15 жамбылдық студент келесі оқу жылында Оңтүстік Корея мемлекетінде оқуы мүмкін. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіге қатысқан Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов осылай мәлімдеді.
Ерболат Саурықовтың айтуынша, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті 2014-2015 оқу жылында жоспарлы мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы білім саласындағы бақылау комитетінің бұйрығымен 23 бакалавр және 10 магистратура мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізіп келеді. Университет профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуеті жоғары.
Студенттерге 20-ға жуық ғылым докторы, 80-нен астам ғылым кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкерлері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегерлері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары сапалы білім беруде.
ҚР Білім және ғылым министрілігімен бекітілген 2011 жылға арналған кредиттік оқу технологиясын жетілдіру жоспарында Болон үдерісін іске асыру аясында оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға көп көңіл бөлінуде.
Академиялық әріптестікті жетілдіруге мүдделі отандық университеттердің қатары артып келеді. Сондай-ақ, Германия, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Түркия, Латвия, Қырғызстан, Өзбекстан және т.б. мемлекеттермен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде әріптестік туралы келісімшарттар жасалып, ортақ білім беру қызметі жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, осындай ортақ мақсат аясында 30-дан астам студент аталған жоғары оқу орындарында өз білімін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Университетте оқытылатын корей тілінің мамандары арнайы шақыртылып, баспанамен қамтылды. Бүгінгі таңда 15 студент корей тілін меңгеріп, келесі оқу жылдарында Оңтүстік Корей мемлекетіне жолдамамен бару мүмкіндігіне ие болады.
Университет профессор-оқытушылары Қытай мемлекетінің жоғары оқу орындарында іс-сапарда болып, білім мен ғылымды инновациялау бойынша тәжірибе жинақтауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін шет мемлекеттерде жариялауға мүмкіндіктер алуда.
«Сонымен қатар, 6 ғылыми бағыттағы гранттық жұмыстар «ҰҒТАО» АҚ-да тіркеліп, атқарылуда. Нәтижесінде былтыр 400-ден астам ғылыми мақалалар жарияланды. Оның 58-і шетел баспаларында шықты. Сонымен қатар, шет мемлекеттердің ЖОО-да университеттің профессор-оқытушылар құрамы біліктілігін көтеріп, тәжірибе алмасу дәстүрге айналған.
Университет кәсіптік қызметі мен әлеуметтік-экономикалық жетістіктері үшін Францияның Канн қаласындағы Халықаралық Іскер Кеңесі (ХІК) мен Женевада орналасқан «Бизнес және басқару» INSAM институты қорының шешімімен жоғары деңгейдегі іс - тәжірибелері мен жетістіктері үшін «Европалық грант» номинациясы бойынша арнаулы сыйлықты иеленген», - деп мәлімдеді Е.Саурықов.
Ақпарат көзі: ҚазАқпарат