Жаңалықтар

Ата-ананың қадірі

Ата-ананың қадірі

 Менің атам Байболат Көпжасарұлы өз кезінде мешіт ұстаған, үлкен молда болған кісі екен. Содан да әкем Идмухаммед бала кезінен арабша сауатын ашып, Құран Кәрімді өздігінен оқи бастаған. Менің де есімде, ол кісі көпшілік жиылған жерлерде Майлықожаның «Алты бармақ» аталатын шығармасын, Сүйінбай мен Қатағанның айтысын, «Жетім бала», «Үнді елінің сұлуы», басқа да бірқатар діни дастандар мен қиссаларды түгелдей жатқа айтып, әндетіп жырлаудан әсте жалықпайтын. 

1943 жылы әскерге шақырылып, еңбек армиясы құрамында өлген адамдардың мәйіттерін жинап, жерлеу, қираған ғимараттарды қалпына келтіру сынды ауыр жұмыстар атқарып, кеудесін оққа да тосып, ақырында, елге мүгедек болып оралды. Кейін кеңшарда жұмыс атқарып, бейбіт еңбекке белсене араласты. Ең бастысы, анамыз Балғынай Мәмбетәліқызымен бірге бақытты ғұмыр кешіп, 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ата-анамыздан жақсы тәрбие алып, ақыл-кеңестеріне құлақ түріп өскен бауырларым мектепте де үздік оқыды, тәртіпті, үлгерімі жоғары оқушылар қатарында болды. Бәрі де үйлі-баранды бүгінде. Төртеуі педагогикалық, екеуі инженерлік мамандық алды. Әкеміз 1965 жылы дүниеден озған-ды. Ол кісіні ауылдағылар «Итмаш» деп атаушы еді. Мұғалімім де мектепке барғанымда тегімді солай деп жазыпты. Әкемді жақсы көргендіктен де осы тегімді өзгеріссіз қалдырдым. Ал 2003 жылы 90 жасында Аллаға аманатын тапсырған анамыз тәуелсіздік алғанымыздың куәсі болды. Бұған өзі де ерекше қуанып, әсіресе, Елбасын аузынан тастамай, ұдайы жақсылық тілеп отырушы еді. Әкем де, шешем де аянбай еңбек етіп, соғыс кезінде де, бейбіт өмірде де еліміздің көркейіп, гүлденуіне өзіндік үлестерін қосты. Олардың өмір жолы, тағылымы – бізге, ұрпақтарына үлгі. Отбасы құндылығы дегеніміз де, сірә, осы болар. Әулетімізде ол сол күйі сақталып келді, сақтала да бермек.

Баян ИТМАШЕВА, зейнеткер ұстаз.

Тараз қаласы.