Әлеумет

Шығармашылық пен шаруашылықты ұштастырып

Шығармашылық пен шаруашылықты ұштастырып

Жамалбек ӨЗБЕКОВ, аудандық «Сарысу» газетінің директор-бас редакторы.

1991 жылы тәуелсіздіктің елең-алаңында заман талабына сай аудандық газет те құрылымдық өзгерістерге ұшырады. 1992 жылы сәуірден бастап бұрынғы «Октябрь таңы» газеті жаңадан «Молшылық» атты атауға ие болды. Жаңа нарықтық заманның қатынастарын газет бетінде көрсету оңай болған жоқ. Аудандық газетте де осы қиындықтардың ортасында ауыр жүкті арқалауына тура келді. Сол кездегі газеттің редакторы Е.Дүйсенбаев аудандық басылымды сақтап қалу жолына күш салды. Газеттің таралымы төмендей бастады. Жер-жердегі тілшілер посты азайып, оқырман белсенділігі төмендеп кетті. Мемлекеттің қолдауымен шығып келген басылымдарға жаңа қоғамдық қатынастарға сай жаңа міндеттер жүктелді. 1997 жылы Сарысу ауданы, Жаңатас қаласына біріккен соң аудандық басылымға көп жүк түсті. Типографияның ескі жабдықтары Саудакент ауылында қалып, енді өндіріске жаңа технология енгізу қажеттілігі туды. Міне, осы тұста сол кездегі бас редактор Ж.Миллионовтың белсенділігі ерекше көрінді. Бас редактор Астанаға дейін барып, осы түйінді мәселені шешуге күш салды. Мәселе сол кездегі Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігіне дейін жетті. Газет тарихында бірінші рет 1999 жылдың 1 ақпаны күні Жаңатас қаласында шағын көлемді «Сарысу» газеті компьютер арқылы теріліп, беттеліп, редакцияның баспаханасында офсеттік басу машинасымен жарыққа шықты. 2011 жылы газет басшылығы ауысты. Газеттің мазмұнымен қатар сапасы және көркемдігі арта түсті. Газет бетінде көптеген айдарлар пайда болды. Сол арқылы газет ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі өзекті өзгерістерді, еңбектерді бейнелеуде біліктілік танытты. Газет бетінде аудан өміріндегі жағымды жаңалықтармен қатар, келеңсіз көріністер де жарияланып тұрады. Баспасөздің негізгі күші де осы. Әрбір іске сын көзбен қарап, өз бағасын беру. Сонымен бірге өндірісте, ауылда болсын озаттар, кәсіпкерлер ісін, тәжірибесін кеңінен көрсетіп, қоғамның қозғаушы күшіне айналу – мұрат. Ең бастысы – ауданның саяси-әлеуметтік саласындағы, экономикасындағы жаңалықтарға ден қойып, дер кезінде оқырманға жеткізу. Зерттеулер жүргізіп, журналистік баға беру. Аудандағы қоғамдық пікірдің қалыптасуына негіз жасау. Қазіргі таңда аудан өміріндегі жағымды жаңалықтарға ілесіп отырудың өзі журналистердің жылдамдығы мен шеберлігін көрсетеді. Сонымен бірге, ауданда, облыста, республика көлемінде өзгерістер мен тың бастамалар, жаңа жобалар өмірге еніп жатады. Басты мақсат – соны істерді дер кезінде қамтып, ақпараттық жүйені дамыта беру. Ауданда шағын және орта бизнеспен қатар мал және егін шаруашылығы қатар дами түсті. Жолдар жөнделіп, жаңа құрылыс нысандары бой көтерді. Оқу мен медицина саласында көптеген өзгерістер пайда болды. Жаңа мектептер мен медициналық пункттер салыну үстінде. Қалаға және аудан өміріне жаңа инновациялық жобалар енгізіліп, жүзеге асырылуда. Газет мемлекеттік саясатты насихаттауда билік пен бұқараның арасында дәнекерге айналды. 2013 жылдан аудандық газет түрлі түсті болып аптасына екі рет шығып келеді. Ал сенбі күнгі нөмір тұрақты түрде сегіз бетке жетіп жүр. Кейде 12 бетпен шығу тәжірибесі де қолданылуда. Облыс көлемінде оқырманы көп газеттердің қатарындамыз. Газеттің тиражы да 4 мың данаға дейін жетіп, санымен бірге сапасы да артты. Бұдан үш жыл бұрын республикада алғаш болып өз газетімізді өзіміз тарату тәжірибесін қолдандық. Әрине ол бастама оңайға соққан жоқ. Шығармашылық пен шаруашылық істерін қатар алу өмір талабынан туындап отыр. Бұған тікелей «Қазпошта» қызметінің жыл сайын бағасының өсуі өз әсерін тигізді. Қазіргі таңда газет тарататын 15 жаңа жұмыс орнын ашып, оқырманмен тікелей байланысқа шықтық. Ең ұтымды жері – оқырмандардың кім екенін, олардың қандай ұсыныстары бар екенін газет тасушылар арқылы біліп отыратын болдық. Осы саладағы тағы бір жетістігіміз – газетке жазылым бағасы республика бойынша ең төменгі бағада. Бүгінгі күні алты айға жазылым мың теңге көлемінде ғана болып отыр. Біздің бұл тәжірибемізді Қордай және Талас аудандық газеттері де қолдана бастады. Кәсіби мереке күні барша баспасөз саласының өкілдерін құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін.

Сарысу ауданы.