Экономика

Әуе жолы бағыт тары көбейе түсті

Әуе жолы бағыт тары көбейе түсті

Бұл жаңалықты біз бұрын жазғанбыз. Өткен сенбіде ол нақты жүзеге асып, «Худжант – Тараз – Сургут» бағыты бойынша БОИНГ-737-300 әуе кемесімен ұшып жеткен алғашқы жолаушыларды қарсы алу рәсімінің куәсі болды. Сол күні Тәжікстанның Худжант қаласынан Таразға жеткен 47 жолаушының 45-і Сургут бағытында ұшуын одан әрі жалғастырды. 

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков «SCAT» әуе компаниясы мен «Әулиеата» халықаралық әуежайы басшыларына өңір жұртшылығы атынан алғысын жеткізді. Бекболат Серікбекұлының айтуынша, әуежай кешенін қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 4,6 миллиард және «SCAT» әуе компаниясы тарапынан 2,5 миллиард теңге бөлініпті. Алдағы уақытта жаңа «Нижневартовск – Тараз – Нижневартовск», «Тюмень – Тараз – Тюмень» әуе бағыттары ашылатын болады. Б.Орынбеков баспасөз мәслихатында сондай-ақ таяу жылдарда Тараздың бірқатар елдер мен ірі қалалардың транзиттік орталығына айналатынын ерекше атап өтті. Бұдан әрі «SCAT» компаниясының вице-президенті, «Әулиеата» халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Д. Хамзин, облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің жетекшісі А. Муллажанов жаңа әуе бағытының ашылуына орай құттықтау лебіздерін білдірді.

Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».