Құқық

Таразда оқ атқан лаңкес емес

Таразда оқ атқан лаңкес емес

облыстық ішкі істер департаменті шұғыл тергеу жүргізуде

Жексенбі күні Тараз қаласындағы 6-ықшам ауданның №18 үйінің тұрғындары жедел эвакуацияланған. Артынша ғаламторда полиция қызметкеріне оқ атқаны туралы хабар таратылды. Алғашында Ақтөбедегі оқиғадан кейін жүректері шайлығып қалған жұрттың үрейі ұшқаны рас. Бірақ, кейін бұл лаңкестік әрекет емес екені белгілі болды.

Тарқатып айтсақ, 19 маусымда 16.30 шамасында «Борышкер» жедел-іздестіру шарасын жүргізу барысында полиция қызметкері қару-жарақ алып жүру деректерін анықтау бойынша тексеріс жүргізеді. Тексеру барысында Тараз қаласындағы ықшам аудандардың бірінде белгісіз біреу полиция қызметкеріне оқ атқан. Жедел ұстау кезінде күдікті жараланады. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі сол сәтінде-ақ жараланғандардың ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған. Мәліметке сүйенсек, атыс кезінде жарақат алған жігіт бұрын сотты болған. Ішкі істер департаментінің діни экстремизммен күрес жөніндегі басқарманың есебіндегі мәлімет бойынша, күдікті діни экстремист ретінде тіркелмеген. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау және оқиғаға қатысқандарды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Дегенмен, бұл оқиғаның салдары жеңіл болмай тұр. № 1 қалалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабековтің берген мәліметіне сүйенсек, атыс кезінде жарақат алған полицейдің жағдайы ауыр екен. Оған жасалған ота жеті сағатқа созылыпты. – Кеше шамамен сағат 18.00-де оқ тиген жарақатымен бізге екі адам түсті. Олардың бірі – полиция қызметкері. Екеуіне де ота жасалды. Қазіргі уақытта олар жансақтау бөлімінде жатыр. Полицейдің жағдайы ауыр, – дейді бас дәрігердің орынбасары. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова да полиция қызметкерінің алған жарақаты ауыр екенін, кеудесі мен мойын тұсына оқ тигенін айтады. «Қазіргі уақытта бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін шұғыл тергеу амалдары жүріп жатыр», – дейді ол.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».