Мақтанышым, Астана!
Мақтанышым, Астана!
Астана – бар қазақтың алтын тұғыры, еліміздің жүрегі іспетті. Еліміздің әр тұрғынының көңілінде Астанаға деген үлкен құрмет, мақтаныш бар. Астананы мақтаныш етемін. Мүмкіндігім болып жатса, Елордаға жеткенше, ғажайып келбетін көргенше асығамын.
Астанада қазақтың мыңдаған құрылысшы жастарының қолтаңбасы сайрап жатыр. Себебі, бас қалада алғашқы құрылыс жұмыстары басталғанда әр аймақтағы жастар Елорданы көркейтуге, Астананың дамуына үлес қосуға аттанды. Үлестерін қосты да. Өзіміздің қатарларымыз, достарымыз бас қалаға бет түзегенін көзіміз көрді. Астананың әуелгі ажары мүлдем басқа болғаны белгілі. Бірақ, аз ғана жылда адам танымастай өзгерді. Көпшіліктің қолдауымен, халықтың аппақ қардай ниетімен қала құлпыра түсті. Қазіргі таңда бұрынғы қалпынан жүз пайызға өзгерді. Сұлулығы көзді арбайды. Елордада қаншама құндылықтар бар. Көркем, биік ғимараттар аспанмен таласып тұр. Оның барлығы қажеттіліктен туындады. Бір ғана «Бәйтерек» кешенінің өзі адам рухын биіктете түседі. «Хан шатырдың» ғаламат әсерлері өз алдына бөлек дүние. Жаңа үлгідегі театрлардың, заманауи спорт нысандарының бір-біріне ұқсамайтын ерекшеліктері бар. Астанаға барған сайын сол ерекшелікті сезініп, серпіліп қайтамыз. Астананың әр архитектуралық сызбасы құнды. Оның барлығы ерекше идеяларға құрылған. Сол архитектуралық шешімдер сұлулыққа бастайды. Елордаға табаның тиген сәттен көңіліңді мақтаныш кернейді. Тәуелсіз еліңнің өркендеген астанасында жүргеніңе қуанасың. Алыстан көз тартқан еңселі Ақорданы көргенде жүрегің атқақтап соғады. Үкімет үйі де, Парламент үйі де көңіліңді биік армандарға жетелейді. Мінеки, аз ғана уақытта құлпырған Астананың ғажайып көріністерін суреттеуге тіл жетпейді. Елордаға барған әр адам, сөз жоқ, толғанысты күй кешеді. Толқиды, тебіренеді. Астананың әсерлері әр адамды сондай сезімдерге жетелейді. Біздің елдің көрікті бас қаласы осындай. Ұстаз ретінде де Елорданы үлкен сүйіспеншілікпен бағалаймын. Көз алдымыздан білім алып, жүздеген шәкірттер алыс армандарға аттанып жатыр. Олардың арасында арман іздеп Астанаға барғандары да бар. Елордада студент атанып жүргендері, еңбек етіп жүргендері жетерлік. Біз әр шәкіртке тәуелсіз еліміздің құндылықтары жайлы, тәуелсіз еліміздің көрікті астанасы жайлы үнемі айтып, көңілдеріндегі қызығушылықты оятып отырамыз. Бас қалаға деген патриоттық сезімдерін арттыруға талпынамыз. Ол еңбегіміздің нәтижесі де жоқ емес. Өмір жолын Елордамен байланыстырған шәкірттеріміз аз емес. Олардың қадамдары сәтті бола берсін, әрине. Ата-ана, достарымызбен бірге Елордаға барып тұрамыз. Елорданың бір күні екінші күніне ұқсамайды. Дамып өрлеу үстінде. Өз еліңнің бас қаласының осындай мерейлі, мәртебелі болғанына көңілің өседі. Ол қала – менің астанам. Менің де жүрегімдегі ару қала – Астана. Әрдайым нұрланып, асқақтай бер, Елорда!
Нұрсұлтан Алтынбеков, мұғалім.
Жамбыл ауданы.