Құран қауіптен сақтайды
Құран қауіптен сақтайды
Өмірде таңғаларлық ғажайып жайттарға кез болып жатасың. Кейде көңілім әлденеге елегізіп, алаңдайтыным бар. Сондай кезде мүмкіндігінше садақа беруге тырысамын. Сол күні әйтеуір бір келеңсіздік бола жаздап, Құдай сақтап, бәрі жақсы аяқталады. Садақа беру – пәле-жаладан сақтайтынын бір жерден оқығаным бар. Үлкен апаларымыздың жамандықтан сақтайтын, адамның өзін-өзі қорғайтын Құран сүрелері, аяттары болады деп отыратын. Жуырда газет-журнал ақтарып отырып, Мәшһүр Жүсіп туралы мына бір оқиғаны оқып, сол сөздің жаны бар ма деп ойланып қалдым. Бұл оқиғаны Мәшһүр Жүсіптің күтушісі болған Намазұлы Әйтім айтып берген екен. 1928 жылғы жаз қуаңшылық болыпты. Бірақ, соған қарамастан, шөп бітік шығыпты. Бір күндері қалың өрт басталады. Үдей соққан желден өрт өршіп, ауыл адамдары үйлерін тастап, су жағалап кетеді. Сонда өзінің алты қанат ақ үйінен табан аудармай жалғыз Мәшһүр Жүсіп қана қалыпты. Ол алдына үлкен көк Құран кітабын жайып қойып, аса бір салмақтылықпен дұға оқып отыра беріпті. Сөйтіп, әлден уақытта күтушісін шақырып, қолына тілдей қағазға арабша қысқаша дұға жазып беріп, өрт қаулап келе жатқан жерге тастауын сұрапты. Күтуші дұғаны ат үстінен жерге тастап, кейін қайтқанда аспанда оймақтай қара бұлт пайда болып, нөсер жаңбыр басталыпты. Өрт су сепкендей басылады. Кейін күтуші дұға жазылған қағазды алып келуге барғанда одан да бетер таңғалып оралады. Өрт қағазды айналып өткен, бірақ сол жерден көп ұзамай сөнген екен.
Камила Борашова.