Денсаулық

Головкин Қарағандыдағы бизнес-жобаға инвестиция құйды, алайда шаршы алаңнан кетуді жоспарлап отырған жоқ

Головкин Қарағандыдағы бизнес-жобаға инвестиция құйды, алайда шаршы алаңнан кетуді жоспарлап отырған жоқ

Қарағандыда көмір байыту фабрикасы ашылды. Оған қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин инвестиция құйды. 20160705155319 «Біз бүгін көмірді қайта өңдеуде озық технологияларды пайдалануды енгізуге негізделген жаңа өндіріс ошағын ашып жатырмыз. Бұл өндіріс Қарағанды өңірінің экономикасының дамуына өз үлесін қосады деп ойлаймыз. Бұл өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жоғары болады деп санаймын», - деді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жобаны іске қосу шарасында. Фабрика қуаттылығы жылына 500 мың тонна. Кәсіпорын құрылтайшылары: «KAZ Феррит» ЖШС, «Самрұқ қазына» Ұлттық әл ауқат қоры және белгілі қазақстандық боксшы Геннадий Головкин. «Кәсіпорынның құрылтайшыларының бірі жерлесіміз Г. Головкинге алғыс айтқым келеді. Ол әлемдік спорттық аренада Қазақстанды әйгілі етіп қана қоймай, сонымен қатар экономикамызды дамытуға ниетті. Осындай жобалар арқылы өз үлесін қосып жатыр», - деп атап өтті облыс әкімі. Г. Головкиннің сөзіне қарағанда, оның бизнесін басқаратын сенімді тұлға бар. Сонымен қатар ол кәсіби-мамандар тобына сенетінін атап өтті. Спортшы кәсіпорындағы үлесін атамады. «Аталған жобаның құрылтайшыларының бірімін. Менен басқа өзге құрылтайшылар бар. Жекпе-жектерден алынған қаражатты құйдым. Шетелден тапқанымды үйге әкелдім, - деді Г. Головкин журналистерге берген сұхбатында. - Көмір саласы маған жақын. Әкем 35 жыл шахтада жұмыс істеді. Бұл отбасымның ажырамас бөлігі, тарихы». Ол өзге бизнес жобалар да қарастырылғанын айтты. Боксшы спорт саласына да қаражат бағыттауды ойластырып жүргенін жеткізді. Г. Головкин шаршы алаңнан кетпейтінін айтты. «Мені зейнетке шығарғыларыңыз келе ме? Мен әлі ойлағанымның барлығын жүзеге асырмадым. Жоспарларым бар, - деді ол. - Барлық белдеуге ие болу мақсатын алдыма қойғаным баршаға аян.  Яғни Қазақстанымызға тарихи сәт, азаматтарымызға сыйлық жасағым келеді. Мақсатқа жетуге ұмтылып жатырмыз. Қолымыздан келеді деп ойлаймын». «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС бас директоры  Қайрат Найзабеков хабарлағандай, жобадағы мемлекеттік инвестициялық компанияның үлесі 25%-ды құрайды.

Ақпарат көзі: ҚазАқпарат