Елбасының тапсырмасымен ашылған ғылыми зертхана жастарға мол мүмкіндік береді
Елбасының тапсырмасымен ашылған ғылыми зертхана жастарға мол мүмкіндік береді
Ғылымды дамытпай экономиканы өрге сүйреу мүмкін емес. Бұған дамушы және дамыған мемлекеттердің тарихы жарқын мысал бола алады. Мәселен, Қытай ауқымды экономикалық реформалар қабылдарда ғылыми-техникалық прогрестің қандай ахуалда екеніне мұқият талдау жасады. Елдің өркендеуі мен дамуын қамтамасыз ету үшін ғылымның қандай салаларына көңіл бөлу қажеттігін саралады. Соның негізінде ғылым мен білімді қысқа мерзімде дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірледі. Әлемдегі ғылым саласы бойынша қол жеткізілген жетістіктерді зерделеп, сол тәжірибені елдің ғылыми зертханаларында қолданудың арқасында қазіргі Қытайдың ғылыми-техникалық даму деңгейі Батыс державалармен теңесе бастады. Бұдан қандай ой түюге болады? Бір нәрсені айқын айта аламыз, ол бәсекеге қабілеттілік сол елдің білім және ғылым саласындағы қол жеткізген табыстарына қарай бағаланатыны. Ғылым дамымайынша, экономиканың басқа салалары ілгерілемейді. Сондықтан, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев еліміздің 10 жоғары оқу орнында ғылыми зерттеу зертханасын ашуды тапсырған болатын. Ғылымға серпін беретін зертхана ашу үшін лайықты саналған таңдаулы онның қатарында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті де бар. Елбасының тапсырмасымен ашылған «Зерттеудің наноинженерлік әдістері» атты ғылыми-зерттеу зертханасы 2007 жылы ашылды. Тәуелсіздігімізбен бірге келген басты жетістігіміз де осы. Себебі, бұл қадам өз кезегінде Қазақстан ғалымдарына ғылыми зерттеулерін дамытуда сапалы кезеңге көшуіне түрткі болды. Олар өнеркәсіптік шикізаттар мен қалдықтарды қолдану негізінде, материалдар мен өнімдерді алудың нанотехнологиясын тереңдете зерттеуге мүмкіндік алды. Зертханада жүргізілетін ғылыми зерттеулер 5 маңызды бағытты қамтиды. Оған зертханалық жабдықтар толық мүмкіндік береді. JSM – 7500 F электронды микроскобын қолдану арқылы жануарлар мен өсімдіктер әлеміндегі шикізаттардың әртүрлі үлгілерінің микроқұрылымдық көрсетілімдерін алуға жол ашылды. Жалпы, зертхана аумағы – 1000 шаршы метр. Толықтай дерлік заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мемлекет басшысының ғылымға көңіл бөлуі салаға үлкен серпіліс әкелді. Университетімізде «Технологиялық» факультетінің «Химия және химиялық технология» кафедрасында «Физика-химиялық зерттеу орталығы» оқу-ғылыми зертханасының ашылуы – соның дәлелі. Зертхана бүгінде зерттеу бағдарламалары бойынша халықаралық жобалар аясында кең ауқымды жұмыс жүргізуде. Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков зертхананың шет мемлекеттермен, сонымен қатар «Қазфосфат» ЖШС және «Тараз металлургиялық зауыты» кәсіпорындарымен іскерлік қарым-қатынаста жұмыс істеуі үшін келіссөздер жүргізіп, келісім жасасқан. Мұнда оқу ордасының студенттеріне химия саласындағы білімін тереңдетіп, ғылыммен ұштастыруына мүмкіндік мол. Зертханада зерттеу жұмыстарымен айналысуға арналған 4 аудитория бар. «Спектрометрлік зертханасында» студенттер спектрометр СФ-2000 109-1100 нанометр аралығындағы спектрді жылдам әрі дәл анықтай алады. «Инфрақызыл спектрлі зертханасында» орта және жақын инфрақызыл спектрлерін анықтайтын ИК Фурье спектрометрі бар. Ол қатты, сұйық және газ күйіндегі заттарға сандық және сапалық сараптама жасауға арналған. «Хроматографтық зертханада» Милихром-5 хроматографы қойылған. Ал соңғы «Атомды-эмиссиялық спектрлі зертханада» АЭС-4200 атомды эмиссиялық спектрометр арқылы ауа құрамындағы азотты пайдаланып, заттардың құрамындағы элементтерді анықтауға болады.
Бауыржан Мырзахметов, М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы.