Саясат

Тарихымыздағы ерекше оқиға

Тарихымыздағы ерекше оқиға

Маржан ҚОЖАЕВА, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.

Тәуелсіздігі-міздің 25 жылдығы қарсаңында тағы бір үлкен жетістікке қол жетті. Үстіміздегі жылдың 28 маусымы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануымен ел тарихында айрықша таңбаланып қалатын күн деп есептеймін. Бұл, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренадағы беделінің биіктігінің дәлелі. Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның кандидатурасы ерекше қолдауға ие болды. Айта кетерлігі, біздің ел – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына сайланған Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекет екен. Мұның өзі көп жайды аңғартады. Ең бастысы, еліміздің бұл жетістігі халықаралық саяси аренадағы мәртебесін одан әрі арттыра түсетіні анық. Жалпы, Қазақстан мемлекеті Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіздік алған жылдардан бері үлкен маңызы бар стратегиялық мақсаттарды алға қоя білді. Семей ядролық полигонын жабуға, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуға әлемде алғаш рет бізде батыл қадам жасалуы бейбітсүйгіш, гуманизм қағидаттарын басшылыққа алған ел екенімізді айғақтай түсті. Содан бері еліміздің беделі артып, халықаралық қауіпсіздік саласындағы тың бастамаларымыз кедергісіз жүзеге асырылып келеді. Қазақстанның ядролық қауіпсіздік және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау бағыттарындағы ұстанымдары күллі адамзат қоғамын сүйіндіріп отыр. Осының бәрі елдегі ынтымақтың, берекенің арқасында қол жеткізілген нәтижелер. Тағы бір тоқтала кетер жайт, сан түрлі этнос өкілдері тұратын ынтымағы ұйыған елімізде бейбіт тұрақтылықтың сақталуының нәтижесінде біз дамыған елдермен қарым-қатынасымызды да нығайта түстік. Азуын айға білеген алпауыт елдердің талайы Ұлы Дала елінің үлгісіне, әрбір жетістігіне құрметпен қарайды, үлкен сенім де білдіреді. Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы кейбір шиеленісті жағдайлар орын алған жағдайда, соған әлемдік қауымдастықтың назарын аударуға, Елордамыздың жаһандық мәселелерде маңызды рөл атқарып, Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың факторы ретіндегі мәртебесі асқақтатыла түсуіне өз септігін тигізеді деген ойдамыз.