Аудандарда шешімін күткен мәселе аз емес
Аудандарда шешімін күткен мәселе аз емес
Меркі – облысымызда өзіндік орны бар іргелі аудан. Аудан жұртшылығымен өткен жиында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аудан әкімі қызметіне осы уақытқа дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Мейірхан Өмірбековті тағайындағанын жеткізді. – Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің келісіміне сәйкес, аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен Меркі ауданы әкімінің лауазымына Мейірхан Өмірбековті тағайындадым. Мейірхан Азатұлын баршаңыз жақсы білесіздер деген ойдамын. Ауданда ұзақ жылдар басшылық қызмет атқарып келді.
Ауданда шешімін күткен мәселелер аз емес. Біріншіден, жақында облыс әкімі аппараты мен басқармалар тарапынан аудандағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысына зерделеу жүргізілген болатын. Ауыл тұрғындарын мазалап жүрген бірқатар мәселелер анықталды. Зерделеу қорытындыларымен сіздер де жақсы таныссыздар.
Одан бөлек, Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауында және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламаларынан туындайтын міндеттер бар. Алдымызда ел дамуының «100 нақты қадам – Ұлт жоспарын» іске асыру бойынша ауқымды міндеттер тұр. Сол міндеттердің үдесінен шыға отырып, тапсырмаларды уақтылы және сапалы орындауымыз керек, – деді Кәрім Нәсбекұлы. Сонымен қатар, облыс басшысы ауданда атқарылған соңғы жылдардағы жұмыстарға көңілі толатынын, аудан ауыл шаруашылығы саласында өзге өңірлерден мойны озық болғанын, әлеуметтік салалар бойынша бірнеше мектеп, балабақша салынғанын, көше жолдары күрделі жөндеуден өткізілгенін тілге тиек ете келіп, Меркінің жері шұрайлы, елі шырайлы қасиетті мекен екенін атап өтті. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев, ақын Шырын Мамасерікова, кәсіпкер Бақыт Сауранбаев сөз алып, ауданның жаңа басшысы Мейірхан Өмірбековтің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
* * * Жуалы ауданында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың қатысуымен аудан активінің жиналысы болып өтті. Онда К.Көкірекбаев жиналғандарға ауданның жаңадан тағайындалған әкімі Бахтияр Көпбосыновты таныстырды. – Жаңа ғана өткен аудандық мәслихаттың сессиясында депутаттар менің ұсынысымды бірауыздан қолдап, Бахтияр Көпбосыновты Жуалы ауданының әкімі етіп тағайындау жөніндегі өкімге қол қойдым, – деді Кәрім Нәсбекұлы. – Өздеріңіз білетіндей, Батырбек Құлекеев қызметтен зейнет демалысына шығуына орай босатылған болатын. Сондықтан жаңадан әкім болып тағайындалып отырған азаматқа сәттілік тілеймін. Сіз түрлі салада еңбек еттіңіз, тәжірибеңіз мол. Меркі ауданында көптеген игілікті істердің басында болып, талай шаруаларды атқардыңыз, жемісті еңбек еттіңіз. Енді сол тәжірибені Жуалы ауданында пайдаланып, бұл өңірді де көркейте, дамыта түседі деген сенімдемін. Жуалы – негізінен аграрлы аудан. Бірақ өнеркәсіп пен кәсіпкерлік саласын да дамытуға күш салу қажет. Инвестиция тартып, ауыл шаруашылығы болсын, кәсіпкерлік болсын көп жұмыс тындыруға болады. Сондықтан нақты жоспар жасап, бірден іске кірісу керек. Аудан активімен бірлесе отырып, Жуалы өңірі халқының игілігіне бел шеше жұмыс істейді деп ойлаймын. Еңбегіңізге табыс тілеймін. Бұдан соң Бахтияр Көпбосынов сөз алып, облыс әкіміне өзіне көрсеткен зор сенімі үшін алғыс айтты, сол сенімді ақтау үшін өзінің бар білім-білігін, тәжірибесі мен күш-жігерін аямай еңбек ететінін жеткізді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстың Құрметті азаматы Жарас Мұратай өз сөзінде облыс әкіміне Жуалы ауданына деген құрметі мен тұрақты көмек-қолдауы үшін алғыс айта келіп, жаңадан тағайындалған аудан әкімінің еңбегіне табыс тіледі.
Нұрболат Әлдибеков, «Ақ жол». Мейірбек Мәтенов, журналист.
Меркі, Жуалы аудандары.