Қаржылық сауатсыздық қарызға батырады
Қаржылық сауатсыздық қарызға батырады
немесе ағылшын тілінде оқулық жазған қыз
Әлемнің ең үздік топ-200 жоғары оқу орнының рейтингісін ағылшынның QS (Quacquarellі Symonds) компаниясы түзеді. QS зерттеуі бойынша алғашқы ондыққа (Массачусетс ТИ, Кембридж университеті, Лондон империя колледжі, Гарвард университеті, Лондон колледжі, Оксфорд университеті, Стэнфорд университеті, Калифорния ТИ, Принстон университеті және Йель университеті) іліккен үздік университеттердің 6-ауы АҚШ-та, 4-еуі Британияда орналасқан. Топ-200-ге кірген білім ошақтарының 51-і – америкалық университеттер. Әлемде 17 мың ЖОО бар болса, елімізде олардың саны 180-ге жуық. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің ең үздік топ-400 рейтингісіне кіреді екен. М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың қаржы кафедрасының меңгерушісі әрі ағылшын тілінде оқулық жазған Гүлмира Аманбековамен сұхбатымыз отандық оқу орындарының бүгіні мен болашағы, жастар арасындағы ең таңдаулы мамандық – қаржыгерлер туралы болмақ.
– Біздің аты дардай университеттеріміздің әлемдік рейтингте сатысы неге төмен? – Жұмыр жер бетінде мойындалған 197 мемлекет бар болса, әлемдегі жоғары білім ордасының саны – 17 мың. Еліміздегі білім ошақтарының әлемдік QS рейтингісі бойынша төмен болуы заңдылық. Өйткені Тараздағы ЖОО ғимараттарына қараңыз, біреуі балабақша, енді біреуі ескі жатақхананың қуықтай аудиториясында студенттерді оқытуда. Мамандықты жан-жақты меңгеруге, қоғамдық өмірге белсенді араласуға жағдай жасалмаған университетті студенттер не үшін таңдайды? Әуелі студенттің көздегені – диплом. Терезесі дәу, ауасы кең жерде кім сабақ алғысы келмейді дейсіз? Бірақ, аудиторияда отырғандарға кейде көнілім толмайды. Студенттер өзін шығармашылық тұрғыдан дамытуға құлықсыз. Емтихан науқанындағы ауызжаластыққа төзе береді. Бәрі көнбіс, селт етпейді. Ақыры ақысын төлеген соң оқу әкімшілігінен сапалы жүйені талап етпей ме? Ондайды байқамайсың. Біздің студенттер флеш-мобқа мәз болып қалғып-мүлгіп жүр. – QS компаниясы үздіктерді қалай анықтайды? – Бірінші – студенттер құрамына, екінші – оқыту нәтижелері мен ЖОО-да іске асырылатын білім бағдарламаларының санына, үшінші – академиялық кадрлар сапасына, профессорлық-оқытушылық құрамына, төртінші – ғылыми-зерттеу және инновациялық жұмыстарға, бесінші – халықаралық ынтымақтастық байланыстарына, алтыншы – талапкерлердің, профессорлық-оқытушылық құрам және барлық мүдделі адамдардың сайтта толық ақпаратпен қамтамасыз ету деңгейіне қарай рейтинг шығады. – Біз қай жерден кемшілік жіберіп отырмыз? – Кемшілігіміз университеттердің менеджменті дамымаған. Сайтты жетілдіру керек. Кадр «таңдауда» да қателіктер жеткілікті. Профессор, оқытушылар құрамының әлеуеті дұрыс пайдаланылмайды. Мәселен, кафедрада он адам жұмыс істесе, оның бесеуі жанын салып жастарға сабақ береді. Қалғандары айлықтан-айлыққа жетіп жүрсе болды. Әңгіменің басын ашып айтқан да дұрыс, жасы келген профессорлардың ішінде заман ағымына ілесе алмай, жаңа талаптарды ауыр қабылдайтындар бар. Соңғы кездері таңдаған мамандығына қатысты салалық оқулықтан басқа көркем әдебиетті оқымайтын жастар көбейді. Ең сорақысы, ҰБТ-дан жинаған балы қалаған мамандығына түсуге мүмкіндік бермесе, грантқа ілігетін кез-келген мамандықты жеңіл таңдай салатыны студенттің жауапсыздығы дер едім. – Сіз таңдаған мамандыққа қатысты сұраққа көшсек. Қаржыгер ретінде шетелдерге барып ағылшын тілінде дәріс оқыпсыз... – Ірі қаржы орталығы болып саналатын Лондонда жүргенде QS әлемдік рейтингтік агенттіктің конференциясына қатыстым. Сол жақта студенттерге лекция оқу мүмкіндігі туды. Ағылшындарға лекция оқығанымда, өзіме деген сенімділігім артты, әркім мақсатқа ұмтылса, қол жеткізетінін түсіндім. «Finance» (Қаржы) деп аталатын ағылшын тіліндегі оқулығымды Лондонға бармай тұрып жазып бітіргенмін. Одан кейін «Mevlana» бағдарламасымен Түркияның Балыкесир қаласындағы «Балыкесир» университетіне арнайы шақырту алып, туризм саласы факультетінің студенттеріне «Туризмдегі бюджетті қалай басқару керек?», «Кіріс пен шығынды сауатты есептеу», «Салық жүйесі», «Имидждік шығындар», «Туристі сақтандыру» тақырыбында тренингтер өткіздім. Жасырмаймын, алғашқыда ойым шашырап, «сүрініп» кетем бе деген үрей биледі, кейіннен жігерімді жанып, үрейімді жеңдім. – Қаржы мен ақшаның айырмашылығын түсіндіріп беріңізші... – Белгілі бір мекеменің шотындағы қор қаржы деп аталады. Мекеме жұмысшыларының айлығын банкке аударған уақытта да ол қаржы болып қала береді. Ал жекелеген жұмысшы банкоматтан теңгені қолма-қол алғанда ақшаға айналады. Жекелеген екі адамның арасындағы алыс-берістегі теңге де ақша деп аталады. Маман ретінде тағы бір түсініктеме берсем, бұл уақытша ақша алмасуды қарыз дейміз. – Қарыз деп қалдыңыз ғой. Қатардағы адамдардың несиелік сауаттылығын қалай бағалар едіңіз? Қарыз алудың соңы ренжісуге әкеліп соғатыны несі? – Себепсіз досыңыздан қарыз сұрамаңыз, банктен несие алмаңыз. Қарыз ақша есепсіз тез жұмсалады. Шетелде банк несиеге ақша берерде несие алушыны алдымен оқытады. Ақшаны қайда, қалай жұмсайсыз, одан қандай табыс табасыз деген сұрақтарға жауап бергендерге несие беріледі. Өркениетті елдердегідей тәжірибенің жоқтығынан Қазақстан азаматтарының үштен бірі банктерге қарыз. Ақшаң барда көңіл күйің қандай, ал жоқ кезде қалай, салыстырып көріңізші? Дұрысы досыңнан қарыз сұрама және біреуге қарыз берерде оны зертте. Ол қалай қайтарады деген сұрақтарға жауап ізде. Егер жақсы досыңа қарыз берсең, онда одан ажырадым дей бер. Берген ұмытпайды, ал алған адам тез ұмытып кетеді... – Отбасылық бюджеттің қайтсе берекесі кіреді? – Тұрмыста «жоқ» деген сөз жақсы емес. «Әзірге болмай тұр» десе, құлаққа кіреді. Адал еңбек етсең, табасың. Кейбір адамдар ақшаны жақсы тапқанымен, байлығын еселей алмайды. Ол адам ақшаны жұмсау ережесін білмейді. Мысалы, көрші екі үйді алайық. Бір үйге айына 50 000, екіншісіне 100 000 теңге кіріс кіреді дейік. Бірақ екі үйдің де күнкөріс деңгейі бірдей. Неге? Өйткені, жүз мың кіретін үйдің әрқайсысы өз тапқанына өзі қожа болып, бөлек-бөлек жаратады, ол қаржының берекесі қашады. Оркестрдегі музыканттар дирижерге бағынбаса, жақсы музыка шықпайтыны секілді. Отбасында да ауызбіршілік, ортақ жауапкершілік болмаса, құт-береке алыстайды. – Қаржыгер ретінде айтыңызшы, ақшаның сиқыры, буы бар ма? Балаға ақша ұстату қағидаларын түсіндірсеңіз. – Ақша адамға ерекше көңіл күй сыйлайды десем, келісетін шығарсыз. Бір атақты бай адам қайырымдылық қор жәшігіне 10 доллар ақша салыпты. Сонда біреу «сіз балаңыздан әлдеқайда төмен тастағаныңыз не?» деп сұрапты. Бұған әлгі бай: «Мен миллионердің баласы емеспін!» – деп жауап беріпті. Қазақтың «белі ауырмағанның нан жесін қара» дегеніндей. Балаға жастайынан ақша табуды, жаратуды, мүмкін болса отбасылық бюджеттің бір бөлігін беріп есеп-қисапты үйреткен жөн. Үнемшілдік пен ысырапшылдықтың айырмашылығын ерте түсінген бала ақша таусылғанда болатын үрейге шыдамдылықпен қарап, тығырықтан шығу жолын өз бетімен таба алады. – Бай болу үшін не істеу керек? Айлыққа күні қараған, жақтырмаса да басшының айтқанын екі етпейтіндерге қандай кеңес бересіз? – «Ақылды болсаң, сен неге бай болмайсың?» депті бір данышпан. Ақыл мен ақшаны тең ұстау – өмір заңы. Байлық өскен сайын оның уайымы да өседі. Байлықты жасыруға болады, ал кедейлікті жасыра алмайсың. Ақшаның көмегімен жүзеге асатын арман-тілектер тек бизнес арқылы жүзеге асады. Бизнес – қабілеттілік, табандылық, адалдық пен тәжірибе, содан кейін барып – ақша. Бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым қалыптасып келеді. Сауда жасағанда тек пайда табу үшін ғана соңынан қума, халықтың мұқтажын өтеу үшін жаса. Сонда жаның рахаттанады, ұйқың тыныш болады. Кедейлік масыл, еріншек, қызғаншақ, өнерсіз, өз идеясы жоқ адамдарға үйірсек келеді. Ер-азаматтың бала-шаға, жар алдында кедейлікке мойынсұнуы – ұят нәрсе. Ақшаның қадірлі болатыны неден? Себебі, ол бәрімізге керек. Әңгіме ақша табу емес, мағыналы өмір сүруде. Тынымсыз ізденіп, қимылдап, жедел шешім қабылдап, өз мүмкіндіктерін пайдалана алған адам ғана бизнесмен болады. Өз бетімен, өз еркімен батыл қимыл жасай алмайтын адамдар (айлыққа күні қарап қалғандар) өмір бойы бухгалтердің есігіне телміріп жүреді. Қарызға белшесінен батады... – Адам болған соң табан астында ақша керек болып, қайдан, кімнен аларымызды білмей жәутеңдеп қалатынымыз бар... – Кездейсоқ тап болған жағдайлардан қысылмай, біреуге жалтақтамай шығудың жолы – «Х» күнге қор жинау. Қоры бар адам дағдарыстан сәтті шыға алады. Мәселен, аяқ астынан ақша қажет болса, көпшілік бірінші банкке жүгіреді. Несиені алар, бірақ, «қарыз күліп келіп, жылап қайтатынын» ұмытпау керек. Ақшаны қарызға алу үшін – ағайын, көрші, әріптес, досқа салмақ салуға болады, бермесе сөзіңді тауыс (жалын). Бұл қалай болғанда да бұрынғы сыйластығына сызат түсірмей қоймайды. Өйткені, келісілген күні қарызды қайтара алмасаң, қадірің кете бастайды. – Түсінікті. Қаржылық сауатымыз қаншалықты екенін әркімнің іші біледі. Өркениетті елдер халық арасындағы сауатсыздықты қалай жойған? – Тұрғындарды түгел ана тілін, математиканы үйреткендей қаржылық сауаттылығын арттыруға баулу керек. Заман ағымына қарай әр елде жаппай қаржылық сауатсыздықты жою ұлттық бағдарламалары жүзеге асырылған. Нарықты түсінбей «ұрынып» қалу дамыған елдерде де орын алған. Осындай жағдайлар көптеген елдердің үкіметтерін шұғыл тұрғындардың қаржылық сауатын ашуға мәжбүр еткен. Мәселен, 2002-2003 жылдарда АҚШ, Ұлыбритания, Австралия сияқты дамыған елдерде халықтың қаржылық сауатын ашу мақсатындағы ұлттық жобалар жүзеге асырылды. Дәлірек айтсақ, өркениетті елдерде қаржылық сауат ашу мемлекеттік стратегияның басым бағыты болып саналады. Алдыңғы қатарлы дамыған елдердегі осындай бағдарламаларды тізіп шығайын: АҚШ-та – «Болашақ үшін жауапкершілік», Францияда – «Қаржы және педагогика», Австрияда – «Жүргізушінің қаржылық құқы», Швецияда – «Зейнетақы экономикасы», Польшада – «Өз болашағыңды жоспарлай біл», Ұлыбританияда – «Жұмыстағы қаржылық сауаттылық: ақшаны жұмыс істете біл», Венгрияда «Ақша сөйлейді!» деп аталады. Қазақстанда да қаржылық сауатсыздықты жоюды кейінге қалдыруға болмайды. Онсыз да азаматтардың үштен бірі несие «шырмауынан» шыға алмай жүр. – Менің ойымша, миллиардер болу үшін жоқтан бар құрап, IT маманы болып, ешкімде жоқ бағдарлама ойлап тауып, патенттеп алу керек сияқты көрінеді... – Әлем танитын миллиардерлер – кен қожайындары. Соңғы жиырма жылда олардың қатарын өнертапқыштар толықтырды. IT-технологиялар жетілген сайын жаңа миллиардерлер пайда болуда. Миының әр қыртысын дұрыс пайдаланып, ақылын ақшаға айналдырған азаматтардың көшін атақты Билл Гейтс (60 миллиард) бастап тұр. «Microsoft Windows» бағдарламасын сату арқылы Б.Гейтс 1996 жыл мен 2007 жыл аралығында әлемнің ең бай адамы атанды. Бұл тізімнің қатарына «Apple»-дың негізін қалаушы Стив Джобс, «Facebook»-ты дүниеге әкелген Марк Цукерберг (12 миллиард), «Oracle»-ды басқарып отырған Ларри Эллисон (41 миллиард), өзіңіз күніне 10 рет кіретін «Google»-дың төл атасы – Сергей Брин де (15 миллиард) кіреді. Миллиард жинау тек IT-инженерлердің ғана маңдайына жазылмаған. Көреген инвестор болсаң да қор жинай аласың. – Жоғарыда біз әлемнің топ-200-ге енген жоғары оқу орындарының 51-і америкалық университеттер деп атап өттік. Білімді елдің экономикасы да көш бастап тұруы заңдылық па? – Сөзсіз, білімді, озық технологиялы елдің экономикасы көш бастайды. Бірақ, миллиардер ІТ инженерлерінің қос-қос дипломы бар деп айта алмаймын. Қабілетті, көреген, тілтабысқыш адам бай болады. Ылдым-жылдым, жел қайдан тұрса желкенді жайып, қармап қалу керек. Елбасымыз кәсіпкер болу мың адамның бірінің қолынан келетін машақаты ауыр кәсіп деп атап өткені есімде. Еліміздегі оқу ордаларының сапасы жылдан-жылға артып келеді. Бұйырса, келешекте қазақтың жастары әлемге танымал болады деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».