Құқық

Жер заңнамасын бұзғандар жазасыз қалмайды

Жер заңнамасын бұзғандар жазасыз қалмайды

Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің облыс бойынша Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда облыстық прокуратураның «Заңдылықтың бұзылуын жою туралы» ұсынысы негізінде, Қордай ауданы әкімінің орынбасары мен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысына қатысты қозғалған тәртіптік іс қаралды. 

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Қ. Мәдиев аталған тұлғаларға қатысты жүргізілген қызметтік тексеру қорытындыларымен таныстырды. Оның баяндауынша, ағымдағы жылдың мамыр айында облыс прокуратурасы жүргізген қызметтік тексеру кезінде Қордай ауданы әкімінің орынбасары Болат Саниязовқа қатысты бірнеше факті анықталған. Факті негізінде оған Жер заңнамасы талаптары мен ережелерін өрескел бұзғаны және ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жалға берілген жер теліміне конкурс өткізуді қамтамасыз етті деген айып тағылып отыр. Қордай ауданы әкімінің орынбасары Болат Саниязов: «Бұл жерлерге қатысты құжаттар халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне келіп түскен. Олар үш күн ішінде ол жерлердің қандай да бір мақсатқа пайдалануға болатыны немесе болмайтыны турасында шешім қабылдауы тиіс болған. Жер телімдерін таңдау актісі жер комиссиясының отырысында да қаралды. Одан кейін оны пайдалануға рұқсат еткені туралы комиссияның шешімі де шығарылды», – десе, бұл іске тікелей жауапты аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Жаманбаев бұл әрекеттің заңға қайшы екендігінен хабарсыз болғанын айтып ақталды. – Өтініш келіп түскеннен кейін, жер қатынастары бөлімі үш күннің ішінде аудандық тиісті орындарға хат жолдайды. Олар бізге келісім берді. Бірақ, нысаналы мақсатын өзгерткені туралы жобаны даярлап бердік. Олар бізге жазбаша келісім бергеннен кейін, мен келісім берген едім, – деді ол. 2013 жылы аталған жер телімі жер пайдаланушы Е. Әбдібай деген азаматқа жалға берілген екен. Бірақ ол оны пайдаланбастан, жеке кәсіпкер Ж. Сейітбековке сатып жіберген. Жер кодексінде көрсетілгендей, жеке азаматқа үй құрылысын жүргізу үшін жалға берілген жер телімі уақтылы игерілмесе, яғни мақсатты пайдаланылмаса кері қайтарылуы тиіс. Бірақ ол жер мемлекет меншігіне қайтарылмастан, керісінше нысаналы мақсатын өзгерткен. Дәлірек айтсақ, ол жерге коммерциялық мақсаттағы нысан құрылысын тұрғызу көзделген. Бұл заңдылықтарды ескермеген құрылыс бөлімінің басшысы жеке кәсіпкердің заңсыз құрылысын құптап, құжатқа қол қойған. Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің өңірлік департаменті басшысы – облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов Қордай ауданы әкімінің орынбасары Б. Саниязов пен аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Д.Жаманбаевқа кеңес мүшелерінің ұйғарымымен қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза ұсынылғанын жеткізді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».