Әлеумет

Батаменен ер көгерер

Батаменен ер көгерер

Осы күні Болатханды жұрт «Елбасымыздың қолынан қаламсап алған жігіт» дейді. Әрине, мұндай ерекше жағдайды бастан өткеру – жастың арманы. Біз Елбасынан алған сыйлығын ерекше қастерлеп жүрген Болатхан Көптілеуовке Астана күні қарсаңында арнайы жолыққан едік.

Ең әуелі еліміздің Президентімен кездескен сәтін айтып беруін өтіндік. «2011 жылы Астанада Елбасымыздың алдында сөз сөйлегенмін. Ол кезде Мемлекет басшысымен тілдесудің сәті түспеді», – деп бастады әңгімесін. – 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының ХV съезіне делегат болып сайландым. Елбасымен осы жолы қалайда жүздесуге тиіспін деп өзіме мақсат қойдым. Партиямыздың кезектен тыс өткен ХV съезі ел өмірінде айтарлықтай елеулі оқиға, тарихи жағдай болды. Өйткені, онда көптеген өзгерістер, жаңалықтар орын алды. Мәселен, партияның басты құжаты – Доктринасы қабылданды, атауындағы қосымша тіркестер алынып, логотипі өзгертілді. Ал мен үшін есте қаларлығы – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлынан бата алғаным болды. Жалпы, кез-келген адамнан сұрасаңыз, ол кісінің аурасы ерекше рухтандырып, өзіне баурап алатын, дем беретін қасиеті бар екенін айтады. Мен мұны осы жолы шынайы сезіндім. Әрине, ол кісімен жолығу – мен үшін өмірлік естен кетпейтін оқиға. Елбасымыз қай жерде болсын халықпен амандаспай кетпейді. Сол сияқты аталған съезде де жиын біткеннен кейін халыққа қарай жақындады. Алдыңғы қатардағылар да қолын алуға асығып жатты. Мен тағы тасада қалып, амандаса алмайтын болдым деп іштей «біртүрлі» күйде тұрдым. Бірақ, жаңа айттым ғой, ол кісінің қасында жүрсең бір рух беретін сияқты деп. Бір кезде «Нұрсұлтан Әбішұлы!» деп қалай даусымды шығарып қалғанымды өзім сезбей қалдым. Ол кісі де: «Ау!» – деп, артына бұрылды. Елдің бәрі бізге қарап қалған. Сосын қаумалаған адамдар араларын ашты. Елбасы екеуміздің арамыз бір-ақ қадам. Мен: «Дат, тақсыр!» деп сөз сұрасам бола ма?» – дедім. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дейді ғой. Ол кісі күліп жіберді. «Айта бер», – деді. «Өткенде бір түс көрдім. Түсімде сіз ұсынған қаламсаппен Қазақстанды гүлдендіруге арналған жоспар құрып жатыр екенмін. Сол түсім өңіме айналсын, еліміз гүлдене берсін деген ниетпен, ақ батаңызды беріп, қаламсабыңызды өз қолыңызбен ұсыныңызшы» – дедім. Елбасымыз сол жерде батасын беріп, «Әумин!» – деді. Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бата алғаным болды мен үшін. Сосын төрт-бес қадамдай жерде өзі отырған орыннан қаламсабын алып келіп, маған ұсынды. Елбасымыз қашанда кейінгі толқынды қолдап, ылғи да жастарды еліміздің болашағы ретінде бағалап жүреді ғой. Сондықтан берген батасы мен ұсынған қаламын тек маған ғана емес, еліміздің бүкіл жастарына арнады деп қабылдадым. Бұл маған тағдырдың берген сыйы шығар. Ал Елбасы берген қаламсапты сандықтың түбінде емес, жүрегімнің төрінде сақтаймын, – деп ағынан жарылды Б.Көптілеуов. Болатханның осы кезге дейін қол жеткізген жетістіктері аз емес. Жамбыл политехникалық колледжін «Мұнай және газ технологиясы» мамандығы бойынша, ТарМУ-ды «Мұнай және химия технологиясы» мамандығы бойынша бітірген ол бұл күнде «Қазфосфат» ЖШС минералдық тыңайтқыштар зауытында цехтың бөлім шебері. Ата-анасы да осы «Қазфосфатта» еңбек еткен ардагер жұмысшылар. Болатхан 2015 жылы облыс әкімінің, 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен марапатталған. Домбыра тартып, терме айтады. Өлең жазатын да қасиеті бар. Мектеп оқушысы кезінде республикалық «Махамбет оқуларынан» жүлдегер атаныпты. Отбасылы. Өмірлік жары Луиза екеуі Төре, Ақниет, Ақжүрек атты перзенттерді тәрбиелеп отыр. Болатхан ораза ұстап, ауыз бекітіп жүр екен. Нағыз батыр. «Елбасымыздың саясаты арқасында отандық өндіріс орындары қарыштап дамып келе жатыр. Өндіріс технологиялары жетіліп келеді. Елге инновация енді. Яғни, бұдан былай өнімді өзіміз өндіретін халге жеттік. Сондықтан, дәл қазір бізге техникалық, технологиялық мамандықтар ауадай қажет болып тұр. Бұл жағынан біздің облыс көшбасшы болса екен», – дейді Б.Нұрмаханбетұлы. Біз Елбасы қаламсабының өлең жазатын, әдебиетке жақындығы бар жігіттің қолына түскеніне қуандық. Президент ұстаған қаламмен жазу жазып көрдік. 28 жасында Елбасымыздың батасымен бірге қолынан қаламсап алған жас жігіт Болатханға сүйсіне, қызыға қарадық. Сәтті күндерің көп болсын, Болатхан!

Есет Досалы, «Ақ жол».