Әлеумет

Астанамен мақтанамыз

Астанамен мақтанамыз

Астана қаласы Мәңгілік Елдің ең көрікті шаһарының біріне айналды. Қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгерді. Заманауи үлгідегі жаңа ғимараттар бой көтерді. Орталық алаңдағы «Бәйтерек», «Хан шатыр», «Бейбітшілік және келісім сарайы», жаңадан «Опера және балет театры» тағы басқа небір жоғары оқу орындары салынып, түзу де сәулетті көшелер бой түзеді. Халық демалатын жасыл алаңдар, ұлттық үлгідегі жаңа тұрғын үйлер көптеп салынуда. Оның барлығын айту мүмкін де емес. Қысқасы, қаланы көрсең – бойыңды мақтаныш сезімі билейді. Келген қонақтарға ұялмай көрсетіп, мақтанасың. Бұл – біздің Қазақтың Ұлы Даласындағы Сарыарқа төсіндегі қаламыз. Осыдан-ақ Қазақстанның жеткен жетістігі көрінбей ме? Қазір қалада бір миллион халық тұрады. Көбісі еліміздің түкпір-түкпірінен барған жастар. Солардың ішінде үлкен қызым Анар – Еуразия ұлттық университетінде оқытушы, ал, қызы Диана биыл Заң университетін бітірді. Кіші ұлым Жанат – жоғары білімді, шетелдік компанияда директордың орынбасары, келінім Ләззат – бір мекемеде бас бухгалтер, ал ұлы Доллан, ал қызы Әмина мектепте 8-9 сыныптарда оқыса, кішісі Асылан балабақша тәрбиесінде. Ең кіші қызымыз Фарида Мәдібекова – Халықаралық шет тілдерін оқытатын орталықтың директоры, ал оның ұлдары Ерік пен Руслан мектепте оқиды, қызы Венера үй тәрбиесінде, Жолдасы Сәкен бизнеспен айналысады. Астана болашақтың қаласы деп ойлаймын. Біздер, ата-аналары, ауылда солардың тілекшісі болып отырамыз. Жазда ауылға келіп, асыр салып демалып қайтады. Бір жолы барғанда Астана қаласының шетіне егілген тал-теректерді, оның ұшан-теңіз көп екенін көріп таңғалдық. Ол қалаға таза ауа, көрік беріп тұр екен. Осының бәріне басшылық етіп отырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев деп білдік. Ол үшін рахмет айтамыз, ол кісіге зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін. Жасай бер, Астана!

Бақытжамал Базарбаева, еңбек ардагері.

С.Шәкіров ауылы, Талас ауданы.