Ел мен Елбасы мәртебесі
Ел мен Елбасы мәртебесі
Мұхтар ҚҰЛ- МҰХАММЕД, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық аренадағы ел мерейін биіктеткен аса мәртебелі жеңісіне куә болдық. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы ешбір әсірелеусіз аса маңызды тарихи оқиға болып саналады. Осы шешім арқылы біздің еліміз жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ете алатын ең абыройлы 15 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл Елбасы ұстанған сыртқы саясатымыздың айрықша салтанаты. Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл тарихи шешімінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келуінің де үлкен символдық мағынасы бар. Өйткені, Елбасымыз Тәуелсіздіктің 25 жылы бойына халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған сындарлы сыртқы саясат жүргізу арқылы бүкіл әлем алдында аса зор абырой, беделге ие болды. Біріншіден, Елбасымыз халқымызға жылдар бойы ажал сеуіп, қисапсыз қайғы-қасірет әкелген Семей полигонын жапты. Бүгінде бүкіл дүниежүзі Біріккен Ұлттар Ұйымы шешімімен Қазақстан Президентінің полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қойған 1991 жылдың 29 тамызын ресми түрде Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні ретінде атап өтеді. Екіншіден, Елбасымыз өз еркімен әлемдегі қуаты жағынан төртінші болып келетін ядролық қарудан бас тарту арқылы дүниежүзіндегі тұңғыш әрі жеке-дара Президент ретінде тарихқа енді. Үшіншіден, Елбасымыз Қазақстанды ядролық қарусыз аймақ ретінде жариялап, әлемдегі ең қуатты бес ядролық мемлекеттердің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кепілдігіне ие болды. Кейін Ол бүкіл Орталық Азияға да дәл осындай кепілдік әперді. Төртіншіден, Елбасымыз «АТОМ» жаһандық жобасын жасау арқылы ХХІ ғасырдағы ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалыстың көшбасшысы атанды. Қазақстан Президентінің әлем халықтарына жолданған ядролық қарудан бас тарту туралы үндеуіне бүгінде жүздеген мың адам қолдау көрсетуде. Сол себепті, Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздікке арналған халықаралық саммиттерді ашу құрметі үнемі біздің Елбасымызға бұйырады. Бесіншіден, Қазақстан Президенті әлем тарихында тұңғыш рет бес мәрте қатарынан дүниежүзіндегі әлемдік әрі дәстүрлі дін өкілдерінің басын қосып, жаһандық конфессияаралық үнқатысудың берік іргетасын қалады. Алтыншыдан, Қазақстан посткеңестік елдер ішінде бірінші болып Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Елбасымыз аса беделді халықаралық ұйымның тарихи саммитін өткізіп, «Қауіпсіздік қауымдастығына бетбұрыс» атты әйгілі Астана декларациясының қабылдануына ықпал етті. Бұған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы 10 жыл қатарынан дәл осындай жоғары деңгейдегі басқосу өткізуге қол жеткізе алмаған болатын. Жетіншіден, Қазақстан Елбасының сындарлы саясатының арқасында аса үлкен халықаралық дау-дамайларды шешуде зор беделге ие болды. Біздің еліміз Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі келіспеушіліктерді реттеуде араағайындық рөл атқарып, осы елге салынған халықаралық санкциялардың алынуына ықпал жасады. Нәтижесінде, бізбен көршілес Иранның екінші тынысы ашылып, әлемдік деңгейдегі экономикалық ықпалдастыққа қол жеткізді. Халықаралық сарапшылар Елбасымыздың Украинадағы қарулы қақтығысты реттеуге қосқан үлесіне де аса зор баға берді. Ол Ресей мен Франция президенттері кездесуінің өткізілуіне араағайындық жасап, Ресей мен Батыс елдері арасындағы өрши түскен шиеленісті жағдайды реттеуге үлкен үлес қосты. Кеше ғана Түркия басшылығы Қазақстан Президентіне Анкара мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынастың оң сипат алуына қосқан үлесі үшін ерекше алғысын білдірді. Қазақстан соғыс өртіне көп шалдыққан Ауғанстанға да сан-салалы гуманитарлық көмек көрсету арқылы оның бейбіт өмірге оралуына ұдайы қамқорлық көрсетумен келеді. Сегізіншіден, Қазақстан Еуразиядай алып материкте жүзеге асып жатқан аса үлкен интеграциялық үдерістердің басты бастамашысы болды. Олардың қатарында қазір зор табыспен жұмыс істеп тұрған Еуразиялық экономикалық одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, «Үлкен Еуразияны» құру, Ұлы Жібек жолын жаңғырту сияқты жаһандық жобалар бар. Мұның бәрі Еуразияда орналасқан сан алуан мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды өрістетіп қана қоймай, оларды мекендеген халықтардың бір-біріне деген өзара сенімі мен ықпалдастығын арттырып, жаңа қауіпсіздік жүйесін жасауға игі әсерін тигізуде. Тоғызыншыдан, Елбасымыз бүгінде аса беделді халықаралық ұйымға айналған Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты құрылтайшыларының бірі болды. Бұл ұйым қазіргі таңда 3 миллиардтан астам адам мекен ететін, әлемдегі экономикалық әлеуеттің үштен бірін қамтитын 18 мемлекеттің басын құрап отыр. Жақында Ташкентте өткен саммитте ұйым тізгінін тағы да Қазақ елінің басшысы ұстап, алдағы жылы соның аясында өтетін барлық саяси-экономикалық жаңа үдерістерге жол ашатын болады. Оныншыдан, Елбасымыздың биыл Вашингтонда жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі әлемдік қоғамдастық тарапынан аса үлкен қолдауға ие болды. Қазақ елі басшысының жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған, алысты болжаған жаңа бастамасы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея тарапынан ресми құжат мәртебесіне ие болды. Бұл Елбасымыздың бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселесі жөнінен әлем таныған жаһандық стратег деңгейіне еркін көтерілген ерен тұлға екендігінің айқын дәлелі болып табылады. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайлануы – Қазақстан Президентінің әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ұлтаралық және дінаралық татулықты орнықтыруға бағытталған жаһандық қызметіне берілген аса үлкен баға әрі еліміздің халықаралық деңгейдегі зор беделінің белгісі. Әлем таныған Елбасымыздың биік беделі – еліміздің де үлкен мерейі әрі мәртебесі. Қуаныш құтты болсын, ағайын!
(«Егемен Қазақстан», 30 маусым, 2016 жыл).