Көреген басшы елді өсіреді
Көреген басшы елді өсіреді
Қытайдың Шанхай қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІV саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин: «АӨСШК бастамашысы – Нұрсұлтан Назарбаев. Біз оның үлкен саяси көрегендігі мен аймақтық қауіпсіздік пен әлемдегі бейбітшілікті қамтамасыз етуді өзінің парызы санайтын қасиетіне тәнтіміз», деп атап өтті. Бұл – Қазақстан Президентіне деген зор баға, ал халқымыз үшін үлкен мақтаныш деп білеміз. Иә, кеңеске мүше 11 елдің Мемлекет басшылары, жалпы 26 мүше, 7 байқаушы мемлекет, 4 халықаралық ұйым өкілдері, тіпті, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның өзі арнайы қатысқан ауқымды халықаралық жиында жалпақ әлемге жарияланған Елбасы туралы бұл пікір шараға қатысқан журналистерді ғана емес, ақпарат құралдары арқылы хабардар болып отырған барлық қазақстандықтарды мақтанышқа бөлегені анық.
Еске алар болсақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін құру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария еткен болатын. Ал бұл бастама бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп, Азия елдері арасында беделі биік, абыройы асқақ, ауқымды ұйымға ұласты. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің ІV саммитінде сөйлеген сөзінде де Нұрсұлтан Назарбаев өзінің парасаттылығын көрсетіп, бастамашыл бағыттағы бірқатар тың идеяларымен бөлісті. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жаңа қауіптер мен сын-қатерлердің пайда болуына байланысты әлемдік құрылымдағы кейінгі кездері байқалып отырған түбегейлі өзгерістерге назар аударды. Бұл ретте әскери-саяси саладағы сенім шаралары тұжырымдамасын қабылдау әлі де маңызды деп санайтынын ашық айтты. Осыған орай, Қазақстан АӨСШК мен ШЫҰ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптайтынын жеткізді. Қазақстан Президенті сондай-ақ, ядролық қарусыз бейбітшілікке қол жеткізу жөнінде де ойын ортаға салды. Сонымен бірге, бейбіт атом энергетикасын дамыту кедейшілікті, жұмыссыздықты, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту АӨСШК қызметінің негізгі бағытының бірі екеніне басымдық берді. Бұл ретте азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің бірі болып отырғанын, ол үшін өңірдің барлық мемлекетінің кешенді күш-жігері қажеттігін, соның ішінде, АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісіне байланысты нақты тетіктерді әзірлеу керектігін тілге тиек етті. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Жібек жолының инфрақұрылымдық қорын құру идеясы аса маңызды мәнге ие екенін ескере отырып, Қазақстан Азия құрлығының дәл орталығында орналасқандықтан, Жібек жолы жобасының штаб-пәтерін Алматыға көшіру туралы ұсыныс жасады. Осыдан кейін Мемлекет басшысы кез-келген елдің интеграциялық таңдауы халықтың әл-ауқаты мәселесі екенін айтып, экономикалық интеграция үрдістерінің маңыздылығын да ұмыт қалдырған жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде АӨСШК арқауында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым құру қажеттігіне сенімді екенін білдірді. «Ол ЕҚЫҰ-ға сындарлы бәсекелес болуы тиіс. Өзара ынтымақтастық пен өзара түсіністік болмайынша, шығыс дәстүрлері мен құндылықтарын ескермейінше, Батыс Шығыстан тысқары, орнықты дами алмайды», деді Қазақстан басшысы. Ең бастысы, достықтың негізі болып саналатын өзара сенім болашақ халықаралық ұйымның негізгі ұстынының біріне айналуы тиіс екенін баса айтты. Міне, осы және басқа да маңызды мәселелерді талқыға салған Қазақстан Президентінің халықаралық ұйым алдындағы бөлекше беделі IV саммитте қатысушы елдердің басшыларының аузымен айрықша аталғаны, оның саяси көрегендігіне көпшілік елдің тәнті екені айдай әлемге паш етілді.