миллион теңге­ге 24 жаңа астық техникасы алынған.Қазір бар үмітін егіннің түсіміне байланыстырып отырған шаруашылық басшылары мен мамандарын кеңселерден табу қиын. Таңертеңнен кешкі көз байланар шаққа дейін олар егінжайдағы комбайндардың қасында, қырман басында. «Нұрал» ЖШС басшысы Дүйсен Онгелдиевті де шаруашылық шеберханасынан кезіктірдік. Жаңа әзірде ғана аудан орталығынан келген беті екен.

– Шетелдік комбайнның бөлшегі сынса, осылай ала шапқын боламыз. Бішкектен іздетіп табылмаған соң, Қордайда бір бесаспап темір жонушыға қолдан жасатып әкелдім. Міне, зауыттікінен кем емес, – деді ол қолындағы тетікті көрсетіп. Бұл бөлшек осыдан он екі жыл бұрын лизингке алынған «Челенджердікі» екен. Мұхиттың ар жағынан келген комбайн содан бері алғаш рет аздап сыр беріпті. Оның несие қарызы әлдеқашан жабылған, соңғы жылдары тек пайдаға жұмыс істеп келеді. Оған қоса үш жыл бұрын ресейлік cу жаңа «Вектор» комбайны тағы алынған. Серіктестіктің бар астығын төкпей-шашпай жинап алуға осы екеуі жетіп жатыр, өзінікі біткен соң көршілерге де көмектеседі. Бетқайнар ауылдық округіндегі жалпы саны жүзден асатын ірілі-ұсақты агроқұрылымдар астығының үштен бірі – осы серіктестіктің иелігінде. Бұдан ондаған жылдар бұрын ауданда арнайы дотациялы бірнеше тұқым шаруашылықтары болғаны есте. Кейіннен «Балапан – басымен, тұрымтай – тұсымен» кетіп, бәрі жайына қалған. Аудан әкімі Қайрат Досаев осы игі дәстүрді қалпына келтіру жолында тер төгуде. Былтыр Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтынан мамандар шақырып, агроқұрылым басшыларының қатысуымен үлкен жиын да өткізген. Өндірісті ғылыммен байланыстырудың артықшылығын өз тәжірибесінен білетін Дүйсен Онгелдиев алғашқы болып бұл бастамаға үн қосты. Егіншілік институтының тұқым шаруашылығы бөлімі мен «Нұрал» ЖШС арасындағы әріптестік келісімі осылай пайда болды. Сөйтіп, институт ғалымдары өсірген күздік бидайдың «Қазақстан-10», «Стекловидная-24» және күздік арпаның «Айдын» элиталық сорттарының әрқайсысы он гектарға себілді. «Не ексең – соны орасың» демекші, нәтиже көп күттірген жоқ, жауынмен жағаласа жүріп орылып алынған күздік арпаның өнімділігі гектарына 32 центнерден айналыпты. Ал қазір орылып жатқан арпаның түсімі 18 центнерден болып отыр, айырма көзге ұрып тұр. Элиталық бидайдың да өнімі өте жоғары болады деп күтілген. Соңғы күндердегі құйындатқан қатты жаңбыр көз қуантқан бітік егіннің ұйпа-тұйпасын шығарыпты. Бірақ, соның өзінде өнімділік әдеттегіден бірнеше есе жоғары болатын түрі бар. Бұл элиталық сұрыптардан бөлек серіктестіктің негізгі егісі 1100 гектар алқапта орналасқан. Дүйсекеңмен бірге егінжайға келгенімізде шетелдік комбайн 400 гектар арпаны біраз еңсеріп тастапты. «Вектордың» бункері толып еді, соны күтіп тұрған Талғат Олжабаев көлігімен бара қойды. Комбайн шанағынан жүк көлігінің қорабына жаңа егіннің астығы құйылып жатыр. Комбайншы Николай Попов осымен үшінші маусымға қосылған жаңа комбайнның мақтауын әбден-ақ жеткізді. Кабинасы сондай жайлы, кондиционері, тоңазытқышына дейін бар. Ал мен бір кездері шаң-тозаңға көміліп, ыстыққа күйіп, баяғы кабинасыз, кеңестік «СК-4»-те жұмыс істегенімді еске алдым... Бұл арада сынған тетігі орнына салынған «Челенджер» де белуардан келетін егіннің бір жағынан барып жатка салды. Арпадан соң серіктестік 700 гектар бидай мен жиырма гектар элиталық бидайды орып алмақ. Жығылған астықты жатканы мейлінше түсіріп, баяу жүріспен қырып алудың амалы қарастырылуда. Онсыз мына жағдайда ысыраптан құтылу мүмкін емес. Элиталық сорттардың бір дәнін де шашау шығармай тұқымға дайындайды. Оның егіс көлемін жылдан-жылға көбейтіп алып, болашақта сатып, пайда көзіне айналдырмақшы. Айтпақшы, өткен аптада осы «Нұрал» ЖШС-ның егістігі басында аудан аграршыларының «Егінжай күні» семинары өтіпті. Оған Егіншілік ғылыми-зерттеу институтының мамандары да келіп қатысып, элиталық тұқымды астық өсірудің артықшылығын жан-жақты түсіндірген. Биыл институтпен ынтымақтаса жұмыс істеуге бейілді агроқұрылымдардың қатары көбейе түсетін тәрізді. Бұған өз орталарындағы «нұралдықтардың» тәжірибесі үлгі болуда. Қордай ауданы.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».