Экономика

Жуалыда жан сүйсінтер істер бар

Жуалыда жан сүйсінтер істер бар

баспасөз туры барысында журналистерге өңір игіліктері көрсетілді

Елбасы Жолдауы, Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының орындалу барысын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында Жуалы ауданында өткен баспаcөз турында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ауданның бірқатар өндіріс орындары мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Бұл шараны өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.

Алдымен Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұражайына барып, ондағы құнды жәдігерлерді тамашалаған бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Б.Момышұлы ауылында орналасқан «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу жұмыстарымен танысудан бастады. 2004 жылы ашылған кәсіпорын негізінен сүт өнімдерін шығарумен айналысады. Бұл туралы серіктестік басшысы Лечи Оздамиров әңгімелеп берді. – Біз аудан шаруашылықтарынан және жеке адамдардан күнделікті сиыр сүтін жинап, одан чечил, голландтық, ресейлік, пошехондық сары ірімшіктер және сары май өндіреміз. Жаз мезгілінде алкогольсіз сусындардың сегіз түрін шығарамыз. Оларды тұтынушылардың дені – аудан, облыс тұрғындары. Белгілі мөлшерде республикалық сатылымға да шығарамыз, – деген серіктестік басшысы Лечи Оздамиров қарамағында он бес адам жұмыс жасайтынын, олардың орташа жалақысы 35-40 мың теңгені құрайтынын жеткізді. Бұдан соң, аудан орталығындағы спорт кешенінде болған журналистер осыдан екі жыл бұрын ғана іргесі қаланған ғимараттың бүгінгі қызметінен хабардар болды. Жаңа нысанда аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан. Ауданның он бір ауылында жастарды әр алуан спорт түрлеріне баулитын бөлімшелері бар спорт мектебінде қазіргі таңда 704 спортшы жаттығады. Оларға 25 жаттықттырушы бар білгенін үйретуде. Жаттықтырушылар қатарында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, жоғары санатты және республикалық деңгейдегі төрешілер де бар. Аталмыш спорт мектебінің спортшыларының жеткен жетістіктері аз емес. Ол туралы спорт мектебінің директоры Данияр Әбілов сөз етті. – Біздің спортшылардың қол жеткізіп жатқан жеңістері жетерлік. Атап айтар болсақ, Ардақ Қанибай – қол күресінен әлем чемпионы, Абылай Қалып – Азия чемпионатының күміс жүлдегері. Ал бокстан қыздар арасында Әйгерім Ошақбай – Болгарияда өткен әлем чемпионатының үшінші орын иегері, Сербияда өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы. Елена Шернукова да әлем чемпионатының үшінші орын иегері. Бұл екеуі де Қазақстан Республикасының чемпиондары. Сондай-ақ, ел чемпионатының жүлдегерлері Ақерке Дүйсеналы мен Балнұр Қалдарбектер де болашағынан зор үміт күттіретін боксшы қыздар. Волейбол, таэквондодан спортшы ұлдарымыздың жетістіктері сүйсінтеді, – дейді ол. Жеке кәсіпкер Гүлмира Әсемованың қолға алған шаруасы да игілікті істің бастауы. Бүгінде шағын тігін цехын ашып, түрлі үлгідегі киімдер тігумен айналысып отырған Гүлмираның қарамағында бес тігінші қыз қызмет етеді. Олар тұрғындардың сұранысы бойынша тапсырыс алып, жұмыс жасайды. Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы той киімдерін тігіп, жалға беру, сатумен айналысатын Гүлмираның арманы асқақ. Ол «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы бойынша 12,3 миллион теңге несие алып, жаңа тігін құрылғыларын сатып алған. Ендігі мақсаты – жұмысшылар санын арттырып, облыстық, республикалық деңгейге көтерілу. Десек те, өзінің айтуынша, аудан тұрғындарынан үздіксіз түсетін тапсырыстардың өзі тігіншілерге әжептәуір жұмыс болып отыр. «Біздің қазақи нақыштағы той киімдерінің жалға берілу бағасы қалалық жердегі сатылымға қарағанда әлдеқайда арзанырақ. Сапасы да жақсы. Қазіргі кезде балаларға арналған ұлттық киімдер тігудеміз», – деген Гүлмира өзінің сүйікті ісімен айналысып отырғанына дән риза. Аудан орталығынан ең шалғай жатқан Қошқарата ауылындағы жаңа мектептің құрылыс жұмыстары да қызу жүргізілуде. 240 оқушыға арналған білім ордасының құрылысын қолға алған мердігер «Жігер-2004» компаниясы мектепті ағымдағы оқу жылына дейін аяқтамақ. «Қазірдің өзінде мұндағы жұмыстардың сексен пайызы бітті», – деген ауыл әкімі Мелдебек Айдосов ескі мектептің апатты жағдайда болғанын, шалғайдағы ауыл тұрғындары мен оқушылар үшін жаңа оқу жылында бұл үлкен қуаныш, керемет тарту болатынын айтты. – Бұл біздің отбасылық кәсібіз десек те болады. Жекеменшік балабақша ашу отбасымыздың ортақ ойынан туындады. Ақылдаса келе өзіміздің құрылысы жаңа үйімізді балабақшаға арнайы ыңғайластырып, керек жабдықтармен әрлеп, сәндедік. Әлбетте, бұл ретте Үкіметтің қолдауы көп болды. Әр баланы 7500 теңгеден қабылдаймыз. 2-6 жас аралығындағы балалар тәрбиеленуде. Олар ойын барысында, оқу барысында жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп отырады. Екі тәрбиеші, бір бала күтуші қызмет етеді, – дейді аталмыш балабақшаның директоры Алтынай Шәмшиева. Жуалы ауданындағы баспасөз турын журналистер «Бурное-Солар-1» ЖШС-ның күн электр стансасының жұмысымен танысумен аяқтады. Орта Азиядағы теңдесі жоқ қуаттылығы 50 мегаватты құрайтын жоба келер жылы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі барысында қонақтар назарына ұсынылмақ.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.