Құқық

Кемшілікке кеңшілік болмайды

Кемшілікке кеңшілік болмайды

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бақылау-тексеру комиссиясы Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Мойынқұм және Шу аудандық филиалдарының ішкіпартиялық және қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізген болатын. Тексеру қорытындысы «нұротандықтар» бас қосқан жиында талқыланды. 

Жиында белгілі болғаны – бұрнағы жылы анықталған кемшіліктерді жоюға ешкім тырыспаған екен. Бақылау-тексеру комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрқасым Үкібаевтың айтуынша, бұрын орын алған олқылықтар биыл тағы да қайталанып отыр. – Мойынқұм ауданындағы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектептің бастауыш партия ұйымы жыл басынан бері партия мүшелерінің жарна төлеу тізімдемесін жасамаған. Партияның осы аудандағы филиалы қызметкерлерінің салғырттығынан ғимарат бөлмелерін жалға беру құны екі түрлі белгіленіп, үлкен қателікке жол берілген. Нақтырақ айтсақ, осы аудандағы «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 1 шаршы метрге 2000 теңге төлеп келсе, «Мойынқұм таңы редакциясынан» 1 шаршы метріне бары-жоғы 400-ақ теңге алған. Соның салдарынан партияның облыстық филиалына 2 миллион 707 мың 200 теңге кем түскен. Қордай ауданында да былтырғы кемшіліктер қайталанып, оларды жою туралы іс-шаралар жоспары бекітілмеген. Аудан әкімдігі осы жылғы ғимараттың жалдау ақысын төлемеген. Ең сорақысы – партияның аудандық филиалына тиесілі 2008 жылы шығарылған мемлекеттік тіркеу нөмірі H 754 VD ВАЗ 2114 «Нива» автокөлігінің техникалық төлқұжатының жоғалып кеткені болып отыр. Партияның Шу аудандық филиалының заңды мекен-жайы Төле би ауылында болғанымен, филиал қағидатында Шу қаласы деп көрсетілген. Партияға өткен кейбір азаматтардың құжатына қол қойылмаған және күні көрсетілмеген. Меркі, Т.Рысқұлов аудандарында да жарна төлеу құжаттарының дұрыс толтырылмауы секілді бірқатар кемшіліктер кездесті, – дейді Нұрқасым Үкібаев. «Нұр Отан» партиясы Қордай аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Қайрат Досаев «Нива» автокөлігінің құжаттары «Нұр Отан» партиясы Қордай аудандық филиалының бірінші орынбасары болып қызмет істеген Болат Сармановтың кезінде жоғалғанын, қазіргі таңда құжаттарын қайта рәсімдеу жұмысы жүргізіліп жатқанын айтып, кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізуге сөз берді. Жиында жоғарыда аталған партияның аудандық филиалдарының төрағалары мен орынбасарларының атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Олар бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков пен комиссия мүшелерінің қойған сауалдарына жауап берді. Негізінен, бақылау-тексеру комиссиясының басты міндеті – партия Жарғысы талаптарының орындалуын бақылау, бухгалтерлік есеп және есептілік жұмыс пен салық төлемдерінің дұрыс рәсімделуін қадағалау. Сондықтан да, қаралған мәселелер бойынша партияның аумақтық филиалдары басшыларына орын алған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою туралы арнайы тапсырмалар мен ұсынымдар беріліп, тиісті қаулы қабылданды.

Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».