Денсаулық

Еуро-2016: Мінезі қиын қаһарман

Еуро-2016: Мінезі қиын қаһарман

Биылғы Еуропа чемпионатының ең үздік ойыншысы Антуан Гризманн туралы не білеміз? 6 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген, Франция құрамасының көшбасшысы болған бұл қаһарман қайдан шықты?

Антуан Гризманн футболшы отбасында дүниеге келді. Әкесі Алан Лион қаласынан 80 шақырым қашықтағы «Макон» командасын жаттықтыратын. Аланның шыққан тегі эльзастық болса, анасы Изабель португал қызы еді. Антуан өте ширақ бала болды. Мектеп есігін ашпай-ақ өз дегенінен қайтпайтын, айтқанын істететін қиқар еді. Жеті жасында шашын бояй бастады. Сабаққа тіпті қызықпайтын.

Перзентінің бұл мінезі қырсықтық емес, бойына сыймай жатқан шексіз энергиясы екенін Алан жақсы түсінді. Сөйтіп, Антуанды ақырындап доппен достастыра бастады. Бірақ Антуан кіп-кішкентай, оған қоса шіп-шидей, сырт қараған адамға тым әлжуаз көрінетін бала еді. Соған қарамай, ол ата-анасымен жиі ренжісіп қала беретін. Дәптеріне мұғалімнің тапсырмасын емес, өзінің футбол жұлдызы ретінде белгілі телеарнаға сұхбат беріп тұрған суретін салудан жалықпайтын.

Шидей сары баланың бұл арманы мүлде іске аспауға айналды. Өйткені, әкесі Антуанды қандай футбол мектебіне апарса да, бойының қысқалығы мен әлжуаздығын көлденең тартып, ешқайсысы ыңғай бермеді. Сөйтіп, 8 жыл бойы кіші Гризманн әкесінің әуесқой «Макон» клубының балалар командасында доп тепті. Дегенмен қазір Антуан әкесіне іштей зор алғыс жаудыратын болар. Футбол әліппесін жақсы оқығанының арқасында ол бүгінде әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналып отыр ғой.

Монпельеден – Сан-Себастьянға

14 жасында Антуан «Монпелье» академиясында сынақтан өтті. Бұл 2005 жыл еді. «Монпелье» Гризманнды сынақ уақытына қалдырды. Парижде «Пари-Сен-Жермен» командасының балалар командасымен өткен жолдастық кездесу қарға бойлы қаһарманның тағдырына үлкен өзгеріс әкелді. Матчтың соңында әлдекім оның қолына бүктеулі қағаз ұстатып, есікке дейін ашпауын өтінді. Антуанның жүрегі тарсылдап кетті. Есікке жеткенше әзер шыдап, қағаздың бүктеуін асыға жазды. Онда біреудің есімі мен телефон нөмірі жазылыпты. Антуан дереу нөмірді терді.

Сөйтсе, Гризманнға қағазды ұсынған Ерік Ольхатс есімді скаут екен. Ол Антуанның «Пари-Сен-Жерменге» қарсы көрсеткен ойынына қатты сүйсініп, Испанияның Сан-Себастьян қаласындағы «Реал Сосьедад» командасына шақырды. Антуан өз құлағына өзі сенбеді. Дереу Тунисте демалып жатқан ата-анасына хабарласты. Олар әуелде қарсы болғанмен, перзенттерін жіберуге ақыры келісті. Келіспеске амалдары да жоқ еді, Антуанға басқа «құда түсушілер» тіпті жоқ болатын.

Арманына алғашқы қадам жасаса да, Антуанға ақыл кіре қойған жоқ. Ол әуелі Ольхатстың Байонна қаласындағы үйінде жатып оқыды. Сабаққа Францияға келіп, футбол тәлімін Сан-Себастьяннан алып жүрді. Сосын түбегейлі Испанияға ауысып тынды. Испан тілін меңгеріп кетуі тым қиынға соқты. Басқа командаластары жатпай-тұрмай жаттығып жүргенде, Антуан мектеп тәртібін бұзу мен футбол стимуляторын ойнаудан чемпион атанудан танбады. Әке-шешенің қасынан алыстау да оған оңай соққан жоқ. «Кейде түнде ешкімге көрсетпей жылап алатынмын» деп еске алады ол.

Бір күні Примера кестесі аясында Сан-Себастьянға «Реал» келді. Антуан да корольдік клубтың аты аңызға айналған футболшыларының ойынын аузын ашып тамашалады. Ойыннан соң ол Зинедин Зиданның қасына барып... футболкасын емес, шортысын естелікке сұрады.

Ласарте таныған дарын

«Реал Сосьедад» академиясында оқыған жылдары Антуан балалар командасынан бастап барлық сатыдан өтті. Алайда 18 жасқа дейін екінші команданың негізгі ойыншысына да айнала алмап еді. «Реал Сосьедад» командасы бұл кезде Сегунданың (Испания І лигасының) ортақол командасы болатын. 2009 жылы команданың тізгінін уругвайлық Мартин Ласарте есімді маман ұстады. Ол команданың ойынына төңкеріс жасайтынын мәлімдеді. Алайда шеттен мықты ойыншылар сатып алуға қаржы жоқ еді. Ласарте «Реал Сосьедадтың» жастар командасының ойынын тамашалап, Денис Суарес пен Антуан Гризманнды негізгі командаға шақырды. Сөйтіп, Антуанның талантын тап басып таныған осы Ласарте болды.

Алайда талантты тану бір бөлек те, оған алаңнан ыңғайлы орын табу бір бөлек. Ұшып-қонып, кеудесін кернеген жалынды қайда жұмсарын білмей жүрген Гризманн өзінің сүйікті шабуыл шебіне емес, жартылай қорғаныстың сол қанатына мәжбүрлі түрде ауыстырылды. Өйткені, бұл шептегі негізгі ойыншы жарақаттанып қалған еді. Осы күтпеген өзгеріс Антуанның жолын ашты.

2009 жылдың 2 қыркүйегінде Гризманн «Реал Сосьедад» сапында тұңғыш рет ресми ойынға шықты. Ол «Райо Вальеканоға» қарсы кездесуде 77 минутта командаласын алмастырды. Бұл Король кубогындағы кездесу еді. Арада 4 күн өткенде ол Сегундадағы тұңғыш кездесуін де өткерді. 27 қыркүйек күні «Уэска» командасының қақпасына гол соғып, кәсіпқой деңгейдегі алғашқы голын атап өтті. Сөйтіп, алғашқы маусымында Гризманн 39 матчқа қатысып, 6 доп соқты. Күні кеше ғана мамандар «бойың кішкентай, шамаң аз» деп менсінбейтін футболшы 90 минут бойы тынбай жүгіретін дәрежеге жетті. Франция жасөспірімдер құрамасына да шақырылып, 19 жасқа дейінгі командалар арасында Еуропа чемпионы атанды.

«Реал Сосьедад» сапында Антуан екі маусымды өте жоғары деңгейде өткізді. 2014 жылы ол өзін өсірген командамен келісім-шартты ұзартудан бас тартты. Команданың президенті Хоакин Аперрибай Гризманнды келісім бойынша соңғы бір жылды «Реал Сосьедад» сапында өткіздіруге немесе үлкен бағаға сатуға тырысты. Бірақ жас талантты алғысы келетін команда 30 миллион еуро төлеуге тиіс болатын.

Гризманның өзіне «Ювентус», «Арсенал» сияқты мықты командалардан ұсыныс түсіп те жатқан-ды. Бірақ бәрін Симеоненің қоңырауы бұзды. Ол Антуанға өзі телефон соғып, «Атлетикоға» шақырды. Мадридтік клуб «Реал Сосьедадқа» 32 миллион еуро төледі.

Есейткен айып

2013 жылдың қазан айында Антуан өмірдің ащы сабағын алды. Франция жастар құрамасы сапында ол Гавр қаласында жиынға қатысып жатқан-ды. Құрлықтың жастар чемпионатының финалдық кезеңіне шығу үшін француздар Норвегиямен кездесуге дайындық жасап жүрген болатын. Кешқұрым Гризманн бастаған үш-төрт ойыншы сытылып шығып, Парижге тартып кетті. 2,5 сағат жол жүріп, 3-4 сағат түнгі клубта көңіл көтеріп, 2,5 сағат кері жүріп, таң қараңғысында оралды. Франция жастар құрамасы Норвегиядан 3:5 есебімен ұтылып, чемпионаттан тыс қалды.

Франция футбол федерациясы бас бапкерді орнынан алып, қыдырымпаздарды түрлі мерзімге айыптап тастады. Гризманн бір жыл құрамадан шеттетілді. Осы жаза Антуанның өмірге көзқарасын толық дерлік өзгертті. «Мен отбасымды, команданы, достарымды ұятқа қалдырдым. Бірақ олар маған сенімін жоғалтқан жоқ. Енді мұндай қадамға бармаймын. Футболшыға жарасатын қылық емес екенін ұқтым» деді ол. Бұдан кейін Гризманн футболға жаңа келгендей, жанкештілікпен ойнай бастады. Айыпталған уақытта ол испан примерасында гол+пас жүйесі бойынша 18 ұпай жинады. Бұл алдыңғы үш маусымдағы көрсеткіштерден әлдеқайда жақсы еді. Франция футбол федерациясы оның айып мерзімін шегеріп, Гризманн Бразилияда өткен әлем чемпионатына қатысты.

Симеоненің сабағы

«Атлетикода» Антуан футбол әліппесін басынан бастап қайта оқығандай күй кешті. Бас бапкер Диего Симеоне маусым алдындағы оқу-жаттығу жиындарында футболшыларының сорпа терін шығара дайындауды әдетке айналдырған екен. Гризманн әзер шыдады. Бірақ маусым басталғанда осы қиындықтың бәрі оң нәтижесін берді.

Симеоне әуелі Антуанды түрлі шепте сынап көріп, қай позицияда көбірек пайдалы екенін әбден зерттеді. Гризманн осы мықты бапкердің қолдауымен екінші шабуылшы ретінде жарқырай көрінді. Примерада екі маусым қатарынан 22 гол соғып, мергендер арасына тұрақты енді. Симеоне Гризманның нәтижелілігі ғана емес, командалық ойыншы ретіндегі көрсеткіші де өсе бастағанына сүйсініп жүрді. Сөйтіп, клубтық футболда ең басты жүлделерді кезек иеленіп жүрген Криштиану Роналду мен Мессидің ортасына осы бір шатақ мінез қаһарман да сыналап ене бастады. Франция ұлттық құрамасы сапындағы тұңғыш ойынын Гризманн  2014 жылдың 5 наурызында Голландия құрамасына қарсы өткізді. Осы жылдың 1 мамырында Парагвай қақпасына гол соғып, өзінің ұлттық құрамадағы тұңғыш голын тіркеді. Бразилиядағы әлем чемпионатында ол 5 ойынға қатысып, Нигерия қақпасына бір доп енгізді.

Күні кеше аяқталған Еуропа чемпионатында Гризманн Франция құрамасы сапында күміс медаль иеленіп, турнирдің бас мергені (6 гол) атанды. Турнирдің «Алтын бутсысын» иеленді.  Сарапшылар кеңесі Антуан Гризманды Еуро-2016 додасының ең үздік футболшысы деп таныды.

Осылайша, бала жасынан биікті аңсаған Антуан арманына жетті. Енді одан футбол жұлдызы ретінде сұхбат алғысы келетін журналистерде есеп жоқ. Бірақ өз елінде өткен турнирде Гризманн чемпион атанса да жаман болмас еді. Дегенмен оның әлі уақыты бар. 2018 жылғы әлем біріншілігінде де оның жасындай жарқырайтынына күмәніміз жоқ.

 

Ақпарат көзі: BNews.kz