Әлеумет

Көрме қонақтарына жамбылдықтар да қызмет көрсетеді

Көрме қонақтарына жамбылдықтар да қызмет көрсетеді

«Халықаралық мамандандырылған Астана ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізу» бойынша кеңес өткізілді.

Кеңеске «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ-ның халықаралық экология академиясының, облыстық туристік фирмалар және қонақ үйлер бизнесінің өкілдері қатысты. Басқосу барысында туризм саласының кейбір мәселелерін қарастырумен қатар, «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің роуд-шоу түріндегі таныстырылымы ұйымдастырылды. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Болат Есімбеков келер жылы өтетін ЭКСПО көрмесінің еліміз үшін маңызды әрі мерейлі оқиға екенін, бұл көрмеге тарихи Тараз шаһары да барынша атсалысатынын атап өтті. Бүгінгі күні облысымызда 43 туристік фирма, 1 киіз үй қалашығы, 1 сауықтыру кешені, 7 демалыс орталығы, 10 демалыс-сауықтыру лагері, бірегей шипалы балшық және минералды суларымен танымал 5 шипажай мен сауықтыру орындары жұмыс істейтінін, олардың біржолғы сыйымдылығы 2614 төсек-орынға шақталғанын айтқан Болат Дәулетбайұлы көрмеге келуші қонақтарға барынша жайлы жағдай жасалатынын жеткізді. Бұдан соң «Астана ЕХРО-2017» ҰК Ілгерілету және туризм департаменті директорының орынбасары Роза Асанбаева маңызды оқиғаның ұтымды тұстарына тоқталды. – Әлем көз тіккен халықаралық көрменің өту уақыты сәт санап жақындап келеді. Осы орайда ұлттық компанияның алдында үлкен міндеттер тұрғанын айтуымыз керек. Әртүрлі елдерден барынша көп турист тарту арқылы халықаралық көрме үлкен маңызға ие болады. Бастысы, Қазақстандағы туризм дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Бұл көрме отандық туризмнің ұсынатын барлық қызмет салалары үшін жақсы жағдай тудырмақ. Көрмені өткізуден барынша тиімді нәтиже алу үшін ортақ әрекеттер саясаты қажет, – дейді Роза Асанбаева. Сонымен қатар, кеңес барысында облыстағы туризм саласында қызмет көрсететін субъектілер мен «ҰК «Астана ЭКСПО – 2017» АҚ басшылығы арасында ынтымақтастық туралы 5 меморандумға қол қойылды.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».