Саясат

Жастар мәселесі – басты назарда

Жастар мәселесі – басты назарда

Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыс әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Жиынға кеңес төрағасының орынбасарлары мен мүшелері, басқарма басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Тараз қаласы мен аудандарда мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы бойынша жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындылары тыңдалды. 

– Өткен жылғы кеңес отырысында берілген хаттамалық тапсырмаларға сәйкес, мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының II кезеңін іске асыру үшін арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп, бүгінде жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жергілікті атқарушы органдардың, мекеме басшыларының жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері мен жоғары сынып оқушыларына дәріс оқу кестесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 5 айында облыс бойынша 103 кездесу өткізу жоспарланса, оның 72-сі ұйымдастырылып, 31 кездесу түрлі себептермен кейінге қалдырылды. Тараз қаласы мен аудандарда алты айдан астам уақыт жұмыссыз жүрген, арнаулы немесе жоғары білімі жоқ NEET санатына кіретін жастардың базасын дайындау және олармен адрестік жұмыстар жүргізу бойынша берілген тапсырмаға сәйкес, жыл басынан бері көптеген жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде облыс бойынша 884 NEET жас анықталды. Олардың басым көпшілігі – Тараз қаласы мен Меркі, Мойынқұм, Қордай аудандарында тіркелген. Сондықтан, қала және аталған аудан әкімдері осы жастармен жұмыс жасауға көбірек көңіл бөлсе екен, – деді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Құралбаев. Басқарма басшысы жастар арасында қылмыстың алдын алу бойынша мүдделі органдармен бірлесе жүйелі жұмыстар жүргізу үшін Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов және Мойынқұм ауданы әкімдеріне берілген тапсырмаға сәйкес, аудандарда жергілікті полиция өкілдерімен тығыз байланыс орнатылып, бірлесе жұмыс жүргізудің жоспары бекітілгенін мәлімдеді. Алайда, қылмыстың алдын алу бағытында мақсатты шаралар өткізілгенімен Қордай, Байзақ аудандарында өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда жастар арасындағы қылмыс жасау көрсеткіші азаймай отыр екен. Деректерге сүйенсек, жастармен жұмыс жүргізуге баса көңіл бөлмей отырған аудан басшылары да бар екен. Мәселен, мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуына рейтингтік бағалау жүйесін енгізу жөнінде ұсыныстар жасалынып, нәтижесінде тоқсандық, жылдық рейтингтік бағалау жүргізудің Ережесі бекітіліп, соған сәйкес I тоқсанның рейтингісі жасалғанда Тараз қаласы мен Байзақ, Мойынқұм, Сарысу аудандары төменгі сатыдан көрінген. – Жергілікті атқарушы органдар жастарға қатысты мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері туралы жастар арасында жүйелі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, жергілікті ауыл әкімдері «Жастар ресурстық орталықтарының» ауылдық округтегі мамандармен бірлесе отырып, ауыл жастарын кәсіпкерлікке баулу, NEET жастармен жүйелі жұмыстар жүргізу, жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру жұмыстарын тұрақты назарда ұстаулары тиіс деп санаймын, – дейді Еркебұлан Құралбаев. Кеңес отырысында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің проректоры Альмара Наурызбекова студент жастардың әлеуметтік мәселелеріне тоқталса, өңір жастарын жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков баяндады. Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаев аудандағы мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы барысы, Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айнұр Рахымбаева орталықтың жұмысы туралы сөз қозғады. Жиын соңында кеңес мүшелерінің ұсыныс-тілектері тыңдалып, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев аталған мәселелер бойынша тиісті мекемелер мен басқарма басшыларына тапсырмалар берді.

Наурызбек САРША, «Ақ жол».