Күй ойнайды қазағымның қанында
Күй ойнайды қазағымның қанында
шу өңіріндегі саз мектебіне жаңа ғимарат қажет
Ұлттық музыка өнерінің насихатын күшейтіп, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін нығайтуда аудандық №2 балалар саз мектебі де өзіндік үлес қосып келеді.
Өнердің баспалдағын қалайтын қара шаңырақта бүгінде 24 мұғалім қызмет етеді. Бұл мектеп алғаш 1969 жылы ашылған. Содан бері сан түрлі тағдырлы тарихты басынан кешірді. Тоқырау кезеңінде де алақандай өнер ошағының шырағы сөнбеді. Сол жылдары мектепті басқарған Бөгет Күсеев өнер ұжымының жабылып қалмауына барын салып еңбек еткен еді. Ал 2000 жылы саз мектебі аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының құрамында жұмысын жалғастырып, үш жылдан соң өз алдына қайта бөлек шықты. Уақыт өте келе еңсесі тіктелген ұжым толығып, домбыра, қобыз, фортепиано кластары үздіксіз жұмыс істеуде. Теория-солфеджио сабақтары да өтеді. Бүгінде саз мектебінің Баласағұн, Алға, Далақайнар, Абай, Шоқпар ауылдарындағы және аудан орталығындағы М.Әуезов және С.Шәкіров мектептеріндегі филиалдарын қоса есептегенде 230 оқушысы бар. Өнерпаз жасөспірімдердің алтын ұясына айналған бұл мектепті қазір Алтынай Жиенбекова шебер ұйымдастырушылықпен басқарып келеді. Қуантарлығы сол, музыкалық аспапта ойнауды меңгеруге ниетті оқушылар қатары толастаған емес. Мұнда Бөгет Күсеев, Айгүл Түменбаева, Толқын Құлжанова, Гүлзипа Жүнісбекова, Айман Әмзиева сынды ұстаздар көп жылғы жемісті еңбегімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, саз мектебінің алғашқы түлектерінің бірі, бүгінде осы мекеме директорының орынбасары Ләйлә Қосмаилова – өмірін қасиетті мамандыққа арнаған жан. Нота танып, қолына домбыра ұстатқан аудандық саз мектебінде 5 жыл білім алған ол қасиетті домбыраны өмірінің ажырамас серігіне айналдырған. «Ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі» мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық-мәдениет институтында жоғары білім алып, еліміздің бірқатар өңірінде осы салада өнерге еңбек етіп, бай тәжірибе жинақтаған ол кейіннен туған жерге қайта оралып, өзінің музыкалық білімінің негізін қалаған саз мектебінде шәкірт тәрбиелеуге кіріседі. Бай тәжірибеге ие білікті маман 27 жыл осы салада қажымай қызмет етіп келеді. «Саз мектебіне келген оқушыны алдымен өз ұлтының тарихымен, ұлы күйшілерімен, түрлі композиторлармен таныстыру арқылы ұлттық рухын шыңдауды мақсат тұтамыз. Содан соң, қолына аспапты дұрыс ұстатып, ыңғайлы отырғызып, сабақ сайын нота сауатын ашуға көшеміз. Шығарманың музыкалық құрылысы, ырғағы, саз ерекшелігіне көңіл бөліп, алғашқы күннен бастап-ақ шығарманы түсініп ойнауға шақырамыз. Өз басым домбырада дыбыс тазалығы мен қағыстардың туралығын қатты қадағалаймын», – дейді Ләйлә Әбекенқызы. Ұстаз еңбегі шәкіртінің жетістігімен өлшенеді. Саз мектебінің оқушылары қатысқан облыстық, республикалық байқаулардан жүлдесіз оралған емес. Мәселен, бүгінде Хамит Айбек, Анар Сауранбаева, Рахат Бүркітбай сынды жас шәкірттері өнер додаларында жарқырап көрініп жүр. Мектеп жыл сайын есеп беру кешін өткізіп тұрады. Дәстүрге айналған мектепішілік «Күй әлеміне саяхат» байқауы дарынды домбырашыларды іріктеп, балғындардың шеберлігін шыңдауда айрықша рөлге ие. Саз мектебі қосымша білім беру мекемесі болғанмен, оқушының қалыптасуында маңызды рөлге ие. Шу аудандық №2 балалар саз мектебінің сабақ кестесі негізгі мектептегі сабақтың уақытымен санаса отырып реттеледі. Мұнда келетін оқушылар қатары артпаса, кеміген емес. Алайда, бүгінде ауыл өнерін көтерудің ауыр жүгін арқалап келе жатқан мектептің ғимарат мәселесі оң шешімін таппай тұрғандығы қынжылтады. Әзірге жылдар бойы тозығы жеткен нысанды місе тұтуға мәжбүр болып отырған шығармашылық ұжымның тілегіне құлақ асу керек-ақ.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».
Шу ауданы.