Денсаулық

Америкалық марафоншы Дин Карназес Таразға таңырқай қарады

Америкалық марафоншы Дин Карназес Таразға таңырқай қарады

Америкалық марафоншы Дин Карназес Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің құрметіне мемлекет аумағының 525 шақырымын жүгіріп өтуді жоспарлаған екен. Бұл мақсатын Өзбекстан Республикасымен шекаралас шептен бастаған марафоншы жексенбі күні Жамбыл жеріне жетті. Аталған іс-шараға АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі қолдау көрсетіп отыр.

IMG_4323Марафоншыны Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылынан облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков бастаған азаматтар күтіп алды. Олар жеңіл атлетке қазақтың жоралғысымен дәм-тұз ұсынып, Айша бибі кесенесін аралатты. Содан соң марафоншы жамбылдық жас желаяқтармен бірге Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы саябаққа дейін 17 шақырымды жүгіріп өтті. 

Аталған саябақта марафоншыны жамбылдық жастар, спортшылар, БАҚ өкілдері және қала тұрғындары қарсы алды. Осы жерде америкалық жеңіл атлет көпшілікпен кездесу өткізді. Өз кезегінде марафоншы Дин Карназес өзін зор ықыласпен қарсы алған жамбылдықтарға алғысын білдіріп, алда келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтады. – Америкадан шығып мінекей сіздердің алдарыңызда тұрғанымды сөзбен айтып жеткізу қиын. Біреулер үшін бұл шындыққа жанаспайтын ертегі секілді дүние. Осындай қиын мақсатымды орындап келе жатқаныма қуаныштымын. Мен тек жүгіруге машықтанған қарапайым адаммын. Сіздердің баршаларыңыз маған құрмет көрсеттіңіздер. Өзіммен бірге жүгіріп келген тараздық достарыма рахмет. Олармен жол бойы сөйлесіп, танысып келдік. Осы жерге дейін Қазақстанның аумағымен 200 шақырым жүгіріп өттім. Тәуелсіз Қазақстан Республикасы өркендей берсін. Әлем тыныштықтың бесігінде тербеліп, екі елдің достығы, ынтымағы арта берсін. Достық жасасын! – деді америкалық марафоншы. Содан соң америкалық жеңіл атлет Тараз қаласының көрікті жерлерін аралап, шаһардың тарихи-танымдық келбетімен танысты. Сондай-ақ, марафоншы көршілес Қырғыз елінің шекарасына дейін тағы 17 шақырым аумақты жүгіріп өтті. Оның бұл саяхаты Алматы облысында жалғасады.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз.