Әдебиет

Өлең деп соққан жүрегі

Өлең деп соққан жүрегі

Ақын Шырын Мамасерікованың есімі жырсүйер қауымға кеңінен таныс. Оның сыршыл да шыншыл, нәзік, мөлдір сезімдерге толы өлеңдерін оқырман қауым асыға күтеді. 1946 жылы Құлан жерінде өмірге келген ақын биыл мерейлі жасқа толып отыр. Шырын ғұмырының ұзақ жылын Меркі ауылында өткізді. Ақындық қуатын жас күнінен сезсе де, арман қуып Алматыға аттанған жоқ. Елде жүріп те өрелі өлеңдер жазды. «Меркі – менің тағдырым» дейді ақын. Бұл сөзден ауылға деген үлкен құрметті байқауға болады. Ақын елеусіз қалған жоқ. Қазақ поэзиясында шоқтығы биік ақын қыздар Фариза Оңғарсынова, күләш ахметова, Ақұштап Бақтыгереева Шырынның шыншыл өлеңдерін жоғары бағалап, рухани дос санады. Ш.Мамасерікова – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Меркі ауданының Құрметті азаматы. «Бақыт», «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян», «Арман гүлі» жыр жинақтарының авторы. «Ақ жол» газеті Шырын ақынның топтама өлеңдеріне осы жылдың басында бір бет арнаған болатын. Алдағы 7 шілдеде аудандық Мәдениет үйінде ақынның мерейтойына орай «Өлеңімнің әр жолы – өмірбаян» атты шығармашылық кеші өтеді. Ақынды осы мерейлі қуанышымен құттықтай отырып, бір топ өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Мәдениет бөлімі.

Ғашық едім өнерге

Ғашық едім өнерге, Құштарлығым сөнер ме? Қанатымды қайырып, Қайғы бұлты төнер ме?!

Кім сүртеді жасымды, Кім сүйейді басымды. Күлпарша боп шыныдай, Үміттерім шашылды.

Ар-намысын таптаған, Қаңқу сөздер қаптаған. Құз басынан құлатты, Қыранымды баптаған.

Бар амалым бітіп тұр, Алдымда не күтіп тұр? Ақша қардай арманды, Кетер ме екен жұтып қыр.

Қу ағаштай кебермін, Қасіреттен шөгермін. Қара қамшы үйіріп, Қабырғамды сөгер мұң.

Ғашық едім өнерге, Арман оты сөнер ме? Мені қойшы, ағайын, Жүрек бұған көнер ме?!

Тамыры терең Таразым

Әулие ата жүрген жер, Қарахан өмір сүрген жер. Қаһарман ұлдар өсірген, Құт мекен дейді білгендер.

Бәйдібек ұрпақ сүйген жер, Қарт Жамбыл басын иген жер. Бауыржан батыр білім ап, Пайдасы елге тиген жер.

Тамыры терең Таразым, Таңғажайып дарасың. Азаттық таңы атқалы, Жасарып, жайнап барасың.

Кеше мен бүгін арасын, Жалғаған әсем қаласың. Тарихтың алтын қазығы – Жасай бер мәңгі, Таразым!

Мен қазақпын

Мен қазақпын, тау, өзенім, даламмен, Ата-бабам, немереммен, баламмен. Мен қазақпын, түн ұйқысын төрт бөліп, Тал бесікте әлдилеген анаммен.

Дастарқанын күндіз-түні жимаған, Қонақтарын құдасындай сыйлаған. Мен қазақпын, отбасына, Отанға, Көз жұмғанша пәк сезімін тыймаған!..

Билеп-төстеп Байкал – Дунай арасын, Әділ шешкен істің ақ пен қарасын. Көкбөрінің ұрпағымын қашанда, Өзі жалап жазатұғын жарасын. Зұлмат заман отқа қақтап шыңдаған, Мен қазақпын, шыжғырса да сынбаған. Алты құлаш ақ найзаны қолға ұстап, Туған жерін қорғаудан еш тынбаған.

Батырлықтың уызына жарыған, Пайғамбардың шапағаты дарыған. Мен қазақпын, басын иіп Құранға, Бір Алланы мойындаған, таныған.

Жерде тұрып күнді қолмен ұстаған, Ұлы Абайдың жыры берер күш маған. Ай сәулесін арғымақтай ерттеп ап, Кезім бар ма жұлдыздарды құшпаған?!

Адастырмаса арман, үміт шырағы, Адалдық пен махаббаттың тұрағы. Адам Ата-Хауа анадан тараған, Мен қазақпын! Мәңгілік Ел – мұраты!..

Зергер

Тас қашайтын маңдайынан ағып тер, Сен зергерсің сұлулықты дәріптер. Алты алаштың бар қызына, қарағым, Ай, жұлдызды алқа етіп тағып бер!

Безендірген бейнеттеніп құлын жыр, Білезікті бұлт шалмасын бұлыңғыр. Бал-бұл жанып таққан ару шаттансын, Бақыт кілтін саусағыңа іліндір. Ата-баба тәбәрігін құнды ғып, Арай шашсын өрнегінен күн күліп. Хас шебердің бармағынан бал тамып, Жүзіктерден жарқырасын нұрлы үміт.

Қасиеттеп кие тұтқан тұмарын, Қарындасқа білем сырғаң ұнарын. Қазағымның әшекейін жасаудан, Қалқам Берік, тарқамасын құмарың.

Айшықтары табиғатпен тілдесіп, Домбыраның күмбірімен үндесіп. Ұлт мұраты болашаққа жол тартсын, Ұлы дала құзырында күн кешіп.

Жалпақсаз

Жомарт жүрек, жарқын жазым, Жерұйығым – Жалпақсазым. Құт-береке тапты сенен, Қыраның мен аққу-қазың.

Шапағат, нұр құйылғандай, Шөбі шүйгін, суы балдай. Ең мейірбан азаматтар, Сенде ғана туылғандай.

Сенде өтті жастық шағым, Сенсің мерей, алтын тағым. Жамалы ыстық жауқазынның, Жұпар иісін сағынамын.

Бақыт таңы атқаны үшін, Қыдыр дарып жатқаны шын. Он сегіз мың ғаламдағы, Сенсің жалғыз мақтанышым!

Топырағыңнан жаралғанмын, Бұлағыңнан нәр алғанмын. Өзіңе өшпес өлең арнау – Өмірдегі бар арманым.

Қамыс, қоға, қалың нуын, Қорадағы малдың шуын. Жырға қосып берем жұртқа, Жүрегімнің бар жылуын!

Атажұрт

Қарашығы көзімнің, Алтын ұям өзімнің. Туған жерге арналар, Бал-шырыны сөзімнің.

Арманымдай ең биік, Атажұртым – жерұйық. Ақын етті албырттау, Жүрегіме жыр құйып.

Қазынасы халықтың, Тайқазанын тарихтың. Жамбасына жасырып, Жатқаны да анық шын.

Киесі бар ғаламат, Суы – шипа, жері – абат. Атажұрттан басталар, Елге деген махаббат.

Сұлу ғарыш көгінен, Рахман нұры төгілген. Алтын ұям, туған жер, Бақ кетпесін төріңнен!..

Ерекшесің, елеулісің...

(Ш.Мамасеріковаға) Шындық десе, шырылдаған Шырыным, Көп іс үшін алмас көздің шырымын. Бәйек болып, безек қағып жүргенің, Өзге бақтың сынған аяп шыбығын. Бойыңдағы тынбас өзіндік қылығың, Еске салар бозторғайдың шырылын. Жарқыраған, жалтылдаған жан дүниең, Тазасындай хрустальдай шынының. Күлгенде де шын күлесің риясыз, Соныңменен жүрекке нұр құясың. Жетесізге жеткізесің қатты айтып, «Ұялса, – деп, – жетесіздер, ұялсын!». Ел жайында жетсе әдемі жаңалық, Жатса да ол жер-жаһанға таралып. Қуанасың сүйіншілеп, атойлап, Сәулелі сәт жібереді-ау бала ғып. Ойға көсем, тілге шешен ақынсың, Жомарт жансың, мінезің мәрт, батылсың. Санаң сергек, күндей күлкің шуақты... Болмысыңмен жаныма тым жақынсың. Ерекшесің, елеулісің, қалаулы, Сен келгенде жарық болар қараңғы. Өзіңдегі батпан мұңды ұмытып, Сипалайсың менің титтей жарамды. Тағылымды ойлар құс жолының ізіндей, Тұрса дейді үміт гүлі үзілмей. Төрткіл дүние төңкерілмей түзу тұр, Бар болған соң ізгі жандар өзіңдей. Шапағаттың шуағындай нұрлысың, Имандысың, мейірімдісің, құндысың. Қадірлі де қасиетті жан досым, Көрсете бер ұлылықтың үлгісін. Айша Көпжасарова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.