Жаңалықтар

Отбасы тәрбиесі осал ма?

Отбасы тәрбиесі осал ма?

Бүгінде жастарымыз әдет-ғұрып, жөн-жоралғыларымызды біле бермейді. Көбі ұлттық салтымыз – қазақы қалпымыздан, халықтық тәлім-тәрбиеден іргелерін аулақ салатын сыңайлы. Мұны олардың ұлттық салт-дәстүрімізді, ата-әжелері ұстанған ұлағат-өнегені тәрк етуі демеске лажың жоқ. Халық тәлімі – тұнып тұрған тәрбиенің өзі емес пе? Ананы сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету әу бастан бойымызға сіңген адамгершілік әдептері еді. Бабалар жолымен жүрген алдыңғы толқын аға-әпкелеріміз көштен қалып кеткен жоқ қой. Отбасынан басталатын ұлттық тәрбие – қазір де басты құндылықтар ретінде бағаланады. Қолымызға қалам алдырған жай, қайсыбір жас аналардың қатыгезденіп бара жатқаны болып отыр. Көкек деген құсты білуші едік. Енді «көкек ана» дегенді де естідік. Ата-анасын қарттар үйіне өткізетіндердің қатыгездігін санаға сыйдыра алмай жүргенімізде, бейкүнә сәбиін қоқысқа тастап жүре беретін мейірімсіз аналардың молайғаны жанымызды аяздай қарып түсті. Мұндай қатыгездіктің түп негізі отбасы бере алмаған тәрбиеде жатқан жоқ па екен? Жастардың «жылт» еткен сезімдеріне ие бола алмауы, «тастанды» сәбилердің көбейіп отырғаны да содан болар. Отбасы тәрбиесі дегеніміз – ұлттық дәстүріміз, әдеп-ғұрпымыз, дініміз, қазақы болмысымыз да ғой. Бір кездері жас сәбиді кез-келген жерге тастап кету түгілі перзентін жетімдер үйіне өткізудің өзі ақылға сыймайтын, жантүршігерлік жағдай еді. Ал, енді ол бүгінде үйреншікті нәрсеге айнала бастады. Рас, қазір көп ата-ананың күнбе-күнгі тірліктен қолдары босай қоймайды. Ұл-қызымен емен-жарқын әңгімелесіп, сырласуға да уақыты тапшы. Солай екен деп, халық тәлімі мен отбасы тәрбиесі тегершіктерін босаңсытуымызға әсте болмайды. Балаға жөргегінде жатқанынан бастап жөндеп тәрбие беруге ден қоятын мезгіл жеткен тәрізді. Бұған сіз не дейсіз?

Қуат ҚЫНАША, мұғалім.

Талас ауданы.