Саясат

Татулықты ту еткеннің жемісі

Татулықты ту еткеннің жемісі

Рашид Бакиров, «Гуанлен» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Бұл еліміз үшін аса маңызды тарихи оқиға болды. Себебі, БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі – бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін өз мойнына үлкен жауапкершілік алған басты жаһандық орган. Аталған кеңеске тұрақты емес мүше ретінде Қазақстанның 138 мемлекеттің қолдауына ие болуы – тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдік саяси аренада қандай мәртебеге ие екенін көрсетеді. Таңдаудың Қазақстанға түсуінің өзіндік мәні бар. Біздің еліміз – жаһандық қауіпсіздікті сақтау үшін ең бірінші болып, ядролық қарудан бас тартқан ел. Бейбітшілік пен татулық моделін қалыптастыруда қазақ елі алда тұр. Ол – ынтымақтастықтың тірегіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы. Бүгінде бұл ұйым елдің ынтымағын, бірлігін сақтап отырған үлкен институтқа айналды. Халықаралық дәрежеге ие болды. Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтуі – үлкен жеңіс. Ерікті таңдау сәті туғанда Қазақстанның әлемдегі ядролық қарусыздану үдерісіне қосқан үлесі, бейбітшілікті орнықтыру бағытындағы бағалы бастамалары, саяси тұрақтылығы мен экономикалық орнықтылығы, этносаралық татулықты сақтаудағы үздік үлгісі таразы басын басып кетті. Түптеп келгенде, бұл – ядролық қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекетіміз бен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенділігінің, алпауыт елдермен иық түйістірудегі саяси ерік-жігерінің жемісі. Бұл – Ядролық қарусыз мемлекет құру жөніндегі тарихи шешім қабылдаған Қазақстанның ірі державалардан қауіпсіздік кепілдігін алуының, мемлекетіміздің тек бейбітшілікті қалайтын ниетте екенін күллі әлемге дәлелдей алуының белгісі. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшесі болуы – мемлекетіміздің дамыған елдер арасында сыртқы саяси және экономикалық, халықаралық келіссөздердегі позициясын нығайтуына мүмкіндік береді.