Саламат ты өмір – денсаулық кепілі
Саламат ты өмір – денсаулық кепілі
Жыл сайын жүрек қан тамырлары ауруларына шалдыққандарды анықтау мақсатында скринингтік тексерулер жүргізілетіні белгілі. Мәліметке сүйенсек, биыл 100807 тұрғын медициналық тексеруден өтуі тиіс екен. Бес айдың ішінде 46879 адам тексеруден өткізілген. Нәтижесінде 2045 жамбылдық жүрек дертінен зардап шегіп жүргені белгілі болып отыр.
Туберкулез ауруының алдын алу үшін ұйымдастырылған осындай 1478 тексеруден 61376 адам өткен. Тараз қаласы №5 мөлтек ауданындағы жатақхана тұрғындары арасында ұйымдастырылған «Бүкіл дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні» қарсаңындағы акцияда 67 адам флюрографиялық тексеруден өтсе, облыс бойынша өткізілген 14 акцияға 1450 тұрғын тартылған. Ал қазір өңіріміздің географиялық, эпидемиологиялық жағдайына байланысты жіті ішек ауруларының алдын алу шаралары жүргізілуде. Іс-шаралар жоспары мамыр-қазан айы аралығын қамтиды екен. Бұл жөнінде «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша сарапшы топ отырысында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Жұманқұлов мәлімдеді. – Ағымдағы жылдың 5 айында «Бүкіл дүниежүзілік жанұя күні» «Отбасы – сүйіспеншілік, сыйластық, ынтымақтастық пен парасаттылық бастауы» тақырыбында балалар мен аналардың денсаулығын нығайтуға арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Елді мекендерде, көпшілік орындарда өткізілген ашық есік күндері, кең көлемді акциялар және басқа да іс-шаралар тұрғындардың денсаулығын жақсартуға, аурудың алдын алуға негізделген. Өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғау мен саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған 1278 іс-шарада 33565 тұрғынның медицина көмегіне жүгінуі – осы сөзімнің дәлелі, – дейді Марат Сейітбекұлы. Жиында облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша сарапшы топ жетекшісі Гулам Омаров Партияның Сайлауалды бағдарламасында Денсаулық сақтауды үздік әлемдік стандарттарға жеткізу көзделгенін, басты талап – медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін қозғады. – Денсаулық сақтау саласын дамыту науқастардың шынайы мұқтаждықтарын өтеп, денсаулық сақтаудың интеграцияланған жүйесінің негізі болып қана қоймай, стационарлардағы емдеу шығындарын төмендетуге жағдай жасайды. Ол – халықтың да, мемлекеттің де мүддесін қорғаудан туындаған міндет. Сондықтан, Сайлауалды бағдарламада саламатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамытуға баса көңіл бөлінген, – дейді депутат. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков тұрғындардың, оның ішінде жастардың спорт нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде талдау жүргізілетінін қозғады. Оның айтуынша, өңірімізде 19 стадион, 665 футбол алаңы, 549 спорт залы бар екен. Спорт алаңшаларының саны – 663-ті құраса, өзге де 120 нысан бар көрінеді. Жиында баяндамашыларға бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, айтылған ұсыныстар негізінде шешім қабылданды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».