Спорт және туризм

Дегдар

Дегдар

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Серік туралы әңгіме бола қалса, «шебер» деген теңеу еріксіз ойға оралады. Өйткені, оның жекпе-жекке шыққан кездегі шеберлігі туралы талай-талай әлемдік спорт мамандары тамсана әңгімеледі, сүйсіне жазды. Қазақ боксшыларының ішінде алғаш рет КСРО, Еуропа чемпионы және Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанған оның жекпе-жегінен төбелесті емес, тектілікті, дегдарлықты, яғни ойлы ойын-өрнекті көретінбіз. Атақты Мұхаммед Әлидің сұлу торы аттай билей басып жүріп ұпай жинайтын ғажап әдіс-тәсілін тамаша меңгеріп, оны қазақ боксына алғаш рет алып келген де Жамбыл облысынан шыққан Серік болды. 7688++82 image00++3 b390958288ee4826++953f43b9294a0f06Кезінде Варшавада өткен «Алтын қолғап» жарысында жұлдызы жанған бала Серіктің шеберлігіне сүйсінген бокс саласының білгірлерінің бірі Папаштам «Бұл баладан аса дарынды боксшы шығады» деп баға берген. Ұлттық республикалардың спортшыларына «өгей баласындай» шекесінен қарайтын Кеңестер Одағы кезінде топ жаруы, Олимпиада ойындарына қатысып, күміс медальға қол жеткізуі, шынында, оның нағыз дарынды боксшы екендігін айқын дәлелдеді. Серіктің бұл табысы «шіркін, қазақ боксшылары қашан топ жарып, қазақ жанкүйерлерінің жұлдызы қашан жанар екен?» деп армандап жүрген ел-жұрт үшін алтыныңнан мың есе артық болды. Қазақстан халқының сол сәтте бөркін аспанға атып қуанғанын қалайша ұмытармыз! Серік өзінің осы жеңісімен қазақ атын әлемге танытып қана қойған жоқ, еліміздің, соның ішінде Жамбыл бокс мектебінің жаңа серпіліспен қарқынды дамуына жол ашты. Өңірдің сол кездегі орталығы Жамбыл, бүгінгі Тараз қаласы, сол тұста Одақ бойынша боксы дамыған орталықтардың бірі саналды. Жамбылдық жанкүйерлер Серіктің Таразда туып-өскенін, өздерінің жерлесі екенін мақтаныш тұтады. Бірақ бұл жерде жұрт біле бермейтін бір жәйт бар. Серіктің анасы Балтуған Темірғалиқызы бұрынғы қазақтар Кереку деп атап кеткен Павлодар қаласының қызы болса, ал әкесі Керімбек Қанатбайұлы Шымқаладан шыққан жігіт болатын. Атақты боксшының болашақ әке-шешесі Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласында оқып жүргенде үйленген. Оқуын бітірген соң жас жұбайлар Шымкентке келіп, өмір көшіне ілеседі. Әкесі техникумға мұғалім болады. Ол жақта студенттер мен мұғалімдердің мақта жинау деген жұмыста тамыз айынан бастап қазан-қарашаға дейін жүретін сабақтан тыс «кәсіптері» бар. Сондықтан Кәрекең аяғы ауыр әйеліне «Науқан біткенше Керекуге барып, демала тұр» дейді. Міне, асау Ертістің бойындағы сол қалада Серік пен Ерік атты егіз ұл дүниеге келеді. Егіздері екі жасқа толғанда әкесі Керімбек пен анасы Балтуған Жамбыл қаласына қоныс аударады. Жалпы, Серіктің әкесі алгебра, геометрия пәндерінен студенттерге дәріс оқып қана қоймай, сонымен бірге сол пәнді індете зерттеген білімді ұстаз болған. Ұстаздық ете жүріп қазақ тілінде тұңғыш рет «Сызба, геометрия» деген кітап жазған. Сөйтіп Серік Керімбекұлы әліппені ата-бабаларымыз қасиетті жер деп санаған Әулиеата топырағында танып, мектеп табалдырығынан осында аттаған. Мектепте жүргенде футболмен, жеңіл атлетикамен, тіпті, суға жүзумен де айналысады. Сол кездің жастары үшін, әсіресе, футбол ойнап, боксқа қатысу қызық болатын. Серікпен бірге доп қуған жасөспірімдердің арасынан кейін Вахид Масудов, Антон Шох секілді танымал спортшылар шықты. Бірақ әкесі Серік пен Ерікке: «Сендер егізсіңдер, өмірде бір-біріңе тірек болып жүру үшін боксқа барыңдар», – дейді де, екі ұлын досы әрі белгілі бокс бапкері Кеңес Омаровқа табыстайды. Сөйтіп, болашақ Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев бокстың әліппесін алғаш рет Кеңес ағасынан үйренеді. Ол кезде Шу қаласының бокс мектебі де қалыптасып, даңқтары облысқа тарай бастаған. Бапкер Юрий Андреевич Цхайдың аты да дүркіреп тұрған кезі. Сондықтан болар, Кеңес Омаровтың өзі Серікке: «Сендер шеберліктеріңді шыңдап, өсулерің керек», – деп, шәкіртін Юрий Цхайдың қарамағында жаттығуға ақыл беріпті. Серік те ең алғашқы жеңісіне Шу қаласында қол жеткізіп, Юрий Цхайды алғаш рет сол жерде көрген екен. Ол да Серікке: «Сенен мықты боксшы шығатынын Шу қаласында байқаған болатынмын», – депті кейін. Осыдан кейін Серік жастар арасында өткен ІІ бүкілодақтық ойындарда чемпион атанды. Жастар арасындағы КСРО құрама командасына қабылданды. Жастар командасында жалауы желбіреген жеңістерімен жарқырай көрінген оны ересектер арасындағы КСРО командасына қабылдады. Серік бапкерлер үмітін, ел сенімін ақтады. Мәскеу Олимпиадасында күміс жүлдеге қол жеткізді. Алтын медальға да ие болатын ба еді, бірақ... – Шынымды айтсам, біздің дайындығымыз дұрыс болған жоқ. Салмақты көп қудым. Өзім арық жігіт болдым, сегіз келі салмақ түсіргесін не оңсын? Оның үстіне, ширек финалда кубалық боксшымен болған айқасым өте қиын өтті. Финалда кездескен Патрицио Олива да мен секілді шабуылдауды жақсы көретін боксшы. Айқас ауыр болды. Ол маған қайта-қайта «жабысып», дұрыстап жұдырық жұмсауға мүмкіндік берген жоқ, – дейді Серік бүгінде. Дегенмен, сексенінші жылдардың басындағы Серіктің жеңісі қанаттандырған мыңдаған қазақ баласы бокс залдарына келді. Мәселен, сол тұста Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының бокс секциясына 30-40 жасөспірім ғана қатысып жүрсе, Серік Қонақбаев Нью-Йоркте Әлем кубогін ұтып, артынша Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері атанғаннан кейін бір жарым мыңдай жастар мен студенттер қатысатын болған. Міне, шын шебердің үлгісі! Кейін сол жастардың арасынан әлем біріншіліктерінде, Азия, Еуропа чемпионаттарында, Олимпиада ойындарында топ жарып, қазақ боксының абыройын асқақтатқан жамбылдық Болат Жұмаділов, Болат Ниязымбетов, Ермахан Ыбрайымов, Бақтияр Артаев сынды жұлдыздарымыз шықты. Серіктейін ағасының жеңісті жолын еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де жақсы жалғастырып келе жатқан боксшыларымыз да көп. Серік Қонақбаев небары 24 жасында бокс қолғабын шегеге ілді. Еңбек жолын Алматы облысының ауыл шаруашылығы басқармасынан бастады. Алматы үлкен каналының салынуына байланысты құрылған республикалық комсомол-жастардың екпінді құрылысына жетекшілік етті. «ХХ ғасырдың пираттары», «Мадам Вонгтың құпиясы» атты көркем фильмдерге де түсті. Алматы облыстық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарын атқарды. Тоқсаныншы жылдардың басында Юрий Цхай екеуі бұрынғы Кеңес Одағы аумағында тұңғыш рет «Қазақстан» коммерциялық спорт клубын құрды. Одан кейін кәсіби бокс федерациясының президенті болды. Осы жылдары қазақтар Пан-Азиялық боксерлік ассоциациясына (ПАБА) мүше болып қабылданды. 1996 жылы Жамбыл облысына Амалбек Тшанов әкім болып тағайындалды. Сол кезде Серік өзінің сүйікті қаласына мемлекеттік қызметке келіп, бір жыл облыс әкімі аппаратын басқарды. Алматыда Бостандық ауданы әкімінің орынбасары қызметін де атқарды. 1998 жылы өткен Президент сайлауында Жамбыл облысы бойынша штаб бастығы болды. Одан кейін халқы сүйікті ұлын Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты ретінде таныды. Серік өзін тәуелсіз ел-жұртының тағдырына жауапты азамат ретінде де жаңа қырынан көрсетіп жүр. Еліміз тәуелсіздігін жариялап, дербес даму жолына түскенде Серік Қонақбаев саясатқа араласты. Оның тәуелсіздігімізді тұғырландыру, ел мен жердің сан алуан проблемаларын шешу мәселесі күн тәртібінде өткір тұрған сәтте Елбасы саясатына Парламент мінберінен қолдау білдірсем деген ниетіне халқы да түсіністікпен қарады. Парламент Мәжілісіне депутат етіп сайлады. Серік Қонақбаев ел сенімін әрдайым ақтап келеді. Халық қалаулысы ретінде қазақстандықтардың денсаулығын қорғауға бағытталған заң жобаларын ұсынып, олардың қабылдануына белсенді атсалысты. Сан рет Парламент мінберінен депутаттық сұрау салып, ұлттық қауіпсіздігімізді қорғауға негізделген маңызды мәселелерді көтерді, қазақстандықтарды толғандырып отырған проблемаларды биліктің құлағына жеткізді. Халық қалаулысының назарынан өз сайлаушыларының өзекті мәселелері де тыс қалған емес. Мәселен, Серік Қонақбаев 2005 жылы Мәжіліс мінберінен Жамбыл облысындағы Мирный, Ақсүйек, Мыңарал, Хантау, Ақбақай, Шығанақ елді мекендерінің проблемасын мысалға ала отырып ел аумағындағы поселкелердің мәртебесін өзгертіп, оларды ауылдық елді мекендерге жатқызу мәселесін көтерді. Бұл елді мекендер тұрғындарының саны аз болғандықтан, заң бойынша поселкеге жатпауы тиіс болса да қағаз жүзінде поселкеге жатқызылып кеткендіктен, онда тұратын мұғалімдер мен дәрігерлер осы бюджеттік топтардағы қызметкерлерге ауылдық жерлерде төленетін 25 пайыздық үстемені ала алмай келген болатын. Серіктің бұл жанашырлығын қалай азаматтық іс деп бағаламасқа! Осыдан біраз жылдар бұрын Қазақстан мен Қырғызстанның арасындағы шекара шегі болып саналатын Шу өзені қырғыз жағының өзен жағалауын бекіту жөнінде жүргізген жұмыстарының салдарынан өзінің арнасын өзгерте бастады. Сөйтіп, қазақ жерінің біраз бөлігі шекара сыртында қалу қаупі туындады. Осыған орай депутат С. Қонақбаев Мәжілістің пленарлық отырысында мәселеге орай арнайы комиссия құру, оның жұмыс қорытындысы бойынша еліміздің территориялық тұтастығын сақтауға бағытталған мемлекеттік шешім қабылдау туралы мәселе көтерді. Соның арқасында Үкіметтен арнайы қаржы бөлініп, өзен арнасы қалпына келтіріліп, туындай бастаған шетін мәселе де шебер шешімін тапты. Серік жұбайы Шолпан екеуі өмірге 2 қыз, 1 ұл әкеліп, тәрбиелеп өсіріп отыр. Тұңғыш қызының аты – Аяла, ортаншысы – Алуа, ал кенже ұлының аты – Аманат. Спортта да, саясатта да топ жарып, халқының мақтанышына айналған бірегей перзентіміз, біздің дегдар Серігіміз, міне, осындай сегіз қырлы, бір сырлы азамат.

Бокстан Еуропаның екі дүркін чемпионы (1979-1981 жж.), Әлем Кубогінің екі мәрте иегері (1979 ж, 1981 ж.), Мәскеу қаласында өткен ХХІІ Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (1980 ж.), әлем чемпионатының күміс жүлдегері (1982 ж), КСРО еңбек сіңірген спорт шебері.

2004 жылдың қыркүйек айынан Жамбыл облысының №32 сайлау округі бойынша ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты болып сайланды.

«Ерен еңбегі үшін» (1980 ж.), «Еңбек ерекшелігі үшін» (1984 ж.), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001 ж.), «Қазақстан Республикасы­ның Парламентіне – 10 жыл» (2006 ж.) медальдарымен және «Құрмет», парасат ордендерімен марапатталды. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (1993 ж.), Туризм және спорт Қазақ академиясының құрметті профессоры.

«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау бірлестігі Жамбыл облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы (1998-99 жж.).

Кәсіби бокс Федерациясының президенті (1992 ж. тамыз).

Пан-Азиялық боксерлік ассоциациясының мүшесі (ПАБА).

AIBA вице-президенті.

AIBA-ның спортшылар мен жастар жөніндегі комиссиясының төрағасы.

азия бокс конфедерациясының президенті.

қазақстан бокс федерациясының вице-президенті.