Әлеумет

Баспасөзі мықты елдің өзі де мықты

Баспасөзі мықты елдің өзі де мықты

Облыстық «Қазақстан-Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген Ақпарат және коммуникация министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. әріптесімізді құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Мейрамбек+Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қазақ қоғамы еліміздің әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуын көздеп отыр. Сол арқылы Мәңгілік Ел болу да басты мұратымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев көп ұлтты мемлекетіміздің алдына осындай асқаралы міндетті қойып отыр. Өз Тәуелсіздігінің 25 жылдығында әлемге танылып, талай белес, асулардан өтіп, даму жолына түскен жас мемлекетіміздің ертеңгі келешегі кемел екендігіне бек сенімдіміз. Ел бірлігін, ел қуатын, ел абыройын арттыруда бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын міндеті орасан. Сонау 90-жылдары егемендігіміздің елең-алаңында сан қиындықпен бетпе-бет келген еліміздің қат-қабат өзекті мәселесі баспасөз беттерінде көтерілді. Қазыналы тарихымызды, жадымыздан өшкен жәдігерлерімізді түгендеудегі еңбегінің өзі бір дәуір. Аумалы-төкпелі қоғамдағы зор өзгерістерге аталы сөзін айтып, байыппен, сабырлылықпен қарауды да үйреткен баспасөз екендігі қабырғалы қауымның есінде болар. Бұл жауапкершілік бүгінгі таңда да өз маңызын жойған жоқ. Қайта баспасөзге деген міндет артып келеді. Оған Елбасы тапсырмасымен жаңа уәкілетті мемлекеттік орган – Ақпарат және коммуникация министрлігі шаңырақ көтергені куә. Бұл – баспасөздің беделін көтеру қажеттілігін уақыттың өзі алға тартып отырғандығын көрсетеді. Ендігі жерде мемлекеттің ақпараттық саясатын одан әрі жетілдіру мақсатында құрылған жаңа құрылымның атқарар жұмысы да, көтерер жүгі де аз болмайды. Журналистика саласында білікті кадрға зәрулік көптен бері айтылып та, жазылып та жүр. Қазіргідей күрделі заманда қоғамның аражігін ажыратып, біліктілікпен айта білетін, жаза білетін журналистерге тапшы болып отырғанымыз шындық. Бұрын журналист кадры бір ғана ҚазМУ-да әзірленетін. Онда дәріс беретін ұстаздар қауымы өте мықты еді. Атағы алысқа кеткен сол ғалым-ұстаздардың алдын көрген шәкірттер бүгінгі таңда Тәуелсіз еліміздің баспасөзінің ыстық-суығын бастан өткеруде. Қазір барлық облыс орталықтарында жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жоғары оқу орындарында журналистер дайындайтын факультеттер ашылған. Онда дәріс беретін ұстаздардың деңгейі қандай екені белгісіз. Және мұнда ақылы бөлімдер бар. Қай заманда ақы төлеп журналист мамандығына баулып еді? Ол ә дегенде-ақ қанмен келетін талант деген дүниеге тиесілі еді ғой. Біз қазір соны ұмыттық. Ақша төледі болды, оқытып, қолына табақтай диплом ұстатамыз. Содан барып сауатсыз кадр, талантсыз маман пайда болмай ма? Ол маманға қоғамға пікір айт деп қайтіп сенім арта аламыз? IMG_3026 IMG_3008Ақпарат мәдениетінің жөні бөлек. Ол газет бетінде болсын, теледидарда болсын, көптің көз алдында. Оның әр сөзі қалың оқырманның санасына жетіп отырады. Өйткені, ел мен жердің көкейкесті мәселесін көтеріп, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан қыруар тірлікті паш етіп отыратын БАҚ қоғамға дәл қазіргідей құбылмалы уақытта керек-ақ. Қазақ – тумысынан жақсылыққа құштар халық. Қандай қиындық заманды бастан кешірсе де, ертеңіне үмітпен қараған елміз. Біздің Жамбыл өңірінде де баспасөздің қалыптасқан жолы бар. Ол жол – облыс баспасөзінің қара шаңырағы «Ақ жол» газетінен бастау алған. Келер жылы өзінің 95 жылдығын тойлағалы отырған және ел баспасөзінің дамуында өзіндік орны бар «Ақ жол» газеті бүгінде өз міндетінен жаңылмай, тәуелсіз еліміздің шежіресін жасау үстінде. Соңғы уақыттарда газет бетінде жаңа айдарлар ашылып, заман талабына сай мазмұны артты. Оқырманның ойынан шығатын ойлы дүниелер жарық көруде. Облыстың тыныс-тіршілігін, қоғамдық-саяси өмірін, экономикалық жетістіктерін көрсетуде көш бастауда. Тәуелсіздікпен бірге келген «Қазақстан-Тараз» телеарнасы да осы мерейлі міндетті атқаруда аянып қалмақ емес. Ел мен жердің көкейкесті мәселелерін қозғауда шығармашылық әлеуеті жетеді. Бүгін – тамырын тарих тереңінен тартып жатқан қазақ журналистикасы саласының атаулы күні, баспасөз қызметкерлерінің төл мерекесі. Осынау мереке үстінде қашанда жақсылықтың жаршысы болып жүретін журналистер қауымына шығармашылық табыс тілеймін. Олардың бәрінің де қалам қуатымен еліміздің гүлденіп, көркеюіне өзіндік үлестерін қоса беретініне сенімдімін. Мереке құтты болсын, әріптестер!