Жаңа экономикалық ахуал қарсаңында
Жаңа экономикалық ахуал қарсаңында
Мемлекет басшысы XX Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық мәжілісіне қатысты «Жаңа экономикалық ахуал қарсаңында» деген тақырыппен өткен пленарлық мәжіліске Ресей Президенті В.Путин және Италия Премьер-Министрі Р.Ренци қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушыларға арнаған сөзінде соңғы жылдары әлем тоқтаусыз тербелген жаһандық дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқанын атап өтті. – Әлемдік экономиканың өсімі жөніндегі байыпты болжамдардың өзі көбінесе орындалмай жатады. Таяу жылдардағы жаһандық экономиканың өсіміне қатысты сарапшылардың бағасы үнемі төмендеп келеді. 2016 жылы дамушы нарықтан капиталдың рекордтық мөлшерде – 450 миллиард долларға дейінгі жылыстайтыны болжанып отыр. Сонымен қатар экономиканы дамытуға капитал құю оның қосымша өсуіне кепіл бола алмайды. Шикізат бағасының құлдырауы барлық экспорттаушы елдердің кірістерін айтарлықтай төмендетті. Алайда, импорттаушы елдерде дефляциялық қысым күшеюде. Кірістің кіруі барлық өндіруші компанияларда күрт азаюда. Барлығында ұтылған жағдай қалыптасты. Үкіметтер мен орталық банктерде экономикалық белсенділікті жандандыратын мүмкіндіктер азаюда. Азаматтардың, оның ішінде әлемнің дамыған елдеріндегі орта таптың тұрмыс сапасының жаппай төмендеуінің қатері байқалады. Бұл үрдіс әлеуметтік шиеленістің артуына себеп болуда. Бүгінде біз мұны әлем бойынша – Батыста да, Шығыста да, Солтүстікте де, Оңтүстікте де байқап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті экономикалық және саяси ахуалдың нашарлауы жағдайында әлем бақылаусыз сыртқы көші-қон проблемасына ұрынғанына назар аударды. – Түрлі халықаралық құрылымдардың бағалауынша, кедейлік пен қақтығыстардан қашқан босқындардың жалпы саны 40 миллион мен 60 миллион адам аралығында құбылып тұр, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы институттарының жаһандық дағдарыстың бастапқы кезеңінен уақтылы сабақ алуға құлықты болмауы әлемдік экономика проблемаларының басты себептерінің бірі екенін атап өтті. – Халықаралық қаржы жүйесін реформалау туралы әңгімелер көп жағдайда тек сөз күйінде қалуда. Жарылған «қаржы көпіршіктерінің» орнына тоқтаусыз жаңасын «үрлеуден» пайда табудың соңына түсу күшінде қалуда. Қазіргі кезде барлық бәлені интеграция мен жаһанданудан көру үрдісі қалыптасты. Шекараға биік дуалдар салуға шақырған үндеулер барлық тұстан естілуде. Бірақ, егер әділеттілік тұрғысынан қарасақ, жаһандық экономика интеграцияның молдығынан емес, керісінше, оның жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президентінің айтуынша, көптеген мемлекетаралық қондырмалардың бюрократталғаны соншалық, ұлттық экономикаларға кедергі келтіруде. – Осы бюрократизм Еуропада да, Америкада да, Азияда да интеграцияға мүлде қарсылықты күшейте түсуде. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ ең жас мемлекетаралық бірлестік ретінде осы қатерді ескеру керек. Дезинтеграция және экономикалық оқшаулану ішкі проблемалардың бірде- біреуін шешпейді. Бұл өзін-өзі алдау ғана болады. Еуразиялық экономикалық одақ тиімді және тұрақты Еуропалық одақтың болғанына мүдделі. Біріккен Еуропа үшін де біздің интеграцияланған бірлестігімізбен сындарлы ынтымақтастық орнату тиімді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл ретте Мемлекет басшысы қазіргі интеграциялық бірлестіктердің кейбір нормалары оларға кіретін елдердің экономикалық даму қарқынын тежей бастағанын айтты. – Мұндай бірлестіктерге мүше елдердің ұлттық экономикасының бір бөлігінің деиндустрияландырылуы және елдер арасындағы «еңбек бөлінісінің» әрдайым әділетті бола бермеуі сол қалпы жалғасуда. Жекелеген мемлекеттердің қандай да бір интеграциялық бірлестікке кірмеген көршілерімен өзара тиімді экономикалық іс-қимылдарына келсек, арада өткел бермес кедергілер бой көтергені байқалады. Олардың қатарына технология алмасуға тыйым салу үрдісінің күшеюін жатқызуға болады. Кабинеттерде ойлап табылған небір біржақты стандарттар қолданылуда. Олар бюрократиялық қондырмалар тарапынан рұқсат етілмеген тікелей инвестицияларды шектеп отыр. Бұл – біздер үшін Еуразиялық экономикалық одақтың дамуы барысында ескеру қажет тағы бір өмірлік маңызы бар сабақ, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев төртінші индустриялық төңкеріске тым таяп қалған әлемдік экономиканың жоғары қарқыны интеграциялар интеграциясы туралы мәселе туындатып отырғаны жөнінде пікір білдірді. – Бүкіл Үлкен Еуразияның да, жалпы тұтас әлемнің де дамуына серпіліс беру жолында Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық кеңістіктерін ұштастыру зор әлеуетке ие. Мен осындай үдерістің берік жақтаушысы болдым және солай болып қала берем, бұл мәселені еуропалық әріптестерімізбен кездесулерде үнемі көтеріп келемін. Петербург экономикалық форумына Еуропаның ірі компанияларының көптеген басшыларының және Еуропалық комиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер мырзаның қатысуы ЕО мен ЕАЭО арасындағы тікелей диалогтың басталуын жеделдетеді деп үміттенемін. Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұлы Жібек жолының Экономикалық белдеуі арасындағы экономикалық өсімнің ортақ бағыттарын қалыптастырудың перспективалары ғаламат, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті тағы бір маңызды жоба ЕАЭО мен АСЕАН ұйымдары арасындағы өзара тығыз іс-қимыл екенін айта келіп, Ресейдің бастамаларына қолдау білдірді. – Интеграциялар интеграциясы әлемді кейбір елдердің кіммен қауымдасып, ынтымақтасу керектігі жөнінде жалған таңдауға ұрынғанындай қателікті қайталаудан құтқаратынына мен сенімдімін. Ең алдымен біздің интеграциямыздың өзара ықпалдастығына негіз болатын, баршаға бірдей қолайлы қағидаттарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Меніңше, саяси конъюнктураның кез-келген көрінісінен экономикалық прагматизмнің айқын басымдылығы маңызды болуға тиіс. Экономиканы саясаттың, өңірлік және жаһандық амбициялардың «өгей баласына» айналдырғысы келетін ахуал қалыптастыру, меніңше, ХХІ ғасырда табиғи заңдылыққа қайшы. Бір-біріне қарсы санкциялар салу мысалынан біз бұған айқын көз жеткізіп отырмыз. Бұл жаһандық экономиканың дамуын айтарлықтай қиындатады, олардың заңына бағынбайтындай көрінетін дамушы нарықтарға теріс әсерін тигізеді. Интеграциялар интеграциясынан мен әлемді сауда преференцияларының кейбір тар аймақтары арасында «сүйрету» әрекетінің нақты баламасын көріп отырмын. Бұл тұрғыдан алғанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі мен маңызын төмендету емес, керісінше арттыру маңызды. Мұның бәрі жаһандық сауданың өсуі мен ғылыми-технологиялық алмасуға септігін тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстанның экономикаға қатысты бастамалары жөнінде айта келіп, Мемлекет басшысы Ресейдің және ТМД-ның өзге елдерінің инвесторларын бүкіл өңірдің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдайлар қалыптастыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына қатысуға шақырды. Соңында Қазақстан Президенті форумға қатысушылардың баршасына табыс тіледі.