Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ
Олимпиада чемпионы атанған алғашқы қазақ
немесе аңызға айналған әйгілі балуан жақсылық
Он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында Олимпиада ойындарын жандандыру мақсатында біраз әрекеттер жасалды. Нәтижесінде 1859, 1870, 1875 және 1889 жылдары грек спортшыларының ғана қатысуымен бірнеше спорт түрінен дода өткен. 1894 жылдың маусым айында 12 елдің қатысуымен Олимпиада ойындарын өткізу туралы конгресс өз жұмысын өткізді. Оған қатысушылар Пьер де Кубертэннің баяндамасын талқылап, 1896 жылы алғашқы олимпиялық (солай аталған) ойындарын Афины қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдады. Халықаралық Олимпиада комитетінің тұңғыш басшысы болып грек Деметириус Викелас сайланды. Сонымен қазіргі заманғы алғашқы Олимпиада ойындары 1896 жылғы сәуір айының 6 – 15 аралығында Афиныда өтіп, оған 13 елден 311 спортшы қатысты. Содан бері Төртжылдықтың басты додасына қазақтан ең алғаш боп 1964 жылғы Олимпиада ойындарында (Токио) қазақ аруы, жеңіл атлет Алданыш Рамазанқызы қатысыпты. бүгінгі санынан бастап, «Ақ жол» газеті өзінің жаңа жобасы бойынша, жамбылдық олимпадашыларды оқырмандардың назарына ұсынуды жөн санап отыр. Ендеше, іске сәт!
Сынақтан
құтқарған – күрес
Алаш баласы әрқашан ту көтеріп, тізгін ұстауы керек. Бұл – бабалар аманаты. Елдің рухын асыратын үлкен оқиғалардың бірі әрі бірегейі – спорттық додалар. Ұлттың ұланы әлемдік деңгейдегі сында атой салса, күллі алаштың төбесі көкке көтерілетіні сөзсіз. Қылышынан қан тамған кеңестік кездің өзінде қазақ жұрты сондай батырын күтті. Ұзақ тосты. Өйткені тоталитарлық жүйенің жандайшаптары қазақтан Олимпиада чемпионының шыққанын қалады дейсіз бе? Әрине жоқ. Десе де, Жақсылықтың бойындағы өршіл рух, қайтпас қайсар мінез, тынымсыз іздену, шүмектеп төгілген тер, алапат күш қазақ баласының алар асуын асқақтатты. Иә, Жамбыл жерінің тумасы Олимпиадада атой салар ма еді, салмас па еді, оны кім білген. Тек мына оқиға болмағанда... 1968 жылы Жақаң Семейге, зооветеринарлық институтқа оқуға түседі. Алғашқы курстың өзінде Үшкемпіровтің алдынан үлкен мәселе кесе-көлденең шығады. Оңтүстікте, қар қалың түспейтін Жамбыл жерінде туған ол шаңғы спортынан сынақ тапсыруға тиіс. «Алғашында мені оқудан шығарып жібереді-ау деген ой болды. Не болса да жаттықтырушымен тілдескен жөн деп шештім. Ол: «Күрестен жеңе алсаң, сынақтан өтетін мүмкіндігің бар», – деді. Үш қарсыласты жер бауырлатып жеңдім, тіпті олардың бірі спорт шебері атағына үміткер екен. Жаттықтырушы маған еркін күрес секциясына жазылуға кеңес берді. Жарты айдан соң институт біріншілігіне қатыстым. Сол кезде өмірімдегі алғашқы турнирде топ жардым». Бұл – Жақаңның БАҚ беттеріне берген сұхбаттарының бірінде айтқан сөзі. Кейіннен классикалық күрестегі белгілі жаттықтырушы Роман Ильматов дәл сол уақытта ең жеңіл салмақтағы (48 килограмға дейін) халықаралық жарыстарға дайындау үшін өзіне шәкірт іздейді. Жақаң жаңа спорт түрін меңгеру үшін осы кісінің қол астына өтеді. Бірнеше айдан соң Үшкемпіров республика жүлдегері атанады. Ильматов Жақаңа арнайы бағдарлама да әзірлепті. Сол бір аумалы-төкпелі шақта сынақ орнына күрес көмектеспегенде Жақаң әйгілі балуан болмас па еді... «Қонаев болмағанда олимпиадаға бармайтын ба едім»
Әсілінде, дүйім ел қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Олимпиада ойындарында алаш атын алғаш аспандатқан Жақсылық Үшкемпіров деп біледі. Ол кезде қазақ спортшысының Олимпиада ойындарына қатысуы мұң болатын. Ұлтшылдықтың өрті алабөтен өршіп тұрған кезде 1976 жылғы Монреальдағы Олимпиада ойындарына Алексей Шумаковты «таңдап» алулары да соның көрінісіндей. Ол туралы Жақаң өзі кезінде былай депті: – Іштей күйіндім. Мен үш дүркін Кеңес Одағының чемпионы атандым, ал Олимпиада ойындарына бір рет қана бардым. Сондай-ақ бір кездері әлем чемпионатында өнер көрсеткенмін... КСРО чемпионаты мен спартакиадасында жеңіске жеткеніме қарамастан, мені 1976 жылы Монреальда өткен Олимпиадаға қатыстырмады. Ол кезде менің жасым 25-те болатын, бойымдағы күш-қуатымның жанып тұрған кезі. Бірақ жаттықтырушылар штабы Одақ чемпионатында мен жеңген Красноярск өкілі Алексей Шумаковты команда сапына алды. Мен қатты ренжіп, күресті тастап кеттім. Бірақ бір күндері Қазақстан спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақпаев мені республика басшысы Қонаевтың алдына әкелді. Дінмұхамед Ахметұлы менен күреске қайта оралуымды өтінді: «Сенің өнеріңді барлық қазақстандықтар назарда ұстап отыр, ал сенің жекпе-жекке шыққың келмейді. Иә, Олимпиадаға қатыса алмадың. Енді 1980 жылы сен барасың. Мен сен үшін жанкүйер боламын», – деді. «Жарайды, – дедім, – Димаш ата, егер сіз қолдайтын болсаңыз, мен белдесулерге шығамын». 1977 жылы Одақ бойынша – үшінші, 78-79 жылдары – екінші, ал 1980 жылғы чемпионатта жеңіске жетіп, Олимпиадаға баратын команда құрамына ендім. Қазіргі Байзақ ауданы, Тегістік ауылында 1951 жылы дүниеге келген, 48 келі салмақ дәрежесінде Мәскеу Олимпиадасында атой салған Жақсылық Үшкемпіров ол кезде ақша үшін емес, абырой үшін белдескенін айтады. Олимпиада ойындарынан бөлек, 1981 жылғы әлем чемпионатында қарсыластарынан бір бас жоғары болған Жақаң тіпті салмақты бір қалыпта ұстап тұру үшін он бес жыл бойы түйір нан да ауыз тимепті. Спорттық бапта болу, салмақты ұстап тұру қаншалықты мехнаты мол тірлік десеңізші... «Одақ құрамасына кімдер енді? Чемпионаттар мен Олимпиадаларда жеңіске жетеді-ау дегендерді ғана алды. Қайталап айтамын, жеңіске жетеді дегендерді. Алтын алып, әрине, сыйлықтарға ие болдық. Бірақ қандай? Мәскеудегі Олимпиада үшін маған 5 000 рубль берді. Сондықтан да, біз үшін ақша емес, абыройымыз маңызды болды. Ол кезде Олимпиада чемпиондарының аты басты назарда болмады. Тек қана еліміз егемендігін алған тұста ғана мені баспасөз өкілдері сұрақтың астына алып, мен туралы көп жазып, тағдырыма қызығушылықпен қарайтын болды... Қазір Олимпиада чемпиондарына ширек миллион долларлап сыйақы беріп жатыр. Қосымша демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар да табысталады. Құдайға шүкір! Мен қазіргі ұрпақтың айтулы жетістіктеріне шексіз ризамын!» Талай қиындықтан өткен Жақсылық Үшкемпіров осылай дейді...
Алаш күткен алтын
Мәскеу Олимпиадасының алғашқы жарыс күні Жақаңа оңай соққан жоқ. Жеребенің қаталдығы сол – үш дүркін әлем чемпионы Жақсылыққа румын балуаны Константин Александру түседі. Қазақ батыры өмірінде алғаш рет қамығады. Жанарын мұң торлайды. Жақаңның жағдайын сезген Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Валерий Резанцев: «Мықты қарсылас деймісің? Тамаша. Ендеше ә дегенде оны жеңсең, келесілерінде әлдеқайда оңай болады», – дейді Үшкемпіровті рухтандырып. Ол қарсыласынан басым түседі. «Жарты сағат бойы өз-өзіме келе алмай қиналдым. Кейін маған Қуаныш Сұлтанов жақындап, менімен Министрлер Кеңесінің төрағасы Байкен Әшімов сөйлескісі келетінін жеткізді. «Алтынды ала аласың ба, Жәке?» – деп сұрады ол менен. «Өлсем де ұтамын!» – дедім мен. Сол кезде ол маған бір көмек керек я керек еместігін сұрады. Көптеген шенеунік менің жауабымды күтіп, үнсіз тұр. Пәтер немесе көлік сұрайды деп ойлаған шығар. Мен бір кесе қымыз сұрадым. Бәрі күлкіге қарық болды», – деп еске алады сағымдай селдіреген сол кезді чемпион. Келесі белдесуде Үшкемпіров өзіне етене таныс поляк Роман Кирпачты жеңді. Үшінші шайқаста Жақаң венгр Ференц Серешті оңай жықты. Ақтық айқас алдында Үшкемпіров әдетте баскетболшылардың біреуі ұйықтайтын үлкен төсекке барып тынығады. Бірнеше сағаттан соң барлық спортшыларды ұйқыдан оятқанда, Үшкемпіровті ұмытып кеткен. Оны жәй ғана байқамайды. Қазақ батырын белдесуге жарты сағат қалған кезде оятады. Спортшыға автобуста қыздырынуға тура келді. Ақтық шайқас. Үшкемпіров болгарлық Павел Христовты 12:7 есебімен тізе бүктіреді. «Менің қуанышымда шек жоқ. Тұғырдың ең биік сатысында тұрғанымда осының бәрі түс секілді болып кетті. Қаншама жылдар... ауыру, жарақаттар, физикалық және психикалық қысым. Соның барлығының өтеуі – осы сәт. Олимпиадашылар Алматыға қайтпай тұрып, олимпиадалық елді мекенде Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады. Осы аралықта Жақаңның ұлы дүниеге келеді. Надежда Пахмутова, Николай Добронравов осы оқиғаға байланысты өлең жазып, Олимпиада чемпионынан баласын Мәскеу Олимпиадасы символының құрметіне Михаил деп атауын сұрайды. Жақаң жылы жымиып: «Одан да Жеңіс атайын!» – деп үн қатыпты. Елге оралған соң Жақсылық бастаған олимпиадашыларды салтанатпен қарсы алады. Елдің бәрі батырын жеңісімен құттықтап әлек. Ел тізгінін ұстаған Д. Қонаев та жеңімпазды қабылдап, құрмет көрсетеді. Араға бір жыл салып, ол тағы бір арманына қол жеткізеді. Әлем чемпионатының ақтық айқасында түрік оғланы Салих Бораны 8:0 есебімен ойсырата ұтып, әлем чемпионы атанады.
түйін
Жақсылық Үшкемпіров – аңыз адам. Иә, кеңестік кезеңде небір қиындықты көрсе де, қыңбаған, солақай саясаттың салқынына «сынбаған» Жақаңның ерлігі – жас ұрпаққа үлгі. Өкініштісі, Атланта Олимпиадасында Қазақстаннан Юрий Мельниченко сынды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы шыққанымен, күрестен қазақ баласынан әлі күнге Олимпиадада атой салатын саңлақ көрінер емес. Отыз алты жыл... Екі кәмелеттік жас... Бәлкім, осы бір сәтсіздік биыл бұзылар... Кім білсін. Әйтеуір, қазаққа рухы өр, тәні бекем бір Үшкемпіров керек екені анық...
Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».