Әлеумет

«Алматы-1 – шу» екінші қатарлы темір жолы бойында

«Алматы-1 – шу» екінші қатарлы темір жолы бойында

телімнің алғашқы кезегі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылады

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Асқар Мамин «Алматы-1 – Шу» екінші қатарлы темір жол салу жұмыстары қалай жүріп жатқанымен танысты. Аталған жобаны компания «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырып жатыр. «Алматы-1 – Шу» телімінің екінші қатарын іске қосу Парсы шы­ғанағы елдері, Еуропа және Түр­кия бағыттарында транзиттік вагон ағынын арттыруда үлкен маңызға ие. «Алматы-1 – Шу» телі­мінде екінші қатарлы жол құры­лысы пойыздар қозғалысын ұйым­дастыру, тасымал үдерісінің тиім­ділігін арттыру жұмыстарын­да «тар» жерлерді жою үшін аса қажет болып табылады. Өйт­кені, аталған теліммен жүре­тін пой­ыз­дар қозғалысы жиілі­гі­­мен ерек­шеленеді. Ал бұл нысан­ның еліміздегі аса маңызды магистральдің өткізу қабілетін арттыруда рөлі аса жоғары. Құрылысты жүргізіп жатқан­дармен өткізілген кеңес кезін­де компания басшысы нысанның стратегиялық маңызы жоғары екенін атап өтті. Осы орайда құ­ры­лыс жұмыс­тарының шешуші кезеңге аяқ басқанын айта кеткен жөн. – Бұл желіге жүктеме айтар­лықтай артады, яғни жаңа мар­шруттар қосылады, жолау­шы­лар пойызы қозға­лысының жиі­лігі көбейеді. Әсіресе, жүрдек «Тұлпар-Тальго» пойыздарының қоз­ғалысы жиілейді, – деді компания басшысы. Ол, сондай-ақ күн сайын осы магистральмен 6-7 контейнерлік құрамалар өтетінін де көлденең тартты. Қазіргі кезде екінші қатарлы жолға қажетті көпірлер, су өткі­зетін құбырлар, байланыс және энергетика нысандарын салу бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Сөз орайында екінші қатарлы жол төселіміне Ақтөбедегі зауыт­та шығарылатын рельстер пайда­ла­нылып жатқанын да айта кеткен абзал. Жобаға сәйкес, 110 шақырымға созылатын екінші қатарлы жол құрылысының алғашқы 58,2 шақырымдық бөлігін үстіміздегі жылдың қараша айында пайда­лануға беру жоспарланған. Бұл – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнайы сыйы болмақ.

«Ақ жол-Ақпарат».