Білім

Ұстаздық еткен жалықпас

Ұстаздық еткен жалықпас

Өз мамандығына деген сүйіспеншілік қана адамды абырой биігіне жетелесе керек. Ал мәртебелі ұстаз болу үшін үлкен жауапкершілік қажет. Мұғалім сөз сөйлеу мәдениетімен қоса, білім-біліктілігі жағынан оқушылардың алдында биік болуы тиіс. Себебі, ұрпақтың өркениетті қоғамда өмір сүруге икемделуі, маңызды мәселелерді шеше алатындай тұлға болып қалыптасуы ұстазға байланысты. Мұғалім болу – менің бала күнгі арманым. Тараз қаласындағы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіргеннен кейін аудандағы №5 Михаил Ломоносов атындағы орта мектепке жұмысқа орналасқанымда сол арманға қол жеткізгенімді түсіндім. Бүгінде осы салада 7 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бір қуанатыным – мен жетекшілік ететін 5 «Б» сыныбы оқу үлгерімі жағынан алда. Ұжыммен тіл табысып, оқушылармен етене араласып кету жас маман үшін оңай емес. Әйтсе де, қоғамдық іс-шараларға белсене атсалыстым. «Ең үздік жас мұғалім» атты аудандық байқауда өнер қөрсетіп Алғыс хат, білім беру мазмұнын жүйелі жаңарту жағдайында оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, жаңа форматтағы мұғалім келбетін аша білгенім үшін Құрмет грамотасымен марапатталдым. «Тілімде менің сыры терең жаным бар...» атты М.Мақатаевтың шығармашылығына арналған аудандық байқауда білім бөлімінің ІI дәрежелі дипломын иелендім. ZІАТ Ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Жас педагогтердің ашық сабақтарының панорамасы» атты II республикалық мұғалімдер конкурсында ІІІ орынға ие болдым. Шәкірт түрлі жарыстарға қатысып, жетістікке қол жеткізсе, ол ұстаздың ғана емес, мектептің де абыройы дер едім. Мәселен, аудандық II Махамбет оқуларында 9 «А» сынып оқушысы Жамбыл Амангелдиев II дәрежелі диплом, III Махамбет оқуларында Аида Сүйіндікова II дәрежелі дипломмен марапатталып, аудандық XIII Абай, Шәкәрім оқуларында Назерке Шаңлатбай III орынды иеленіп, менің ғана емес, барша мұғалімдердің мерейін тасытты. Осындай түрлі байқауларда топ жарып жүрген мектеп мақтаныштарының арасында 10 «А» сынып оқушысы Гүлзада Қарақұлова мазмұнды шығармасымен ерекшеленіп, III дәрежелі дипломға қол жеткізді. Жақында аудандық пәнаралық олимпиадада Ләззат Ізбағанбет II дәрежелі дипломмен марапатталды.

Замира Айтбаева, ұстаз.

Жуалы ауданы.