Жаңалықтар

Елорданың «жеті кереметі»

Елорданың «жеті кереметі»

Әлемнің «жеті кереметі» секілді, әр елдің өзінің көз тартар көркімен, тарих тұнған болмысымен бағасы биік, орны бөлек, керемет жерлері, таңғажайып нысандары болады. Сол секілді, Қазақстанның «жеті кереметі» десек, ең алдымен көз алдымызда тарихи тамырын тереңнен алатын Айша бибі, Қарахан, Қожа Ахмет Яссауи сынды сан ғасыр бойы сыры ашылмаған тарихи ескерткіштер менмұндалайтыны сөзсіз. Ал тәуелсіздік жылдарында өсіп, өркендеп, құлпырып, көркейген Астанамыздың «жеті кереметін» түгендер болсақ, әуелі әсем де әрлі, биік ғимараттарды тізімге алатынымыз белгілі. Өйткені, Астана аз ғана жылдың ішінде сондай ғажайып нысандарымен, сымбатты сәулет өнерінің үлгілерімен әлемнің әдемі қалаларының біріне айналып үлгерді. Әлбетте, бұл бүгінгі Астананың сәнін арттыратын нысандарды саусақпен санап, «жеті кереметпен» ғана түгендеуге болады деген сөз емес. Шаһар шырайын арттыратын ғажайып ғимараттар Елордамызда жетерлік. Десек те, біз Астана күні қарсаңында бас қаламыздың көркіне көрік, сымбатына сұлулық қосып тұрған жеті нысанды Елорданың «жеті кереметі» деп белгілеп, таңдап көрдік.

«Астана-Бәйтерек» «Астана-Бәйтерек» монументі – Елорданың негізгі нышаны, оның, заманауи тілмен айтсақ, визит картасы деуге болады.

bayterek3

Жалпы, бәйтерек – ежелгі таным бойынша, тылсым қасиетке ие алып ағаш. Байырғы аңыз бойынша алып ағаштың басына самұрық құсы ұя салып, оған жұмыртқалаған. Металдан тұрғызылған бұл конструкцияның биіктігі 105 метр және бес жүзге тарта қадамен бекітілген. Тұңғыш рет диаметрі 22 метр және салмағы 300 тонна болатын шынымен жабылған шар осындай биіктікке көтерілді. Келушілер панорамалық лифтімен әйнек «шарда» орналасқан кең залдарға көтеріліп, «құс ұшатын» биіктіктен егеменді Қазақстанның жаңа Астанасының көркін тамашалай алады.

«Хан Шатыр»

11038019

«Хан Шатыр» – Орталық Азиядағы ең үлкен ойын-сауық және сауда орталығы, әлемдегі шатыр іспетті ең биік ғимарат. Астана архитектурасында үйлесімді орнын алған ол Президент резиденциясы мен Үкіметтік ғимараттар кешенінен бастау алатын қаланың басты орталық белдеуін аяқтап тұр. Шатырдың құрылысына пайдаланылған технологиялар мен материалдар теңдесі жоқ болып табылады. Шатырдың қайталанбас қабаты оны Астана халқына үйреншікті болып кеткен сырттағы боран мен аяздан қорғап, іште қысы-жазы қолайлы климат ұстап тұруға мүмкіндік береді. Әрдайым жайдарлы ауа райы мен күн нұрының төгілуі «Хан Шатырға» тән белгі болмақ. Табиғатта түрлі климаттық белдеулерде өсетін жасыл желектерді мұнда сатылы террасадан кездестіруге болады. Осының барлығын ең жоғары террасада орналасқан қарау алаңынан тамашалап, тамсана аламыз. Ғимараттың орталығындағы кең алаң көрме және ойын-сауық шараларына арналған. 40 000 шаршы метр жайлы аумағы дәмхана, мейрамхана, кинотеатр мен дүкендерге берілген. Сауда мен қызмет көрсету нысандарынан басқа, осы жерде заман талабына сай фитнес орталығы, сұлулық салоны және тағы басқа қажеттіліктерді табамыз. «Нұр-Астана» мешіті

99830_1441341689

Астана қаласында орналасқан мешіт. «Нұр Астана» мешіті 2005 жылдың 2 наурызында ашылды. Мешіт Астана қаласындағы Есіл ауданында орналасқан. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылды. Мешіттің жобасын ливандық сәулетші Чарльз Хафиза жасаса, құрлысының бас мердігері – Түркияның «Пасинер» компаниясы. Ішкі әрлендіру жұмыстарына отандық сәулетшілер мен дизайнерлер атсалысып, жазулар ислам каллиграфиясы мен араб графикасына сәйкес өрнектелген. Безендіру және көркемдеу жұмыстарының авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкенов. Қажетті материалдар мен бояулар Санкт-Петербург, Испания және еліміздің өз кәсіпорындарынан алынды. Діни кешен ерлер мен әйелдердің ғибадатына арналған залдардан, әрқайсысы 62 метр биікке созылған төрт мұнарадан, қос субұрқағы бар ашық ауладан және имамның үйінен тұрады. 5000 адам сыятын сәулет туындысы ливандық шебер Чарльз Хазифтің жобасы бойынша салынды. Мешіттің бас күмбезінің биіктігі – 43 метр. Ғимарат барлығы 3930 шаршы метр аумақты алып жатыр.

Бейбітшілік және келісім сарайы

Olf8vzaZ2wllOCDpDwIBfsw3IRMqn6

Атақты сәулетші Норман Фостер – Астананың бірегей құрылысы болып табылатын Бейбітшілік және келісім сарайының жобасының авторы. 15 метрлік қырда салынған пирамида түріндегі ғимарат шыны мен граниттен қапталған сарай конфессияаралық және ұлтаралық келісім символына айналып отыр. Жыл сайын мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысы өткізіледі. Осы жерде халықаралық форумдарда әлемдік дін өкілдері кездеседі. Бейбітшілік және келісім сарайында 1500 орындық тамаша опера залы орналасқан.

«Думан» ойын-сауық кешені

13-04-2016-Duman

Елорданың сол жағалауында 3D-кинотеатр, «Джунгли» аттракционы, боулинг, көп функционалды зал, қонақ үй кешені, дәмханалар желісі, сауда залдары, балалар ойын алаңы және бірегей мұхит аралы бар «Думан» ойын-сауық кешені орналасқан. Мұхит аралдың бас тоғанының көлемі 3 миллион литр теңіз суын құрайды. Теңіз суын дайындау үшін жыл сайын 120 тоннаға жуық арнайы теңіз тұзы пайдаланылады. Мұнда жер шарының әртүрлі теңіз фаунасының 100-ден астам түрінен 2000-нан аса теңіз мекендеушілері мекендейді.

«Отан Ана» кешені

Kazakh_Eli_monument

Жоңғар шапқыншылығы мен Ұлы Отан соғысы кезінде ерлікпен қаза тапқандардың құрметіне салынған. Ұзындығы 24 метрді құрайтын мемориал ортасында граниттен тұрғызылған таста алтын шара ұстаған әйел бейнеленген. Қолындағы шара – тыныштық пен гүлденудің белгісі. Барельефтің оң жағында кеңес әскерлері, ал сол жағында жоңғар шапқыншылығында қаһармандық танытқан қазақ батырлары бейнеленген. Төменгі жақта мәңгілік алау орналасқан.

«Қазақ елі» мемориалды кешені

Мәрмәр монумент – кең-байтақ Қазақ жері мен оның халқының бірлігін, болашақта көркейіп, дамуының белгісі. Биіктігі 91 метрге жететін монумент Қазақ елінің 1991 жылы егемендік алғанын бейнелейді. Монумент шыңында алып құс самұрық, төрт жағында «Алғашқы Президент пен Қазақ халқы», «Қаһарман», «Болашақ» және «Жасампаздық» қола барельефтері қашалған.

Әзірлеген Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».