Әлеумет

Қазақты Әлемге паш еткен Астана

Қазақты Әлемге паш еткен Астана

1b78c905b8c192d954050a462b37febb_resize_w_1140_h_696Дария ҚОЖАМЖАРОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Төл тарихымыздың тұңғиығына үңілер болсақ, осыдан 13 ғасыр бұрын бабаларымыз «Елім бар жұрт едім ғой – елім қайда, Төрім бар жұрт едім ғой – төрім қайда?» деп айтып кеткен екен. Уақыт өтті. Заман өзгерді. Сан ғасыр бойы қатаң режім қаһарына мініп, қазаққа қыл бұрауын қанша күшейткенімен Тәңірі жарылқап, тарих қолдап Тәуелсіздік алдық. Егемен ел атандық. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде бабаларымыздың 13 ғасыр бойында орындай алмай келе жатқан асыл арманы, келешегі кемел елі дүниеге келіп, сайын даланың төсінде, Есілдің қос жағасында, әлем сүйсінген әсем Астананы салдық. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді» деген осы. Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен ел басына күн туған сонау бір қиын-қыстау замандарда Білге қаған бүй деген екен: «Баз кешсек – өкінерміз, жаңылыссақ – түзелерміз! Біріксең етті, Елім!». Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем, тереземіз өзге елдермен тең. Күллі жұрт таныған ажарлы Астана салуымыз соның нақты айғағы іспеттес. Бағамдасаңыз, бұның бәріне керіспей, жанжалсыз, соғыссыз, жасампаздық һәм бейбіт жол арқылы жетіппіз. Ол «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған», бірлігі мығым елі, білікті төрі бар, сарабдал көпшіліктің ғана қолынан келмек. Расында да, бүгінгідей алмағайып заманда даңқы артқан, сәулеті асқан Астана салу жорыққа шығудан әлдеқайда қиын. 050720140_51860_41318b20_orig 2040_dsc03++684_originalАстананы салу – өткендегілердің арманын орындап, бүгінгілердің мүддесін түгендеп, ертеңгілердің мерейін тасыту. Астананы салу – ел орталығын бір қаладан екіншісіне көшіру ғана емес, өзіндік мемлекеттік философиясы, стратегиялық ұмтылысы, геосаяси орналасуы бойынша жаңа Астананы салу Нұрсұлтан Назарбаевтың нағыз стратегиялық, көрегенділік шешімі болып табылады. Тарихта қалалар, тіпті, астаналар салған адамдар болған. Мәселен, Ресейде Санкт-Петерборды салған I Петр, XX ғасырда ел Президентінің Жарлығымен Бразилияда жаңа ел орталығы – Бразилия салынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі бойынша бой көтерген Астана архитектуралық қана емес, сонымен қатар Қазақстан тәуелсіздігінің, билік пен халықтың бірлігінің жоғарғы саяси нышаны, мемлекеттің көрнекті туындысы болып табылады. Елбасы Астананың айрықша міндетіне былай деп баға береді: «Сарыарқаның төрінде жай ғана Астана пайда болған жоқ, әлемнің болашақ бесігі келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры өзара байланысқан. Егер біздің тарихымызда Астана болмаса, Қазақстан бүгінгі жетістіктерге жетпес еді. Астана Тәуелсіздіктің туындысы, өз кезегінде Астана біздің Тәуелсіздігімізді нығайтып, оны әрі қарай дамытуда». 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ берілді. Әлемдік беделді ұйым тарапынан мұндай марапатқа ие болудың себептері де жоқ емес. Өйткені, Астана – бұл бейбітшілік мәселелерін талқылайтын қала. Астана – бұл конфессияаралық келісімнің қаласы. Астана – бұл өзінің төл тарихында ұлы өркениеттердің тарихи, яки мәдени мұралары тоғысатын негізгі орталығы болған елдің ордасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары әлемді алаңдатқан өзекті мәселелерді шешу тетіктерін ұсынуымен белгілі. Мемлекет басшысының биыл Вашингтонда жарияланған ғаламдық саммитте «Манифест. Әлем. XXI ғасыр» атты маңызды құжаты әлемдік қауымдастықтың тарапынан аса үлкен қолдауға ие болды. Қазақ елінің басшысының жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған, алысты болжаған жаңа бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея тарапынан ресми құжат мәртебесіне ие болды. Бұл Елбасымыздың бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесі жөнінен әлем таныған жаһандық стратег деңгейіне еркін көтерілген ерен тұлға екендігінің айқын дәлелі болып табылады. Оған дәлел манифесте әлемді ядролық соғыстың ажал әкелер қатерінен құтқаруға бағытталған салиқалы ойлар берілген. Біріншіден, Президенттің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі жаңа форматқа өту керектігі туралы бастамасы өте орынды. БҰҰ-ның қарусыздандыру жөніндегі жаңа стратегиясының идеясы киберқылмыспен күрес жүргізілуге бағытталса, террористік әрекеттердің алдын алуға серпін береді. Екіншіден, Елбасының әлемдегі әскери ұйымдар мен блоктардан бас тартуға шақыруы, ең алдымен, қазіргі шиеленіске түсіп, бір-бірімен қырғи-қабақ соғыс жүргізіп жатқан, әскери әлеуеті мықты елдерді бір үстелдің басына жинауға алғышарт болады. Себебі, әскери ұйымдардың болуы ядролық қауіптердің ықтималдығын жоғарылатады. Үшіншіден, БҰҰ-ның базасында ядролық қаруларға қатысты ғылыми жаңалықтарды тіркеуге алып отыратын реестр құру бастамасы үлкен қолдау табуы керек. БҰҰ әлемдегі шиеленістерді шешетін маңызды ұйым болғандықтан, реестрді құру арқылы сан алуан қауіптің алдын алу механизмі жүзеге асатынына сенеді. Төртіншіден, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы аясындағы мемлекеттердің және әлем елдерінің осы мәселе аясындағы кооперациясы және өзара тәжірибе алмасуы әдеттегі практикаға айналуын қалайтын Мемлекет басшысының бастамасы басқа тараптардан қолдау тапса көп мәселе оңтайлы шешіледі деп күтілуде. Қазақстан өз тарапынан ядросыз әлем құру туралы күллі міндеттемесін жүзеге асырды. Тоқсаныншы жылдары Семей полигонын жауып, еліміздің ядролық қарудан бас тартуы – барлық отандастарымыз үшін тарихи кезең, қазіргіміз бен келешегімізге соны серпіліс беретін үлкен тарихи іс болғандығы белгілі. Қазақстанның осы мәселедегі ұстанымы әлемді ядролық зұлымдықтан сақтаудың алғышарты деп қабылдауға болады. Осыдан 15 жыл бұрын еліміз аймақтағы көршілерімізбен бірге Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Қазір де Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстың көш басында келеді. Біздің бұл тәжірибеміз әлемнің барлық мемлекеттеріне үлгі болады деген үміттемін. Қазақстанның зымырандық-ядролық арсеналы ауқымы жөнінен әлемдегі төртінші болса да, бейбітшілікті жоғары қойған еліміз осындай тарихи шешіммен әлемнің назарына ілікті. Сондықтан болар, әлемді ядролық қарусыздандыру саммиттеріне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы үлкен маңызға ие. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа бастамасымен өзінің өскелең ұрпақтың қамы мен күллі әлемнің тағдыры үшін алаңдаушылығын кезекті мәрте көрсетіп отыр. Аумалы-төкпелі кезеңде қандай да болсын дауды қарудың, қорқытып-үркітудің күшімен емес, келіссөздердің негізінде шешкеннен жапа шекпейтініміз бесенеден белгілі. Елбасының осындай игі қадамдарының бәрі айналып келгенде Қазақстанның Азия-Тынық мұхит мемлекеттер тобынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы ірі саяси жеңіс болды. Сөйтіп, Қазақстан жарғысы бойынша жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға өкілеттілік сеніп тапсырылатын БҰҰ-ның аса маңызды саяси органы құрамына сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет атанды. Иә, бүгінде бүкіл әлем Қазақстанның әлем таныған Көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығында қол жеткізген жетістіктеріне тәнті болуда. Елбасы Н.Назарбаев «Идеологияның басты мұраты – тәуелсіздігімізді баянды ету, мына шырғалаңы мол дағдарыс кезеңінен елді аман-есен алып өту, осыған дейінгі ғасырлар бойы жасалып келген рухани байлықтарымыздың қайнарларын бұзбай, оны өрісі кең әлемдік өркениетке ұластыру» деп алдымызға үлкен міндет қойғаны мәлім. Осынау ұлан-ғайыр міндеттерді орындау үшін Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін «Қазақстан-2050» Стратегиясына, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасына және «Бес халықтық реформаға» басымдық берді. Тәуелсіз Қазақстанның үнемі даму үстінде екендігінің куәсіндей, оның Арқа төсінен бой көтерген ару Астанасының ажары жылдан-жылға артуда. Талай дүбірлі жиындарда өткізілген Астананың келбетіне, оның болашағының зор екендігіне таңданбаған кісі жоқ шығар. Қай елдің болмасын алдымен астанасы дамиды. Олай болса, әлемге паш Астана өсіп-өркендей берсін. Жайнай бер, Астана!