Әлеумет

Жұлдызың жансын, «Жамбыл-Тараз»

Жұлдызың жансын, «Жамбыл-Тараз»

Алаш арысы Міржақып Дулатов «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп қаламын қару, тілін семсер қылған журналистер қауымының қоғамдағы рөлін ежелде-ақ айтып кеткен. Иә, жылдар жылыстаған сайын қоғамдық даму үдерісі жаңашылдықты талап ететіні о бастан аян. Сол қоғамдық сілкініс БАҚ саласын да сырт айналып өтпейтіні белгілі. Жаңа медиа, басқа дейміз. Алайда, газеттің ақпарат ресурсындағы қуатын ештеңе алмастыра алмасы мәлім. Жиырма жылдан бері қала тынысының шамшырағына айналған «Жамбыл-Тараз» газетінің алдына қойған басты міндеті – билік пен халық арасына алтын көпір болу.

Қалалық газеттің алғашқы саны 1996 жылдың 16 ақпан күні оқырман қолына тиіпті. Әлбетте, санаулы адам саусақ бүгіп отырып, білдей бір басылымды шығара салмасы екі бастан аян. Газеттің толық қуатына еніп, бірізді механизм ретінде жұмыс жасауы үшін қажеттілік көп-ақ. Ғимарат, материалдық-техникалық базаны қалыптастыру, қаржылық қуаттылық... Осының бәріне жағдай жасалмаса, жұмыстың өнбейтіні мәлім. Осы тұрғыдан келгенде, қадамын тәй-тәй басқан «Жамбыл-Тараздың» аяқтан нық тұруына 1995-1998 жылдар аралығында қала тізгінін қолына ұстаған Болат Жылқышиевтің қосқан үлесі зор. Бастапқыда қалалық әкімдіктің ғимаратынан кабинет алған басылым «тар жол, тайғақ кешулерді» бастан өткеріп, әр жылдары «Глобус» сауда үйінің, «Қазпоштаның» ғимараттарын паналапты. Бұл күндері редакция ұжымы облыс әкімдігі қаржы басқармасына қарасты 9 қабатты ғимаратта орналасқан. Басылымның алғашқы редакторы – белгілі журналист Дархан Байтуов. Газет қалай «Жамбыл-Тараз» атауына ие болды? О баста «Тараз таңы», «Тараз» түрлі атаулар ұсынылыпты. Әйткенмен, басылым іргесін қалап жатқан шақта Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметін атқарған Қалбүбі Мақажанованың ұсынған атауы көптің көңілінен шығып, бекітіліпті. Басылым атын таңдаудағы басты мақсат – қазақ және орыс тілдерінде де айтуға ыңғайлы болу керек екен. Өйткені басылым қос тілде оқырманға тарамақ. БАҚ әлеміне құлашын кең жайып енген «Жамбыл-Тараз» 2002 жылға дейін қазақ және орыс тілдерінде таралған. Осы кезде басылымды басқарған тәжірибелі журналист Көкен Оршабековтің редакторлық етуімен газет екіге бөлініп, әр тілде өз алдына жеке басылатын болды. Бұл ұжым талай таланттың томағасын сыпырып, болашағына бағдар да берді. Мәселен, журналист Қанат пен інісі Қуат Әуесбайлардың алғашқы жазбалары «Жамбыл-Тараздың» сүзгісінен өткен. Сондай-ақ, танымал блогер, «Хабар» агенттігі Арнайы жобалар қызметінің жетекшісі Өркен Кенжебек бастаған көптеген жастар да осы газеттен қанат қаққандарын мақтан тұтады. Бұл күндері 10 000 данамен тарайтын «Жамбыл-Тараз» төккен тер мен еткен еңбектің жемісін көріп келеді. Басылым республикалық «Алтын көшбасшылар» жобасында ең таңдаулы бұқаралық ақпарат құралы номинациясын жеңген. Қазіргі таңда қаланың бас басылымы жаңа медиадан да сырт қалмаған. Дербес сайты – соның дәлелі. Сайтта газет бетінде жарық көрген барлық мақалалар жарияланып, басылымның интернет журналистикада да танылуына ықпал етуде. 2006 жылдан бері газеттің тізгінін білікті басшы Эльмира Мырза-Ғали ұстап келеді. Нәзік иығымен бас редактордың ауыр жүгін арқалаған әріптесіміз: «Елдің, оқырманның талғамы әрқалай. Сол азаматтардың көңілінен шығу үшін аянбай тер төкпекпіз», – дейді. Басылымда Ерман Әбдиев, Елена Пак, Кұралай Сейсенбекқызы, Лариса Губашева, Юрий Ефимов, Ольга Макарова, Индира Байқонысова, Нұржан Қадырәлі, Шынболат Сейдуалиев секілді тілшілер тынымсыз тер төгіп жүр. Жаңашылдыққа бет алған әріптестерімізге іске сәт дейміз!

Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».